Мазмұны терең іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» бағыты бойынша қолға алынған. Отпан тау кешенінен бастау алған шара мақсаты – Ашықаспан астындағы мұражай атанған өңірдің баламасыз жәдігерлерін көпке насихаттау. Акция үш кезеңнен тұрады. Алғашқысы – Жастар орталығында киелі жерлерге бару жоспарын айқындап алу. Кейінгісі – С.Қондыбай облыстық мұражайын аралау. Соңғы бөлімі белсенді жастардың киелі орындарға барып, зиярат етуімен түйінделеді.
Маңғыстаудың қай жеріне барсаңыз да кие қонып, қасиет дарыған. Алақандай Шетпенің айналасында Балажан ана, Қамысбай ата, Есен ата сынды әрі туристік, әрі рухани ордалар бар. Жастар бірінші және екінші кезеңді аяқтап болған соң, жоғарыда аталған тарихи орындарды «Жасыл ел» еңбек жасақшылары мен жастары болып аралады.
Бүгінгі жастар – ертеңгі болашағымыз. Біз жастарды осындай тарихи орындарды аралатуға әкеліп, олардың бойында патриоттық тәрбиені нығайтып отырмыз деп айта аламыз. Акция құрамы «Жасыл ел» мүшелері, жастар үйірмесі өкілдері және студенттерден құралды. Көпшілігі алғаш рет Ашықаспан астында орналасқан жәдігерлерді аралап, тарихымен етене танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ жас суретшілер өз көзімен көрген көріністерді суретке түсірді. Туған өлкесін тануға келген оқушылар ұйымдастырушылар алқасына дән риза. Жеткіншектер ішінде мұндай орындарды бұрын-соңды көрмегендері де бар. Сондықтан алған әсерлерін сөзбен жеткізе алар емес. Қайырымды істің Алладан қайыры болады. Мұндай саяхаттар оқушылардың патриоттық сезімін нығайтып қана қоймай, үлгерімі нашар шәкірттердің ілім-білімге деген қарым-қабілетін ашады. Біздің басты мақсатымыз – оқушыларды жақсы оқуға тәрбиелеу. Біз қашанда бәрін қолдауға дайынбыз», дейді «Жасыл ел» еңбек жасағының үйлестірушісі Қалампыр Төлегенқызы.
«Киелі жерлерді таныту біздің ортақ парызымыз». Осылай деген ұйымдастырушылар қашанда білімді жастар мен туған жерін сүйетін патриоттарды қолдауға дайын. Сондықтан да бүгінгідей шараны алдағы уақытта дәстүрге айналдырмақ ниетте.
Гүлсім НҰРМАҒАНБЕТОВА,
Жастар орталығының маманы
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы