Ахмет Байтұрсынұлы • 05 Қыркүйек, 2018

Ахмет Байтұрсынұлының 146 жылдығына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

1331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Ғылым ордасы» кешенің қысқы бағында Қазақстан халқының тілдері күні және Ахмет Байтұрсынұлының 146 жылдығына орай «Қазақ ұлттық жазуы: емле, терминтану және ономастика» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Ахмет Байтұрсынұлының 146 жылдығына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

Алматыдағы «Ғылым ордасы» кешенің қысқы бағында Қазақстан халқының тілдері күні және Ахмет Байтұрсынұлының 146 жылдығына орай «Қазақ ұлттық жазуы: емле, терминтану және ономастика» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Алатау баурайында орналасқан әсем шаһарда осындай мәні де, маңызды да зор іс-шара ұйымдастырудағы басты мақсат – ұлтымыздың басты рухани құндылығы – қазақ тілін, латын графикасына негізделген жаңа қазақ жазуын реформалау жолындағы мамандардың ұстанымдарын насихаттау және қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғұлама ғалым, ағартушы, ұлт ұстазы ­– Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми тұжырымдарын қазіргі тілдік реформамен ұштастыра талдау.

Конференцияны А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі  Ерден Қажыбек өзінің кіріспе сөзімен ашылып, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жолдаған құттықтау хаттары оқылды.

Осы жиында Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры Бижомарт Қапалбеков, Түркі халықтарының мәдени орталығының президенті Ахмет Дағдұран, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің әлеуметтік-гуманитарлық тәрбие институтының директоры Сайын Борбасов, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов, педогогика ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева және тағы басқа ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері осы тақырыпта баяндама жасады.

«5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні болып жаңаша белгіленді. Ұлы ұстаз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист, ағартушы, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы да дәл осы күні дүниеге келген. Осы екі бірдей мерекенің қатарлас келуін тарихи сәйкестік және еліміздің рухани даму бағытындағы көрнекті көрсеткіш деп бағалар едім. Мен 47 жыл бойы әдебиетші, зерттеуші ретінде еңбек етіп келе жатқан ұстаз болғандықтан А.Байтұрсынұлының өз заманында шығарып кеткен оқулықтарын біздің ғалымдардың қазіргі кезде тереңнен зерттеп, зерделеп жатқанына қатты қуандым», – дейді Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов,      

Конференция барысында «Латын графикасына негізделген қазақ жазуын және емле ережелерін жетілдіру», «Қазіргі қазақ тілі: фонетика-фонология мәселелері», «Қазақ әліпбиін латын қаріпіне көшірудің төте жолы», «Әліпби – замана сұранысы», «Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдары және жаңа емле», «Қазақ терминологиясының өзекті мәселелері: терминтаным, терминжасам, терминография», «Қазақ тіл білімінің жаңа бағыттары», «Түркітану, тарихи-салыстырмалы, салғастырмалы тіл білімінің мәселелері», «Қазақ ономастикасы мен грамматикасының өзекті мәселелері» және тағы басқа тақырыбында кеңінен әңгіме қозғалды.    

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ