Медицина • 04 Қыркүйек, 2018

Балалар құқығын қорғау – маңызды

1558 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде жыл басынан бергі 8 айдың ішінде балаларға қатысты 78 зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында Парламент Сенатының депутаты, Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева мәлім етті. 

Балалар құқығын қорғау – маңызды

«Балаларға қатысты оқи­ға­лар­дың көпшілігі сексуалды сипатта болған. Баланы өлтіру де, балалардың өз-өзіне қол жұм­сауы да бар. 124 бала биыл өмір­мен қош айтысты. 2008 жыл­ғы екі бала өздері қылмыс істеді», деді Бала құқықтары жөнін­дегі уәкіл. Айтуынша, мұндай жағдайдың алдын алу мақ­сатында жауапты органдар тың жоспар әзірлеуде. «Бұл жағ­дай­лар неден болып жатыр? Осы­ның бәріне бір жауап іздеуі­міз керек. Осы ретте еліміз­дің Ішкі істер министрлігі, Бас про­куратурасы, Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, жос­пар жасады. Жоспарда жас бала­лар қалай жүріп, қалай тұруы керектігі толығымен жазыл­ған. Бала мен ата-ана зорлық-зом­былыққа тап болмас үшін қан­дай жұмыс жүргізу керек? Құ­қық қорғау органдары қандай шара­ларды қолға алуы тиіс? Осы мәселелерге қатысты жұмыс­тарды қайтадан жаңартып жатырмыз», деді С.Айтпаева

Елдегі балалардың құқық­тарын қорғау жүйесін жетілдіру және дамыту мақ­сатында Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Президентінің Жарлығымен 2016 жылдың 10 ақпанында Бала құ­қықтары жөніндегі уәкіл инс­титуты құрылған болатын. Атал­ған институт өз қызметін қоғамдық негізде іске асырады.

Жиында С.Айтпаева Қазақ­стан Республикасының Бала құ­қық­тары жөніндегі уәкілі болып та­ғай­ын­далғаннан бері қандай жұ­мыстар атқарылғанын айтып берді.

«Біз Алматы қаласында бірін­ші рет үкіметтік емес ұйым­дармен бірге бірлескен диалог өткіздік. Оған Білім және ғылым министрі, Денсаулық сақтау министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қатысты. Сонымен бірге Орал қаласында балабақшалардың жұмысына қатысты мәселе болатын. Бұл мәселені арнайы сол жерге барып шештік. Оған Батыс Қазақстан облысының әкімі қатысты. Балалар жедел түрде балабақшаларына қайтарылды», деді С.Айтпаева. Оның айтуын­ша, Бала құқықтары жөнін­дегі уәкілдің айналысатын не­гізгі жұмыстарының бірі – аза­маттардың өтініштері мен ша­ғымдарын қарау. «Екі айдың ішінде 80-ге тарта өтінім келіп түсті. Өтінімдерді парақтап отырып, қандай ойға келуге болады? Біріншіден, отбасылық қарым-қатынас пен алименттік міндеттемелердің, әлеуметтік және тұрғын-үй бойынша құ­қықтық, балаларды тәрбиелеу мәселелері өткір тұрғанын байқауға болады. Шағымдарды қарай отырып, Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі ретінде мен қазіргі қолданыстағы заңнаманың талаптарын өтінім берушілерге түсіндіре отырып, мемлекеттік органдарды, ми­нис­трліктерді мәселені шешуге ара­ластырудың немесе билік өкіл­дерінің әрекет етуі мен етпеуінің себебін түсіндіріп беремін. Жер­гілікті атқарушы органдар күн­делікті өмір көрсетіп отырған­дай, азаматтардың заңнамалық құқықтары мен мүдделерін түсін­діріп бермейді», деді С.Айт­паева.

Статистикалық мәліметке сү­йенсек, бүгінде республикада 5 623 387 бала бар. Оның ішінде мектепке дейінгі жастағы бала­лар саны – 2 254 538. Ал 3 050 770-і – мектеп жасындағы бала­лар, 545 298-і (18 жасқа дейінгі) – білім алушы жастар. Сондай-ақ 26 672 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»