Футбол • 04 Қыркүйек, 2018

Лондонда 2018 жылы соғылған ең әдемі голдың авторы анықталады

419 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24 қыркүйекте Лондонда өтетін FIFA The Best кешінде 2018 жылы соғылған ең әдемі голдың авторы анықталады. Сол аталым бойынша жеңімпаз атанған ойыншыға салтанатты түрде Ференц Пушкаш атындағы жүлде табыс етіледі.

Лондонда 2018 жылы соғылған ең әдемі голдың авторы анықталады

Ференц Пушкаш өз дәуірінің теңдессіз футболшыларының бірі болғаны баршаға мәлім. Венгрия құрамасы сапында ол 1952 жылы Олимпия ойындарының жеңімпазы, 1954 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Өз елінің намысын қорғаған 11 жыл аралығында 85 рет жасыл алаңға шығып, 84 мәрте нысаны дәл көздеді. «Гонвед» клубында 13 жыл бойы ойнап, 354 кездесуде 357 гол соқты. Кейіннен Мадридтің «Реалы» сапында 9 жыл өнер көрсетіп, 180 матчта 155 рет допты торда тулатты.

Міне, сол сұрмергеннің құрметіне жыл сайын ФИФА тарапынан ең әдемі голдың авторына арнайы жүлде тағайындалуда. 2009 жылдан бері ол сыйлықта Криштиану Роналду, Хамит Алтынтоп, Неймар, Мирослав Стох, Златан Ибрагимович, Хамес Родригес, Венделл Лира, Мохд Фаиз Субри және Оливье Жиру сынды саңлақтар иеленді.    

Биылғы жылы Ференц Пушкаш атындағы жүлдеден үміткерлер қатарында Гарет Бэйл («Реал» Мадрид), Денис Черышев (Ресей құрамасы), Лазарос Христодулопулос («Олимпиакос»), Криштиану Роналду («Реал» Мадрид), Джорджиан де Арраскаэта («Крузейро»), Райли Макгри («Ньюкасл Джетс»), Лионель Месси («Барселона»), Бенжамен Павар (Франция құрамасы), Рикарду Куарежма (Португалия құармасы) және Мұхамед Салах («Ливерпуль») сынды жұлдыздар бар. Ал солардың арасынан кімнің озып шығатынын 24 қыркүйекте білетін боламыз.   

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»