Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2018

Алматыда еңбек мигранттарына арналған қызмет көрсету орталығы ашылды

430 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлескен келісімдері аясында Алматы қаласында еңбек мигранттарына арналған  қызмет көрсету орталығы (МХҚО) ашылды.

Алматыда еңбек мигранттарына арналған қызмет көрсету орталығы ашылды

Бүгінде әлемнің көптеген мемлекеттерінде ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселесін күшейтумен қатар миграциялық жүйені бақылау, еңбек мигранттарының қауіпсіздігін қорғау сияқты өзекті мәселелерді шешуде заманауи мүмкіндіктерге баса назар аударылуда. Азаматтардың электрондық жүйеде тіркелуі, сандық жүйе сияқты бағдарламалардың нақты нәтиже беруі әлемнің озық елдер тәжірибесінен айқын аңғарылады. Алматыда ашылған мигранттарға қызмет көрсету орталығы осындай әлеуметтік маңызы бар мәселелерді жаңаша үлгіде шешудің бір бағыты іспетті.

Көші-қон қызметтерін көрсететін орталықтар бұған дейін Астана және Шымкентте  ашылған болатын. Алматы  еңбек мигранттары көп шоғырланған аумақ болғандықтан, олардың құжаттама рәсімдерін жеңілдету уақыт үдесінен туындап отыр. Нақты деректер бойынша ағымдағы жылдың басынан бергі мерзімде миграция бойынша 50 мыңнан аса қызмет көрсетілген. Енді еңбек мигранттары мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының стандартына сай «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады.

Шетелдік мигранттардың жұмыс істеуге рұқсат алуын рәсімдеуге бұрын бірнеше күн әрі әрбір құжат үшін бірқатар мекеменің есігін ашуға тура келсе, ендігі кезекте шетелдіктер құжаттарды бір орталықтан аз уақыттың ішінде алу мүмкіндігіне ие болды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ғалым Қарқынбаевтың айтуынша, орталықтың мүмкіндігі мол. Мұнда құжаттарды жедел рәсімдеп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмауға да ықпал етері сөзсіз әрі жұмыс беруші үшін де қолайлы.

Жаңа орталық Алматы қаласындағы «Алғабас-1» ықшамауданы, «Атлетикалық қалашық», 5/22 мекен-жайында орналасқан. Заманауи жабдықталған ғимаратта мамандар ертеңгі сағат 9.00-ден бастап кешкі 18.00-ге дейін түскі үзіліссіз қызмет көрсетеді. Орталықта күніне шамамен 1,5 мың азаматқа қызмет көрсету жоспарланып отыр.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ