Әдебиет • 04 Қыркүйек, 2018

Шетелдік жазушылар Алматыда бас қосады

740 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

10-12 қыркүйек күндері Алматыда жазушылардың халықаралық форумы өтеді. Еліміздің әдеби өміріндегі осы айтулы оқиға қарсаңында біз аталған шараны ұйымдастырушы, халықаралық қазақ ПЕН-інің президенті Бигелді ҒАБДУЛЛИНДІ жолықтырып, бірнеше сұрақ қойған болатынбыз.  

Шетелдік жазушылар Алматыда бас қосады

– Бұл ауқымды халықаралық іс-шараға қанша елден жазушы келеді деп күтілуде және басқосуды қандай тақырыпқа арнамақсыздар?

– Ең әуелі аталған форумды халық­аралық қазақ ПЕН клубы ұйым­дастырғалы отырғанын айта кетейін. Ал оған 17 мемлекеттен, оның ішінде Франция мен АҚШ-тан, Англия мен Польшадан, Израиль мен Қытайдан, Палестина мен Түркиядан, Моңғолия мен Германиядан, Чехия мен Ресейден, т.б. елдерден аса көрнекті сөз зергерлері келеді деп күтілуде. Форум бүгінгі күннің аса көкейкесті тақырыбына арналып отыр. Ол «Өзгермелі әлемдегі қазіргі заманғы әдебиеттің рөлі» деп аталады. Жиналған қауым осы мәселені күн тәртібіне шығарып, жан-жақты талқы таразысына салатын болады.

– Қазақстанның әдеби өмірінде дәл осындай ауқымды халықаралық шара көптен бері болмағаны анық. Бұл идея басыңызға қалай келді?

– Сөзіңіз орынды, мұндай әдеби форумдар елімізде көптен бері ұйым­дастырылмаған еді. Есіме 1973 жылы Қазақстан Жазушылар одағы өткізген Африка-Азия конференция­сы түсіп отыр. Сол уақыттан бері бұл тұрғыда тыныштық орнағаны рас. Ал мұндай форум өткізу туралы идея осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани сананы жаңғырту» бағ­дар­­ламалық мақаласын жариялаған кезде пайда болды. Елбасы аталған мақаласында былай деген болатын: «...Егер біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасынан қайталанбас орны бар ұлт ретінде орын алғымыз келсе, онда тағы бір жобаны – «Қазіргі заманғы Қазақстанның мәдениеті жаһандық әлемде» жобасын жүзеге асыруға тиіс­тіміз. Әрине, бұл жерде әңгіме «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы туралы болып отыр. Халықаралық қоғамдастық бізді мұнай ресурстары мен сыртқы саяси бастамаларымыз ғана емес, сондай-ақ мәдени жетістіктеріміз арқылы да білгені жөн ғой деп ойлаймын.

Осы идеяны мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке жеткіздім. Мәдениет мәселелерін аса жақсы түсінетін адам ретінде ол көмек қолын созуға бірден келісімін берді.

– Осындай кең ауқымды шараның басқа да ұтымды тұстары болатыны айқын ғой?

– Әдебиет өзінің тегі бойынша ұлт­­тық құбылыс болғанымен, ол шекара дегенді білмейді және ұлттық, сондай-ақ халық­аралық сипаттағы қиындықтарға қара­мас­тан, халықтар арасындағы үнқатысу құралы болып қалуы тиіс. Сон­­­дықтан жазушыларымыз бірінші кезекте шет елдерден жаңа достар тапса, сырттағы әріптестерінің өмірі мен шы­ғармашылығынан хабардар болса, жаңа идеялар алса, өздеріне жаңа әдеби аудармашылар іздесе деген оң ниетіміз бар.

Шетелдік жазушылардың да өздері үшін жаңа ел, жаңа әдебиет ашқан­да­рының да маңызы айтарлықтай болса керек. Өйткені олар елімізді осы күнге дейін негізінен әде­биетіміз бен мәдениетіміз емес, өзге өмірлік өлшем­деріміз бойынша біледі емес пе.

– Енді форумның тақырыбы туралы толы­ғырақ айта кетсеңіз. Сіз не себепті дәл осы тақырыпты таңдадыңыз?

– Біздің кездесуіміздің «Өзгермелі әлемдегі қазіргі заманғы әдебиеттің рөлі» тақырыбы – аса көкейкесті тақырып. Ол туралы бүгінде адамзаттың ерекше ақыл-ой иелері: философтар, жазушылар, ғалымдар және басқалар жазып та, айтып та жүр. Біз өзгермелі әлем туралы сөз қозғағанымызда, әңгіме бірінші кезекте жаһандану мәселесін меңзейтіні түсінікті. Оның тұтастай адамзат мәдениетіне ықпал ететіні талассыз. Бірақ біздің алдағы әңгімелеріміз, тұ­тастай алғанда, жаһанданудың әдебиетке қалай ықпал ететіні туралы болмақ.

Мен көлденең тартқан проблема аса күрделі. Бүгінгі жаһандану үдерістері белең ала түсіп отырған тұста ұлттық біртектіліктің көрініс беруі соншалықты сезілмейді. Және бұл түсінікті де, ағыл­шындық әлеуметтанушы Ник Стивенсонның дұрыс байқағанындай, біртектіліктің құрам­дастарын іздеу үздіксіз жалғасу үстінде.

Бұл проблеманың көкейкестілігі сонда, жаһандану дәуірінде өмір сүріп жат­қан­дықтан да болар, біз қалайық, қа­ламайық, еріксіз жаһандық мәдени өзгерістердің қаты­сушыларына айналып отырмыз. Жаһандану қазіргі әлемге бұрын кездеспеген ерекше бір серпін беріп, ұлттар мен ұлттық мемлекеттер үшін (оның ішінде жас мемлекеттер үшін де) тіршіліктің өзіндік бір сынағы бо­луда. Ол тек қоғамның әлеуметтік-эко­но­микалық және саяси дамуына ғана емес, сондай-ақ культурологиялық аспек­тілеріне де айтарлықтай ықпал етіп отыр.

Сондықтан осы тақырыпқа неге әңгіме қозғамасқа?

– Алматыға шетелдік атақты жазушылардан кімдер келмекші?

– Шынын айтқанда, олардың бәрінің дерлік үлкен әдебиет әлемінде атақтары жер жарады десем, қателеспейтін шығармын. Мен 2019 жылғы Нобель сыйлығының номинанты Атанас Ванчев де Трасси (Франция), әлемге әйгілі жазушылар Януш Вишневский (Польша), Сэндоогийн Хадаа (Моңғолия), Ханаан Аваад (Палестина), Алексей Цветков (Ираиль), Юсуф Амине Элалами (Марокко), Бақыт Кенжеев (АҚШ), Сергей Гандлевский (Ресей) сынды аса көрнекті жазушыларды шақыру қолымнан келгенін мақтан тұтамын.

Айтпақшы, форумның үшінші күні – 12 қыркүйекте ҚазҰУ-дің Ө.Жол­дасбеков атындағы Студенттер сарайында қазіргі заманның атақты ақындарының қатысуымен үлкен поэтикалық кеш өте­тінін әдебиет сүйер қауымның қаперіне саламын.  

Әңгімелескен Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан»