Еліміз өнерінің алтын қорына жазылып, ерекше реңкімен, жағымды әуезімен жүректерге ұялаған Әсет Бейсеуов әндері өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді.
Алматыда Ұлттық кітапханада өткен белгілі қаламгер, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тұрсынбек Ешенқұловтың «Жүрегі ән деп соғатын» кітабының таныстырылымы барысында Әсет Бейсеуовтің сырға толы әуезді әндерінің тарихы мен шығармашыл тұлға өмірінің ерекше бір сәттері жайында естеліктер айтылып, автор жинақтаған басылымға қатысты тұщымды пікірлер ортада тоғысты.
Алматы қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен «Arna-b» баспасынан жарыққа шыққан кітап композитордың туғанына 80 жыл толуына орайластырылып отыр. Кітапты жинақтауға екі-үш жыл уақытын арнаған автор композитордың өзімен, отбасымен етене жақын араласып, шығармашылығының ғұмыршаң болуына тілектестік білдірген Кәкімбек Салықов, Мұзафар Әлімбаев, Нұрғиса Тілендиев, Тұманбай Молдағалиев сынды тұлғалардың естеліктерін арнайы жазып алған екен.
Іс-шараны жүргізген «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай Әсет шығармашылығының ерекше бір тұстарын тілге тиек етіп, мазмұнды естеліктерге сөз кезегін ұсынып отырды.
«Әсетпен 1965 жылдардан бастап етене араласа бастадым. Ол жылдарда Үңгіртастағы мектеп-интернатта директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарымын. Әсет аудандық мәдениет бөліміне қызметке келді, мектеп хорына жетекшілік етті. Ауыл мәдениетінің өркендеуіне барынша үлесін қосты. Сол бір жылдарда Әсеттің мұрындық болуымен ауданымыздың ұстаздары мен балалар ұжымы «Қазақстан» телеарнасында концерт беріп, ұлттық каналмен тікелей шығармашылық байланыста болып тұрды. Кейіннен Әсет «Гүлдерге» жетекшілікке ауысып кетсе де ауылмен арақатынасын үзбеді. Өзінің концерттерін ұйымдастырып, сәлемін беріп кететін. Бүгінде Нұрғали Нүсіпжанов орындап жүрген, ұлым Талғаттың отау көтерген шағында шығарған «Қос жүрек» әні сыйластығымыздың бір нышанындай әнге айналды», деді сағынышты жылдардың естелігімен бөліскен Тұрсынбек аға.
Әсеттей дара тұлғаның бауыры Амангелді Бейсеуов композитор шығармашылығын насихаттау туралы мәселелерді ортаға салып, кітап авторына алғысын білдірді.
Кездесу соңында күйші Талап Қараш 1971 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген Әсет әндерінің «Гүлдер» жинағын көпшілікке ұсынып, кезекті күйге берді. Ал Алтын Әліпбаева, Ұлжан Айнақұлова сынды әншілер сахна төрінде әуезді әндерімен әсер қалдырды.
Бұған дейін көптеген кітаптары арқылы оқырмандар ықыласына бөленіп жүрген Тұрсынбек ағамыздың жинақтап, құрастырған еселі еңбегіне осы басқосуға жиналғандар ризашылығын білдіріп, Әсеттей тұлғаның әні ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табады деген үлкен сеніммен тарқасты.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ