05 Қыркүйек, 2018

Ерлерді ел де, жер де ұмытпайды (Әшір Бүркітбаев туралы)

1277 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ тарихындағы қасіретті кезең­нің бірі отыз жетінші жылдың қызыл қырғынында жазықсыз құрбан болған Алаш арыстарының ішін­де Әшір Бүркітбаев та бар еді. Ол Әулие­атаның Сарысу ауданы Жон өңі­рін­дегі Қаратас ауылында дү­­ние­ге келген. Қазақтың барлық тағ­­дыр­­лы азаматтары сияқты Әшір де жас­­­та­йынан жетім қалып, қиянат көре­­ді. Ағасы Досай екеуі бай-ма­нап­­­тың малын бағып күнелтеді. Алай­­­да байдың озбырлығына шы­да­­ма­ған олар 1919 жылы қашып шы­­ғып, Ташкент қаласына бара жат­­қан саудагер-арбашыларға ереді.

Ерлерді ел де, жер де ұмытпайды (Әшір Бүркітбаев туралы)

Тас түрмеде талқаны таусылған тағдыр иелерінің бәрінің де көксе­гені елдің бірлігі мен тірлігі болатын. Бұл уақыттарда талай жыл бұ­ғау­да келген көңілдің бостандық аң­сауы да заңдылық еді. Тағдырына тамыр жіберген зиялылық, көкірек көзі­нің ашықтығы және өмірді, қоғам­ды басқаша қабылдауы ұлт қамын ойлатпай қоймайды. Жасы­нан білімге құштар болған Әшір Бү­р­кіт­баев та Ташкентте оқып жүріп, трамвай депосында токарь бо­лып істеген.

Он төрт жасында ком­­сомол, он тоғыз жасында Ком­­­му­­нис­тік партия қатарына өт­кен ол қазақтың тұңғыш тау-кен ин­­же­нері ретінде тарихта қалды. Қазақ ұлт­тық политехникалық инс­ти­т­у­тын ұйымдастырушы әрі сол оқу орнының тұңғыш басшысы, «Ленин­шіл жас» газетінің редак­торы ретінде де айтарлықтай еңбек етті. Алайда бүгінде Әшір Бүр­кіт­баев­­тың аты Алаш арыс­тарының қа­та­рында көп айтылмайды. Бұл тұр­ғыда қайраткердің өмір жолын зерт­теп жүрген медицина ғы­лым­дары­ның докторы Сағындық Орда­беков есте қалар ғажайып естелікпен бөлісті.

Әшір Жанәліұлы 1928 жылы еліміздің сол кездегі астанасы Қызыл­орда қала­сында өткен респуб­ли­калық ком­сомолдар конференциясына қаты­сып, оның хатшысы болып сай­ланады. Сол кезеңдерді суреттеген Айт­жан Бутин­нің естелігі Алаш қайрат­кері­нің өмір жолынан хабар береді. «Әшір Бүркітбаевпен мен Қызылорда өлкелік конференция­сы кезінде таныстым. Сол сапар ол комсомолға хатшы болып сайланды. Өзі Қарсақпайдан келген жұ­мыс­шы жігіт екен. Менімен түй­дей құрдас болып шықты. Конфе­рен­ция біткен соң бұрынғы хатшы Садық Нұрпейісов шақырып алып: «Айтжан, сен Әшірді үйіңе алып бар­шы. Yйің төрт бөлмелі ғой. Пәтер алғанша сенімен болсын», – деді. Содан мен оны үйге ертіп кел­дім. Біраз уақыт бірге тұрдық. Мінезі жуас, көп үндемейтін, бір­тоға жігіт еді. Мен ол кезде атты әс­кер полкы комсомол ұйымының жетек­шісі едім. Бірге жұмыс істеп жүр­дік. Ол кезде көпшіліктің сауа­ты шамалы болатын. Білімге, оқу­ға деген құштарлық болу керек, жина­лыс­тар мен лекциялардан қал­май­тын­быз. Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтан Сегіз­баев­тың әңгімелерін қызыға тыңдайтынбыз. Тайыр Жароков, Ғабит Мүсірепов, Мансұр Гатаулин, Әшір барлы­ғы­мыз бірге жүретінбіз.

Содан 1928 жылдың 9 мамырында мен Алматыға ауыстым. Әшір өзінің қалыңдығы Ғарифаны алғаш біз­дің Алматыдағы пәтерімізге алып келіп, үйленді. 1929 жылы мен Мәс­­кеуге оқуға кетіп, пәтерімді Әшір­­­ге қалдырдым. Әшір өте қара­па­­йым, ақ жүрек, кішіпейіл жан еді. Уақытты текке жіберуді біл­мей­т­ін. Әрд­айым кітап пен қағазға шұқ­­шиып, бірнәрсені оқып, сызып, жа­зып отыратын. Ойлайтыны тек жұ­мыс болатын. Кейде ол маған қарап: «Айтжан, сен Мәскеуде оқып, біліміңді тереңдеттің, комиссар атанып, енді міне, беліңе қылыш тағып жүрсің. Ал бізде оқу да, қылыш та жоқ», деп күрсініп, мұңаятын. Оның жанарынан оқуды аңсайтыны көрініп тұрушы еді. Кейінірек ол Мәскеуде бір жылға жуық болып, Свердловскіден жоғарғы техникалық академияны бітіріп келді.

Ол кезде Әшір жұбайы Ғарифа мен қызы үшеуі кішірек екі бөлмелі үйде тұрды. Yйінде дүние-мүліктен сықырлаған ескілеу темір кереуеті ғана болатын. Мен «Әшір-ау, сен дүрдей инс­ти­туттың директорысың. Ал үйің­де бір кілемің де жоқ. Алмай­сың ба?» деп едім, ол «Әй, Айт­жан-ай, біз жұмыскерлер бюрократ бола алмаймыз. Тапқан айлығыма Ғарифа тамақ, киім алады. Басқа не керек? Оның үстіне, тағы да оқуға бармасам болар емес, білімімді көтеруім қажет», деп жауап қатты Әшір досым. Сол аяулы досымды мен отыз жетінші жылдың 1 мау­сымында соңғы рет көрдім. Оны қайтып көруді тағдыр маған жаз­бап­ты» деген естелік Әшір Бүркіт­баевтың тағдырындағы көпшілікке беймәлім жайттарды суреттейді.

Отыз бір жыл ғана ғұмыр кешіп, бақиға аттанған Әшір Бүркіт­баевтың жары Ғарифа апайдың да жазып қалдырған мына естелігі жан жабырқатады. «Мен сол зұлматқа толы 1937 жылдың жазғы бір күнінде Әшірге: «Ел ішінде «халық жауы» деген қорқынышты сойқан жүріп жатыр. Талай азаматтарды НКВД қызметкерлері ұстап, аяқ-қолына кісен салып, абақтыға жабуда. Олардың арасынан оққа ұшып жатқандары да баршылық. Менің бойымды кейде қорқыныш-үрей билейді. «Сені де бір күні олар өз қармағына іліктіреді-ау» деген үрей мазалап жүр. Сен не ой­лай­сың?» – деген едім. Сонда ол «Ғари­фашым-ау, мені өз қолыңмен апа­рып берсең де олар алмайды. Кеңес өкіметі мен халыққа қарсы еш­бір арам пиғылым, теріс іс-әре­ке­тім, титтей де қастығым жоқ. Мені НКВД не қылсын? Мен үшін қорықпаңдар» – деп еді. Содан екі-үш айдан кейін-ақ зобалаңға ілі­гіп, ор­дер әкеліп, алды да кетті. Сол кет­­­кен­нен мол кетті. Түк қызық көр­­меді, марқұм. Оңды еді ғой. Оң­ды бол­ған соң маңдайымызға сый­­ма­ды. Адам­гершілігі мол еді. Ар­­тын­­да жақсы сөз қалғаны ғана кө­­ңіл­­­ге жұбаныш. Yш бала бар еді, ме­нің сорыма барлығы қайтыс бол­­ды. Ол кеткен соң қасіретті көп көрдік».

Иә, жаны да, ары таза азамат өз басына нәубет орнайды деп ой­ла­майды. Алайда қанкөбелек айналған дүние мұндай ниетті есепке ала берсін ба?!. Талай адам­­ның тағдырына тұзақ құрып, өмі­ріне өкініш әкелген қызыл қыр­ғын қасіреті ұмытылмайды. Тіпті арыстай азаматтарды жандай­шап­­тар­дың қалай, қай жерде жер жастандырғаны жайлы да аңыз бен ақиқат аралас дерек көп. Ұзақ жылдардан бері Әшір Бүркіт­баевтың тағдырын зерттеп жүрген Сағындық Ордабеков «Әшір Бүр­кіт­баев Алматыдан 35 ша­қырым жердегі Жаңалық ауылы­ның түбін­де НКВД жаналғыш­тарының оғына ұшты. Сөйтіп, қатал заман­ның қатыгездігінен тағы бір бола­ша­ғынан зор үміт күттірген Алаштың зиялы азаматының өмірі қиылды» дей келе, әттеген-айын да жеткізді. «Өкінішке қарай, біздің тарихшыларымыз алғашқы қазақ инженері, еліміздің тұңғыш техникалық инс­ти­тутының негізін қалаған аяулы азамат Әшір Бүркітбаев жайлы бұл күндері еш жерде сөз қозғамайды. Олардың басым көп­ш­ілігі бұрынғы сүрлеуден шық­пай, көпшілікке онсыз да белгілі тұлғалар төңірегінде мәліметтерді қайталаумен келеді. Ал артында іздеушісі жоқ қаншама Алаш арыстарының есімі күні бүгінге дейін бүркемеленіп, белгі­сіз, ақтаңдақ жайда жатыр. Бұл – бәріміз ойланатын мәселе» дейді. Шынында да қасіретті кезең­нің құрбаны болғандардың қайсы­сы­ның есімі есте сақтаулы? Дегенмен, ұлт тарихында айтар­лықтай еңбек еткен ерлердің есімдері ешқашан ұмытылмаса игі.

Туған жердің топырағынан жара­лып, туған ел үшін еңбектен­ген ерлердің есімі ұмытылмайды. Бүгінде Әшір Бүркітбаев ұйымдас­тырған Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық уни­­вер­ситетінің металлургия және поли­графия институтына қай­рат­­­кер­­д­ің аты берілген. Сондай-ақ білім­ді жастар үшін Әшір Жанәлі­ұлы атын­дағы грант та бар. Жас талапкерлер мұнда келіп, қай­рат­кер туралы мәліметті таба алады.

Сарысу ауданының Түркістан ауылдық округі мен Арыстанды ауы­лы­ның арасында Қаратас ша­ғын елді мекені бар. Аталған елді мекенде бұл күні он бір-ақ үй қалған. Аяулы азаматтың кін­дік қаны тамған өлке Оңтүстік Қазақ­стан облысының Бәйдібек ауданына шығатын тұста орналасқан. Сол Түркістан ауылдық округінің орталығы бүгінде Әшір Бүркітбаев есімімен аталады. Жалпы, Түркістан ауылдық округіне Арыстанды, Үштас және Әшір Бүркітбаев ауылдары қарайды. Таудың бөктерінде қоныстанып, үнемі ебіден ескендей қоңыр самалымен ерекшеленіп тұратын ауыл Жаңатас қаласынан он сегіз шақырым қашықтықта жатыр. Жергілікті халық негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ ауылда Мұхтар Әуезов атындағы 180 оқушыға арналған орта мектеп, 25 орындық балабақша, 8 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі және кітапхана жұмыс істейді. Жалпы, округ бойынша 1223 тұр­ғын бар екен. Енді бүгінде ауыл үшін өзекті мәселенің бірі – көгіл­дір отын мәселесі. Алайда келер 2018 жылы Сарысу ауданының бір­қатар ауылдарына газ кіргенде, Әшір Бүркітбаев ауылы да көгілдір отынмен қамтылатын болады.

Әшір Бүркітбаевты есте қал­дыру және оның еңбегін насихаттау жұмыстары әуелі өзі дүниеге келген топырақтан басталуы тиіс. Осы орайда, ауыл әкімі Дүйсенәлі Қыдырәліұлы қайраткер азамат­тың кім болғанын ауыл халқы түгел білетінін және рухына тағзым ететінін айтты. Мәселен, ауылда Әшір Бүркітбаев атындағы көше бар. Орталық саябақ ішіне бюст қойылған. Сондай-ақ Мұх­тар Әуезов атындағы орта мектеп­те арнайы бұрыш жұмыс істей­ді. Ең ғажабы, әсіресе ауыл жас­тары­ның көпшілігі тау-кен саласына қызы­ғушылық танытады екен. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті тағайындаған Әшір Бүркітбаев атындағы грантты сол ауылдың үш азаматы иеленіп, лайықты деңгейде білім алыпты. Ауыл әкімі өз сөзінде «Жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай халық қайраткер рухына тағзым етіп, бюстіне гүл қою рәсімі өтіп тұрады. Сондай-ақ туған күнін де ұмыт қалдырмаймыз. Ал мектебімізде оқушылар үшін Әшір Бүркітбаев айлығы, апта­лығы өтіп келеді», деп ерен ұлдың есімі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Расында да әр жердің өзіндік тарихы бар. Топырағынан жара­тыл­ған тұлғалары бар. Енді сондай азаматтарды есте қалды­ру туған топыраққа артылған жауап­кер­шілік. Орда бұзар отыз жастан аса бере-ақ опат болған оғланның есімі мәңгі жүрегімізде.

 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы