Руханият • 06 Қыркүйек, 2018

Балғожа бидің хаты

3687 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Балғожа бидің хаты

1991 жылы ағар­ту­шы Ыбырай Алтынсариннің ту­ғанына 150 жыл толу құрметіне орай Қос­танай қаласында облыстық мемориалды музейдің ашылуы. Аталмыш мекеменің ғылыми қызмет­кері Шынар Досмағамбетованың айтуын­ша, сол жылдары жаңадан ашылған музей­дің дерекқорын толықтыру мақсатында арнайы экспедициялық топ жасақталып, олар Орынбор қалалық құжаттама архивтік орталығына барып, ағартушының өмір-тарихы мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер жинаған екен. Аталмыш сапар барысында табылған дүниенің бірі – Балғожа бидің немересі Ыбырайға жазған хаты.  

Балғожа би Жаңбыршыұлы ХІХ ғасыр­дың алғашқы ширегінде патшалық Ресей тарапынан енгізілген «Сібір қазақ­тарын басқару ережесі» тұсында   елге қыз­мет қылған адам. 

Бұл кісінің халқы үшін жасаған үлкен еңбегі  – ХІХ ғасырдың 40-жылдарының орта­сында Орынборда қазақ балаларына арнап ашыл­ған жеті жылдық мектебіне 1850 жылы тамыз айында немересі Ыбырайды оқуға беруі. Алтынсарин бұл мектепті 1857 жы­лы үздік бағамен бітіріп, болашақта үлкен ағартушы болды. Мына хатты Балғожа би немересі Ыбырай осы мектепте оқып жүрген кезінде жазған екен. 

Үміт еткен көзімнің нұры – балам,
Жаныңа жәрдем берсін Құдай тағалам.
Атаң мұнда анаң мен есен-аман,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Оқуға көңіл бөлсең, басыларсың.
Ата-анаңды өнер білсең, асырарсың,
Надан боп білмей қалсаң, ах ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең, не етер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен не мұратқа жетер едің?!
Жоғарыдағы үш шумақ нақыл туралы Ыбырай атамыз өзінің естелігінде «бұл өлеңді оқу жылдарында дәтке қуат, жаныма медет тұттым, есейе келе оны өмірлік тұмар етіп ұстандым» дейді. Онымен қоймай Ы.Алтынсарин 1879 жылы жарық көр­ген «Қазақ хрестоматиясы» атты кітабына «Балғожа бидің баласына жазған хаты» деген тақырыппен осы өлеңді енгізген. 

Бұл жерде Балғожа би немересіне жазған нақыл сөзін өзі білетін араб графикасының қадым жазу (төте әліп­биден бұрынғы) үлгісімен хатта­ғаны анық. Өйткені ол заманда кириллица әрпі қазақ қоғамына таныс емес-тін. Ал ата­сы­ның хатын кирил­лица­ға түсіріп, кітапқа кіргізіп, одан қалды архив­тік мұра ретінде сақталуына мұрындық бол­ған Ыбырайдың өзі сияқты. Соған қара­ған­да, қазақтың әдеби мұрасын тарихта тұң­ғыш рет кириллицаға түсіріп, оның әліп­билік нұсқасын жасаған адам – Ыбырай Алтынсарин. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»