Жазғы спорт • 04 Қыркүйек, 2018

Бурабайдағы веложарыс

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Щучье-Бурабай демалыс аймағында Болат Өтемұратов қоры мен Rixos Borovoe ұйымдастырған Burabike веложарысы өтті. Биылғы іс-шараға 2300-ден астам қатысушы тіркеліп, оның ішінде 841-і 30 шақырым қашықтықты жүріп өтті. Қайырымдылық шара­сынан жиналған қаржы сомасы 205 миллион теңгеге жетті. Бұл сома демеушілік және тіркеу жарналары, қайырымдылық аук­цио­ны, жәрмеңке, жеке жәрдем көрсету нәтижесінде жиналды. 

Бурабайдағы веложарыс

Burabike – көпшілік спорт іс-шарасы, оның мақсаты – Қазақ­станның балалар аурухана­ларын өмірлік қажеттілігі бар меди­ци­налық жабдықтармен жарақ­тан­дыру үшін қаражат жинау. Алты жылдың ішінде Burabike қатысушылары мен қонақтары осы қайырымдылық шарасына 700 миллионға жуық теңге жұмсады. Бұл ретте осы жылы жиналған сома 205 миллион теңгені құрады.

Веложарысты Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Astana Pro Teaм командасын­ың бас менеджері Александр Вино­­куров бастап берді. «Мен ке­зек­ті Burabike іс-шарасы­на қатыс­қаныма қуанышты­мын, оның үстіне бұған қатысушы­лар­дың саны жылдан-жылға өсіп келеді, өйткені оның басты мақсаты – қайырымдылық. Astana Pro Teaм командасы үшін осы веложарысқа қатысу дәстүрге айналды», дейді Александр Винокуров.

«Біз 2018 Burabike веложары­сына тіркеуді мерзімінен бұ­рын тоқтатуға мәжбүр болдық, өйткені бұған қатысуға тілек білдір­гендердің бәрін тіркеуге іс жүзінде мүмкіншілігіміз болмады. Келесі жылғы мүм­кін­­дік­ті қазірден бас­тап ойластырамыз. Burabike жыл өткен сайын көпшілікке таны­­мал болып келеді және қайы­рым­­ды­лық шарасына тартылған қазақ­стандықтардың саны да арта түсуде», деп атап өтті Burabike қайырымдылық қорының іргетасын қалаушы Болат Өтемұратұлы.

Веложарыстан түскен қара­жатқа Мерке ауданының (Жам­был облысы) Орталық аудан­дық ауруханасына, Тимирязев орталық аудандық ауруха­на­сына (СҚО), Панфилов ауылын­дағы перзентхана үйіне, Алакөл орталық аудандық аурухана­сы­на (Алматы облысы) және Ақадыр қалашығындағы ауылдық ауру­ханаға (Қарағанды облысы) маңызды медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»