Әдебиет • 06 Қыркүйек, 2018

Әкім Тарази: Кейіпкерімнің сырты – өзі, іші – мен

1412 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» дейтін. Ал көп жасап, көп көрген кісіге жолықсаң – қазына тапқаның. «Ауылыңда қартың болса, жиып қойған қазынаң» деген сөздің түбіне сондай қарттың сөзін тыңдағанда ғана жететіндейсің. Алдыңда қарайып ақсақалың жүрсе, бізге – жастарға сол да үлкен қорған, демеу екен ғой, расымен. Өткен күндердің, қазақ бастан кешкен тарихтың бағасын оп-оңай беріп, жан қинамай кесім айтып, шешім шығаратын жандардың «тауып айттым» дейтін сөздері тарих алдында да, адамзат алдында да үлкен қиянат екенін жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразидің әңгімесінен кейін аздап ұғынғандай боласың. Жазушының сөзі кең дүние, тар заман, адам – жұмбақ деген ұғымдардың түпсіз шүңетіне жетелей береді.

Әкім Тарази: Кейіпкерімнің сырты – өзі, іші – мен

– «Көк аспанда қырағы көз бар» кітабыңыздағы өзіңіз эссе деп атаған шығармаларыңыз кейде көркем туынды сияқты әсер қалдырады. «Элиталық қоқыс», «Андрей» сияқты эссе­лері­ңізді «көркем шығарма» деген пікірлерді де естідім. «Андрейді» оқи бастағанымда эссе ғой деп ойладым да, оқып біткен соң көркем шығармаға жатқызғым келді.

– Эссе деп атағаныммен, олар – көркем шығарма. Себебі соңғы жағында қазақ халқының трагедиясына жол ашамын. Оны жазып жүрген кезімде, ондай тақырыпты айтқызбайтын. 1932 жылы халықтың қырылғанын айту үшін, алыстан Андрей деген курстасымның тарихынан бас­тап, оның әпкесі туралы ай­т­амын. Көп жағдайда цензорлар біраз оқығаннан кейін, ар жағында ештеңе жоқ шығар деп қойып кететінін естігенмін. Содан келіп, ұзақ тарихты баян­дап, жәй ғана өзінің досының та­ри­хын айтып отыр екен деп ой­лату. Ал маған керегі – 1932 жыл­ғы аштықтың қалай бол­ға­нын жазу. Ар жағында мен Ғабит ағаны кейіпкер етіп кіргізем де, қырғынды жазамын. Егер мен солай сәл ғана «қулық» жасамасам, ол кездегі оқиғаларды жаз­ғыз­байтын. Кеңес өкіметі қыр­­ғын­ды өзі ұйымдастырып алып, қазақтан жасқана бастады. «Бұл – батыр халық, өзінің айт­қаны болмаса ештеңеге көн­бейтін халық. Осыларды ер­кін жібере берсек не болады» деген пиғылмен аштық ұйым­дастырған. Ал «қырағы көздер» – менің үстімнен материал жинап, арыз жазатындар қайдағы бір Андрей туралы жазыпты деп оқымай қойса екен деймін ғой. 

– «Элиталық қоқыс» атты эссе­ңіз өткен заманның аума­лы-төкпелі кезеңін ғана емес, адам мінезінің айныма­лы-айны­ғыш қасиетін көр­сет­ті. Билік ауысарда, би­лік ауыс­қанда өзін ұс­тай алмайтын тұрақсыз жандар­дың, ми­нистрліктегі қызмет­кер­лердің әрекеттері қатты ойландырды. Әбдуәли Қаштановтар бүгін де бар емес пе? (Мәтеков текті кейіп­кер «Қорқау жұлдыз» ро­маныңызда да бар).

– Адамзат бар кезде, олар да болады. Себебі өмірдің өзі жақсы мен жаманның, күн мен түннің айқасы. Күн шықпаса қараңғы бо­лып тұрады. Күн шыққаннан соң, дүние жарқырайды. Өмір­дің заңдылығы сол. Дүние тек жақ­сылықтан тұрған болуы мүмкін. Бірақ адамдар тоқ­шы­лық­тан семіріп, бәрін құртқан шы­ғар деп ойлаймын. Осы ойды Ғабеңнің аузына саламын. Ол сөзді мен ай­тып отырмын ба, жоқ Ғабең айт­ты ма, әңгі­ме онда емес. Өмір­дің мәні – ақ пен қараның айқасы. Жер сияқ­ты планеталар көп емес. Себе­бі жақсылық аз. Кішкентай ғана. Ал қараңғы түн, түнек – мол. Адам өз-өзін сыйлай білсе ға­на жақ­сылық сақталады. Ал жа­ман­дық жеңсе, тіршілік құ­ри­ды. Ғабеңнің қарамағында екі жыл қызмет еттім. Қатты құр­­мет­­­тей­мін. Бірде орыс қыз­мет­кері­­міз ауырып қалып, со­ның хә­лін білуге Жазушылар ода­ғы­­­нан шығамыз ғой. Сол кезде мен жүгіріп кетіп, трамвайға мі­нем. Ғабең жәй жүріп, асық­пай келеді. Ол кісі қалып қал­ған соң, мен қайда барамын? Қай­­­т­а­­­дан секіріп түстім. Сонда Ға­­бең күліп: «Мына трамвай Ал­ма­­­т­ы­­­дағы е-е-ең соңғы трамвай деп естіп пе-е-е едің?» деді. Со­н­да жерге кіріп кете жаздадым. Ғабеңнің алдында ұятқа қал­­дым-ау деп ойладым. Ғажап адам еді. Әкем ауырып қалған соң, елге кеттім. «Жарайды, бар, қара­ғым, бірақ қайтып кел» деді. Ке­йін келсем, қазіргі «Еге­мен Қазақстан» газетіне бас редактор болып­ты. Барып сәлем бердім. «Әй, Әкім, жақсы кел­дің. Бізге с­ен сияқты сынай білетін адам ке­рек» деді. Ғабең менің ұстазым болды. 

– Сіздің шығармалары­­ңыз детектив сияқты әсер ете­­ді. Шы­­ғармашылығыңыз­дың өне бойындағы сарказм, юморды «Ара-Шмель» журналында, осы Ғабит Мүсірепов­тің жанында жұмыс істеген кезі­ңіз­бен байланыс­тырасыз. Ал детективтің әсері қайдан?

– Оқырманды сәл қызық­тырып алғым келеді. Не туралы деп ойлау керек. Себебі ол кезде жазушылар тек қана жетістікті жазу керек болды. Горький­дің өзін бір-екі аптаға қамап тастады. Кеңес өкіметін жырлау­шы – Горькийдің өзін! Шолохов­тың басына қатер төнді. Әуезов Мәс­кеуге кетіп құтылды. Ғабеңе де солай болды. Мен ол кісінің жа­­нында жүргендіктен білемін, шы­­ғар­­малары қатты бақылауда болды. Ғабиттің қарауын­дағы ап­параттың тең жартысы тың­шы­лар болды. Кеңес үкі­меті өзін кедейлердің мем­ле­кеті­міз деп жариялады. Бәрі­міз солай ұқтық. Кемшілігі интел­лиген­цияға тиіскені болды. Аяма­ды. Табиғи өкімет болма­ған­дықтан, өзін-өзі қорғауға мәжбүр болды. Тек қана ақ билеу керек, күн жадырап тұру керек деген кезде кеңес өкіметі дамымай қалды. 

Өзін өзі сақтай білу – ол да өнер. Ғабеңнің айлакерлігін көр­дім. Орталық партия қызмет­кер­леріне қоңырау шалып, ақыл­дас­қан болып отырады. «Әй, ке­ліп, ақылыңды айтып кет­сең­ші» деп. Ол кеп, мәз боп қай­­та­­ды, ақыл айттым дейді. Ал оның бәрі – жазушы өзі де бі­­ліп отыр­ған жағдай. Әкемнің ден­­­­­сау­­­лы­ғына байланысты елге қай­­­­тып, мұғалім болып жүр­ген­де Ғаб­еңнің үлгісімен мектеп ди­­рек­­торымен саясат ойнадым. Аудан­­дық білім бөлімінің басты­ғы – әкем, соның өзінде менің артым­да екі адам жүрді. Болашақ ұрпаққа ұзақ қызмет ету үшін  өзіңді сақтау керек. Бұл тәсіл айладан, саясаттан туған амал еді. Күресе білу – ақыл­­дың ісі. Кеу­де соғу деген оңай, үндемей жү­ріп, тыңдаған бо­­лып жаза біл­сең – сол күрес деп білдім. Мен неге үлкен роман­дар жаздым? Аң­дитын адамдармен таныс бол­дым. Бес-алты беттен кейін көбі оқымайды екен. Оны да көр­дім. Соны пайдалану керек бол­ды. Неге менің бас кейіп­кер­лерім, соңына келгенде өзін-өзі өлті­реді? Неге? Оның астарында, мы­­нан­­дай қоғамға қызмет ет­ке­нім күнә деген ұғым жатты. Ал цен­зорлар оны аңғарған жоқ. Мен өзімше, жазушы ретінде, қоры­­тын­ды жасадым. Менің роман­­дарым трагедиямен бітеді. Олар аяғына дейін оқымаған соң, маған «мүмкіндік» берді ғой деп ойлаймын. Дұшпанды жеңу үшін айла керек. 

– Сіздердің жас күндері­ңізде бір-бірлеріңізді ашық сына­­ған­дарыңызды білеміз. Ра­ма­зан Тоқтаровқа сын ай­тып, кейін «Солтүстік шұғы­ласы» романына жақсы пікір ай­тып, Алматыға шақыр­ды­ңыз. Қазір осы үрдіс көп бай­қал­майды. Әлде ешкім айтпай ма?

– Қазіргі жазушылар туралы айтпай-ақ қояйын. Мен «зама­ның түлкі болса, тазы болып шал» деген тәсілді пайдаландым. Роман­­дарымның басын оқыған­да бәрі жақсы, ең соңына қарай бұ­рылыс болады. Мен Кеңес үкі­метімен жасырынбақ ойнадым. Жақсы қызметінде жүрдім. 

Рамазанның «Солтүстік шұ­ғы­ла­сы» деген романын мақ­та­дым. Соның алдында ол екі роман жазды. Кеңес өкіметін өте мақтады. Кеңес үкіметін жақ­­сы жағынан мақтаған екі роман­­нан соң, үшінші романын­да, оның өзінің бас жағында мақ­­таңқырап, ары қарай қулы­ғын асырып, эскимостарды сөз қылып отырғандай болып, сынады. Содан кейін ғана мен оның иығынан құшақтап тұрып: «Енді сен жазушы болдың» дедім. Мені бәрі Кеңес өкіметіне берілген адам деп ойлайтын. Бірақ көп дүние ішімде жатты. Сайын, Қалихан, Рамазан да солай болды. Қайда барсақ та, соңымызда тыңшы жүрді. Біліп жүрдік, білмегендей болдық. Қалиханның ауылына барғанда, біздің соңымызға салып қойған адамды, есептеп отырып тауып алдым. Бізбен бірге жүреді, бір дастарқанда отырады. Қали­ханға айттым. «Анадан сақ­танайық» дедім. 

– Осы тактиканы қайдан үйрендіңіздер?

– Табиғи болды. Өзімізді сақ­тау үшін... Ондайлар көп болды. Бір Жазушылар одағының өзінде елу-алпысы жүрді. 

– Олардың атын ашық айтпайсыз ба?

– Айтпаймын. Қажеті қанша. Кетті ғой. Заман өтті. 

– Осындай адамдар бола­шаққа қауіпті ғой. 

– Қауіпті. Егер біз егемен ел бол­мағанда, әлдеқашан солар­дың кесірінен қазақ таусылар еді. Аштық, репрессия – бәрі қолдан жасалды. Атқа мініп, шауып жүретін қазақ пен қырғыз. Отырықшы халықтан гөрі, біз – көшпенділер қауіпті көріндік. 

– Манана деген кейіпкеріңіз қазақ ауылына келіп, ауру тарататын дәрі еккендерін айтады. Осы тарихи факті ме?

– Рас сөз. Ғабеңнен ест­і­ген­­мін. Халықты азайту үшін іс­теген, өсіп кетпеуін қадаға­ла­ған. Екі миллионға дейін азай­дық. Осы тәуелсіздік алған кезде ғана көбейдік. Қазақты қырудың бар лас тәсілдері жасалды. 

– «Қорқау жұлдыз» романы – тәуел­сіздік үшін күрес, сана тәуел­сіздігі. Бәрінің бірдей болып бара жатқандығына қар­сы шығу ма? Қазір осы стандарт­­­­тауға қайта түсіп кетпедік пе? 

– Кеңес өкіметі стандарттың елі болды. Жұмысқа барады, келе­­ді, ұйықтайды, қайтадан ба­ра­ды. Соның идеологиясымен жүреді. Сонда өкімет тыныш болады. «Менің айтқаным ғана болады, менің дегеніммен жү­ре­сің» деген билік көпке бармай­ды. Кеңес үкіметінің түбіне осын­дай пиғыл жеткен. 

Қазіргі биліктің ең үлкен ар­тық­­шылығы – халықпен есеп­те­с­е­тіні. Президенттің айтқа­ны айт­қан, бірақ халықты тың­дай­д­ы. Зиялы қауыммен ақыл­дасып отырады. Бұл білгендік деп түсінемін. 

– Кеңес үкіметінде ұлтқа қатысты әр оқиға үлкен саяси мағына алып отырды. Қазақ жастарына қазаққа қатысты әр сөз билікке ұнамады. 

– Хрущев келді де тың жер­лерді игеруді бастап, екі мил­л­ион өзге ұлттың адамын қазақ даласына әкелді. Олар көп істей алмай қашты. Содан кейін түрмеде жатқан адамдарды әкелді. Солтүстіктегі алты облысты Ресейге қосуға бұйрық дайындап қойған. Екі күннен кейін бұйрыққа қол қоямын деп отырғанда құлады. Біз аман қалдық. Бір бұйрық шығып кеткен болса, не болар еді?.. Қазақты Құдай сақтап қалды. Димаш Ахметұлы келіп, көп дүниенің кілтін тапты. Қазақ тарихы ол кісіге міндетті. 

– Сіздің эсселеріңізде сізді де Құдай сақтап қалған оқиға­лар көп қой...

– Көп болды. Мен санаған жоқпын. «Етікші» деген әңгімем бар. Кейіпкері біздің көршіміз болды. Мені қасына шақырып алады. «Мен тек қана 38-размер етік тігем» дейді. Басқа етік­­тер тұрады. «Аға, мынаны сат­­пай­сыз ба?» десем, «жоқ» дей­­ді, «Кеңес үкіметінің адамдары 38-размерді ғана кию ке­рек. 39-40 болса, ертеден-кеш­ке дейін қыдыратын болып шыға­ды. Ал одан кем болса, ертеден-кешке дейін жұмыс істеп аяқ­тары кішкентай болып қалған екен дейді». Жәй ғана етікші. Ол – өз заманының ең үл­кен кейіпкері. Оның бригадирі, ауыл­ды бас­қарып отырған, облыс­ты бас­қарып отырған адамдар да масштабына байланыс­ты үл­кейе береді. Менің сол әңгімем басылып шықты. Ғабең арқылы. Ол кісі ештеңе біл­меген болып, менің фельетондары­ма күліп отыратынын талай көр­генмін. «Қатты кетіп қалып­сың ғой» деп, бәрібір басатын. 

– «Әр жазушының шығар­машылық кезеңі де, балалық (мен адамның жасын айтып отырған жоқпын, санасының балалық кезін айтып отырмын) кезеңнен, бозбалалық кезеңнен, жігіттік кезеңнен, кісі болған кезеңнен және егде тартып, басқаларға ақыл айтуға көшетін ақсақал­дық кезеңнен тұрады деп ойлай­мын» дейсіз. Осы шығар­ма­шы­л­ық кезеңдерден өте алмай қалатын да қаламгерлер бола ма? Жалпы, көркем әдебиеттің ақыл айтқаны дұрыс па?

– Әдебиет ақыл айту керек, оған міндетті. Шығарманы оқып, жамандықты біліп, енді оны жасамайын деген ойға келу керек. Менің шығармаларымды оқыған болсаң, жақсы кейіпкерлерім бар. Жаман да кейіпкерім бар. Кейіпкерді таңдайтынмын. Жүз адам көресің, соның бірін осы маған керек деп түйсінесің. Оны сол деңгейде қалдырмай, өсіруің керек. Ол кейіпкердің сырты – өзі, іші – мен. Жамандық жасайтын адам болып та ойлануың керек. Мен өмірімде кісі баласына жамандық жасаған жоқпын. Бірақ кейіпкерлерім жасады. Мен соны анау болып ойлана білдім. Өзіңнен жиіркене білу керек. Менің күнделігімнің бәрі – басынан-аяқ өзімді сынау. Мен өзімді ұнатпаймын, өзіме көңілім толмайды. 

– Дұшпандарыңыздан да жиіркенесіз. «Жек көрмеймін» дейсіз...

– Жек көру үшін не үшін дұшпан болғанын білу керек. Адамдар заманға тәуелді. Заман деген – қоғам. Адам сыйлай бі­ле­тін қоғам – жақсы. Адамдар мәж­бүрлі түрде дұшпан болуы да мүм­кін. Кеңес үкіметі құлағанда бір­де-бір адам кеңес үкіметі жақ­сы екен деген жоқ. Неге? Өзімді-өзім билеймін деді. Жеке бір адам билей бастаған соң-ақ іс жүр­мейді. Адамзаттың тарихы осындайдан тұрады. Жақсы басталып, қиын аяқталып жатады. Алла сақтасын. Ол үшін ең алдымен, басшы сақ болу керек. Сталиннің кемшілігі сол болды. Жеке басқа табынушылықты асқындатты. 

– Абай: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірі­мізді өткіздік» деп дүние­нің мағынасын теретін. Сізге осы жасыңызға келгенде өмір­дің мағынасы не екен?

– Қазақ – философ халық. Қазақ­тың мақал-мәтелдерін қарап отырсаңыз, жартысы­нан көбі философия. Далада туған­дықтан, даланы сүйгендіктен солай. Кейде түсімде бала күнімді көремін. Адамның түсі өзіне бағынбайды ғой. Адам өмірінің мағыналы болуы – балалық шаққа байланысты...

– Ендігі қазақ жасынан не күтесіз? Ол қандай болуы керек?

– Қазір ел тыныш. Жастар да жақ­сы. Тарихтан алар сабақ мол. Біздің буын өзін өзі сынай біл­­ді. Сендерге де сол қажет! Кіш­­­кен­тай ғана өмірде адам мың құ­бы­лып тұрады. Өзіңді-өзің сы­най білсең – азаматсың. Өзің­­нің кеудеңді өзің соқсаң – ақымақсың!

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»