Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2018

Сот төрелігінің сапасын арттырудағы қадамдар

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы жылдың 6 айында аудандық, қалалық соттар 1,8 млн іс пен материалдарды қараған. Осының нәтижесінде 26 мың қылмыстық іс аяқталып, 16 302 адам сотталған. Ал 4 094 адам бостандығынан айырылған.

Сот төрелігінің сапасын арттырудағы қадамдар

Мемлекет басшысы татулас­тыру институттарын дамытуды алға қойған болатын. Өйткені, көптеген елдерде даулардың 50-60%-і бейбіт жолмен шешіледі. Бүгінде Жоғарғы сот бұл жұ­мысты екі бағытта жүргізуде. 

Біріншісі – сотсыз татуласу. Бұл орайда әкімдердің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Кә­сіп­одақтар федерациясының, Қо­ғамдық даму ми­нистрлігінің қол­дауымен татуласу орталықтары құрылуда. Бұлар алты облыста іске қосылды. Екін­шісі – соттарда татуластыру. Оған арнайы судьялар бекітілді. Мә­селен, Астана қаласы Сарыарқа аудандық со­тында сондай судья­ға жүгін­гендердің 60%-і әрі қарай соттасудан бас тартқан.

Тағы бір маңызды іс, Жоғарғы сот Жоғары Сот Кеңесімен бір­ге жаңа судьяларды іріктеу жү­йесін түбегейлі өзгертуде. Сол секілді судьялардың ауызша, жазбаша тілін жетілдіру ерекше назарға алынды. Себебі Ел­басы айтқандай, мемлекеттік қыз­метшілер халықпен жеңіл, түсінікті тілде сөйлесуі керек. Бұл міндет судьяларға да қатыс­ты. Сондықтан шешендік өнер са­ласындағы мамандардың қаты­суымен өңірлерде тренингтер өтуде. Өйткені, 1 қыркүйектен бастап әрбір судья екі жаңа та­лапты орындауға міндетті болды, яғни Жоғарғы соттың нор­мативтік қаулысымен бекітілген сот шешімін, үкімін, қаулысын, құрылымын, сондай-ақ шешім, үкім жариялағаннан кейін неге сондай қорытындыға келгенін қа­рапайым тілмен түсіндіру қажет. 

Бүгінде ақтау үкімдерінің саны 4 есе көбейді. 2017 жылғы 6 айда 28 болса, ағымдағы жарты жылда 101. Бұл жеке айыптау істерін қоспағанда. Бұрын ақтау­лар, негізінен, онша ауыр емес және ауырлығы орташа істер бо­йынша болса, қазір жағдай өзгере бастады. Ауыр және аса ауыр істер бойынша ақтаулар көп. 

Судьялардың VII съезінде Мемлекет басшысы бірыңғай сот практикасын қалыптастыруды тапсырған болатын. Осыған сәй­кес, судьялардың бірыңғай сот прак­тикасын ұстануына сәйкес IT-бағдарлама әзірленуде. Кез кел­­ген адам сотқа бармай-ақ дау бо­йынша қандай шешім қа­был­дауы мүмкін екенін IT жүйе ар­қы­­лы көріп, алдын ала болжай алады. 

Дамыған елдердің басым көп­шілігі әлдеқашан әкімшілік юстицияны енгізген немесе ен­гізуде. Жоғарғы сот Әділет ми­нистрлігімен бірге сондай заң­ның жобасын әзірлеп, ол құ­жатты басқа мемлекеттік органдармен келісуде. Ал әкімшілік юстицияның мәнісі – жеке немесе заңды тұлға мемлекеттік органның шешімімен немесе оның әрекетімен/әрекетсіздігімен келіспесе, дәлел іздеуге міндетті емес. Мемлекеттік органның өзі сотта өзінің шешімін немесе іс-әрекетін негіздеуі тиіс. Бұл елдегі экономикалық, инвестициялық, бизнес-ахуалды жақсартады.

«Егемен-ақпарат»