Бизнес • 06 Қыркүйек, 2018

Көмір кедергісіз жеткізілуі керек

615 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Көмір кедергісіз жеткізілуі керек

Тамыз түгесіліп, қыркүйек келе салысымен табиғат тосын мінез таныта бастағандай. Жыл сайын жылылығынан танбайтын бұл маусым биыл сәл суытып тұр. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, Жамбыл облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру шаралары басталып та кетті.

Әсіресе көгілдір отынмен қамтылмаған ауыл тұрғындары үшін ағаш жинап, көмір түсіру­дің өзі бір машақат. Жылыту маусымына дейінгі ұйымдастыру жұмыстары сапалы әрі уақтылы атқарылса, тұрғындар үшін мәселе де туындамас еді. Сонымен қатар көмір бағасының қолжетім­ділігі де тұрғындар үшін аса маңызды. Жамбыл өңірінде бүгінде көмір тасымалы қалай жүзеге асырылуда және осыған байланысты бағасы қандай болмақ деген сауал көпшілікті көбірек ойлантады.

Алдағы 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымына өңір тұрғындары үшін 332,9 мың тонна көмір қажет. Алайда бүгінге дейін тиісті көмірдің 110,4 мың тоннасы немесе 33,2 проценті тасымалданыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда жоғары болғанмен, әлі де болса атқарылуға тиіс жұмыстар жетерлік.

Аудандарды қажетті отынмен қамту мәселесі де өзекті. Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бұл мәселеде тиісті көрсеткішті орындамаған аудандар бар екен. Мәселен тиісті жұмыстар Сарысу ауданында – 14,1 процент, Жуалы ауданында – 21,4, Жамбыл ауданында – 22,7, Шу ауданында – 25,0 процент қана орындалған. Бюджеттік мекемелерге 72,2 мың тонна қатты отын қажет болса, бүгінгі таңда оның 53,4 мың тоннасы ғана жеткізілген. 

«Қатты отын тасымалдау жұмыстары бүгінде одан әрі жалғасуда. Жуалы, Т.Рысқұлов аудан­дары­ның және облыстық білім басқармасының бюджеттік мекемелері жоспарға сай көмірмен толықтай қамтылып отыр», дейді басқарма басшысы.

Деректер бойынша, ағымдағы жылдың тамыз айында Тараз қаласындағы көмір сататын он темір жол тұйығында 17,7 мың тонна көмір бар. Мұндағы «Шұбаркөл» мен «Қаражыра» көмірінің бір тоннасы 14,5-18 мың теңге аралығында болса, «Екібастұз» көмірінің бір тоннасы 10 мың теңгеден сатылуда. Аудандарда барлығы көмір сататын 19 орын бар, Жамбыл және Байзақ аудандарының халқы қатты отынды облыс орталығынан алып тұтынады. 

Қыркүйек айының қатал басталғанына қарағанда, биылғы қыс мезгілі оңай болмайтын түрі бар. Өткен жылы күннің күрт суып кетуіне байланысты отын тапшылығы орын алған болатын. Сондықтан аудан әкімдері халыққа көмірді ертерек сатып алу керектігін түсіндіргені дұрыс сияқты. Әйтпесе, қазанда қар жауып кетіп жатса, өткен жылғы жағдай қайталануы әбден мүмкін. 

Айтпақшы, алыпсатарлар арқылы алынған қатты отынның қымбатқа түсуі мүмкін. Осы мә­се­леге орай, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі көмір нарығында қаржылық мәселелерді шешіп, бағаны тұрақтандыру шараларын тапсырған. Көмір сатушы жеке кәсіп­керлер арқылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаржысын тиімді пайдалануды, сонымен қатар әрбір аудан орталықтарында көмір сататын нүктелер ашу керектігін айтқан. Соның арқасында алыпсатарларды нарықтан шеттетуге мүмкіндік туады және қарапайым халықтың да қалтасы қағылмайды.

Хамит ЕСАМАН,

Жамбыл облысы