Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

Өскемендіктер Конституция күні мерекесін атап өтіп жатыр

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өскемендіктер Конституция күні мерекесін атап өтіп жатыр

Қолдарына түрлі-түсті шар ұстап, ерекше көңіл-күймен қаланың қақ ортасындағы Республика алаңына жиналған халықты облыс әкімі Даниал Ахметов мерекемен құттықтап, лебізін жеткізді.

«1995 жылғы 30 тамыздағы жалпы халықтық референдумнан кейін қабылданған негізгі заңымыз еліміздің дамуына тың серпін берді. Ата заңымыз Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында демократиялық қоғамның дамуына берік негіз болды. Әрине, бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін атап өтпеске болмайды», деді аймақ басшысы.

Бұл күні орталық алаңда бүлдіршіндер құрметіне әртүрлі ойын алаңдары жұмыс істеді. Сонымен қатар әртүрлі промоакциялар, спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Мерекеге келген жұрт облыс әкімінің симфониялық оркестрі мен Байжігіт атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің және «Инкоро» вокалдық тобының өнерін тамашалап, ауыл шаруашылық жәрмеңкесінен азық-түлік өнімдерін сатып алды.

Достық үйінде «Мектепке - жол» акциясы аясында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған балғындарға оқу құралдары таратылды.

Бүгін облыс орталығында мерекеге орай 100-ге жуық іс-шара жоспарланыпты.

Мерекелік шаралар шаһардың әр аумағында әлі де жалғасып жатыр.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН