Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2018

Еңселі мешіт бой көтерді

665 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы №20 шағын ауданда 630 адамға арналған мешіт пайдалануға берілді

Еңселі мешіт бой көтерді

Алла тағаланың жердегі үйі­нің ашылу салтанатына Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, аймақ бас­­­шы­сы Құмар Ақсақалов, Пар­ла­мент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов, Мәжіліс депута­ты Абай Тас­болатов, респуб­ли­­ка­мыз­­­­дың өзге өңірле­рінен, Ре­сейдің шека­ра­лас аймақ­­тары­нан қонақтар қатысты.

Жиналған қауым алдында Құмар Іргебайұлы, Ерік Хам­заұлы сөз сөйлеп, еңселі ме­шіт­тің бой көтеруі жа­мағат үшін айтулы оқиға саналатынын, бір шаңырақ астын­да тұрып жатқан түрлі діни кон­фессиялардың ті­легі ел бір­лігі екенін жеткізді. Бас мүфти С.Ораз ғибадатханаға қа­сиет­ті Құран Кәрімді тарту етті. «Қызылжар орталық ме­шіті­нің» наиб имам қызметін ат­қа­рып келген Қасымхан қа­жы Исаевтың бас имам болып таға­йын­далғанын жария етті. «Ақ ниет» қоғамдық қо­ры қамқор­шылық кеңесінің төр­ағасы Құ­дайберген Қалиев 1,4 гектар жер бөлініп, құрылыс жұмыстарына жекелеген адамдар, кәсіп­кер­лер, кәсіпорындар қаражат­пен көмектесіп, сауапты іс атқар­ған­дарын айтты. Басқа да құттық­тау­шылар да өз лебіздерімен бө­­лісті. Сөз арасында Кәрібай Шая­хин басқаратын «ПМК-5» ЖШС-нің бас мердігерлік мін­детін мінсіз атқарғанын айта кеткен жөн.

Жобаның авторы әрі бас сәулетшісі Сағындық Жанбұ­ловтың айтуынша 2,7 мың шаршы метр аумақта орналасқан ғимаратты салуда бірегей сәулет үлгісі басшылыққа алынған. Дәс­түрлі мұсылмандық және қазақы элементтер тоғысқан. Іші-сырты ою-өрнектермен әшекейленген. Ақшыл сары түспен боялып, қа­­ладағы айшықты орынға ай­налған. Үш деңгейлі, алтын түс­тес күмбездер мен биіктігі 33 метр­ді құрайтын симметриялық көпқырлы төрт мұнарасы, неке қию залы, автотұрақ, 500 орын­­дық асхана, діни рәсімдер орындалатын арнайы орындар бар.

Алдағы уақытта мешіттің маңайына субұрқақ орнатылып, кіші саябақ ашылып, абаттандырылатын болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы