Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2018

Г. Әбдіқалықова «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты конференцияға қатысты

585 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты өңірлік конференцияға қатысты.

Г. Әбдіқалықова «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты конференцияға қатысты

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Онда Қазақстанның Ауғанстандағы бейбітшілікке тезірек қол жеткізуге көмектесуді жақтайтыны айтылған, сондай-ақ әйелдердің жағдайын жақсарту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және Ауған жерінде тыныштық орнату жолындағы Ауған Үкіметінің қадамдары жоғары бағаланған.

Г.Әбдіқалықова Ауғанстанды Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысқа тартудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда Мемлекеттік хатшы Ауғанстандағы және тұтас өңірдегі нақты экономикалық жобаларды жүзеге асыруға халықаралық бизнесті кеңінен тарта отырып, әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бұл, өз кезегінде, Ауғанстан әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейте түседі.

Сонымен бірге АҚШ президентінің кеңесшісі Иванка Трамп та аймақтық конференцияға байланысты видеоүндеуін жолдады. Ауғанстанның Әйелдер ісі жөніндегі министрі Дильбар Назари Қазақстан бастамасына алғысын білдірді. Оның айтуынша, бүгінде ауған әйелдерінің өмірінде көптеген өзгерістер бар. Ауғанстанның министр әйелдері, жергілікті билік өкілдері ауған әйелдерінің құқығын қорғауға барынша атсалысуда.

Өңірлік конференцияны өткізу бастамасы жаһандық деңгейде гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілету шеңберінде көтеріліп отыр. Оған Ауғанстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Еуропалық Одақ, Қытай, Ресей, Үндістан және БҰҰ-дан жоғары деңгейдегі делегациялар қатысуда. Конференция Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде мүше болуы аясында өткізілуде. Шара шеңберінде Ауғанстан проблемасына ерекше назар аударылды. Ауғанстанға халықаралық назарды ескере отыра, Қазақстан  осы елдегі ұзақ мерзімді бейбітшілікке және тұрақты дамуға қол жеткізу мақсатында, халықаралық қоғамдастықтың елдегі ахуал туралы ақпаратын арттыруға және Ауғанстан әйелдері мен қыздарын қолдауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілетуге және кеңейтуге талпынуда.  Шетелдік қонақтар арасында – Арменияның Бірінші ханымы Нуне Саркисян, Қырғызстанның Вице-Премьер-министрі Алтынай Омурбекова, Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Танзила Нарбаева, Өзбекстан Олий Мәжіліс Сенаты Төрағасының орынбасары Светлана Артикова, Өзбекстанның Мектепке дейінгі білім беру министрі Агрепина Шин, Әзербайжанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Сахил Бабаев, Ауғанстанның әйелдер істері жөніндегі министрі Дильбар Назари, Ауғанстанның мәдениет және ақпарат министрі Хасин Сафи, Ресейдегі адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Татьяна Москалькова, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман, АҚШ Мемлекеттік хатшысының стратегиялық және кризистік коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісінің орынбасары Эдриэнн Росс және басқа елдерден делегацияларбар. Йемендік құқық қорғаушысы, журналист және саясаткер, Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алған тұңғыш араб әйелі Тавакуль Карман бар.

Мемлекеттік хатшы конференция аясында Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Әйелдер комитетінің төрайымы Т.Нарбаевамен, сондай-ақ ауғандық делегация басшысы – Ауғанстан Ислам Республикасының Әйелдер істері жөніндегі министрі Д. Назаримен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында Қазақстанның Өзбекстанмен, Ауғанстанмен ынтымақтастығының қазіргі ахуалы және перспективалары талқыланды.