Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2018

Астананың аспаны – алқалы жыр

733 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қасиетті Сарыарқа даласында, елордамыздың төрінде «Ақ ордалы Астанам» атты халықаралық ірі фестивальдің ұйымдастырылуы және оған қазақ ақындарымен қоса, алыс-жақын шетелден қаламгерлердің шақырылуы Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына үлкен сый деп білемін. 

Астананың аспаны – алқалы жыр

Міне, Астананың жұпар ауасын жұтып, ақынның өлең жолдарындай сұлу ғимараттарына тамсанып жүрміз. Күні кеше келген қонақтар Бурабайға, Баянауылға барып, қазақ даласының қасиеті мен қастерін ұғынғандай болып қайтты. Әсіресе, шетелден келген қонақтардың әсері ерекше. 

Біздің ұлттық мақтанышымыз­ға ай­­нал­­ған Астана – асыл тастан тұрғы­зыл­ған асқақ қала. Ерке Есілдің жаға­­сын­­да орналасқан, жаңа ғасыр ғажа­бы­нан жаралған ертегі­дей елорда, әлем­дегі ең жас қала. Кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер, үкілі үміт, көр­кею, тәуелсіздік көрінісінің нышаны. 

Астана шаңырағы әлі де шарық­тай түспек. Жаңа астананың келе­шегі толығымен XXI ғасырдың енші­сін­де. Астананың әлі де болса көр­кейе түсуіне біз, қаламгерлер қауымы да өз үлесімізді қосып келеміз. Елор­дамыздың аңызға бергісіз кел­беті мен сұңғақ күмбез­дерін жырға қосып, қала тұрғындары­ның тыныс-тіршілігін, өмірін арқау еткен шығармаларды көптеп жазып, Астанамыздың мерейін үстем ету жолында еңбектенудеміз.

Осынау жас қала атауының өзінде сакральдық мән бар. «Астана» негізінен парсы сөзі, қазақша түсі­нігі астана – табалдырық, босаға, кіреберіс, сарайдың қақпасы, салтанатты орда есігі деген ұғымдарды білдіреді. 

Тарихқа бай Сарыарқаның ұлан-байтақ жерінде, қазақ жерінің қасиетті орталығында мемле­кеті­міздің жаңа астанасының бой көтеруі, жаңа бір мәдени-ғылыми, саяси ортаның шоғыр­лануы, Отаны­мыз­дың көркем, сәулетті, қуатты орданың дүниеге келуі игіліктің нышаны деп білеміз.

Астанаға қыдырып келген әрбір адамның көңілінде ерекше бір сезім мен толқу, асқақ мақтаныш пен сарқылмас ән тербеліп жатады десек қателеспеген болар едім.

Ару қаланың әрбір оралымын ашық бұрқақты аулалар мен әсем безен­­дірілген гүлзарлар көмкерген. Шаһар­дың төрінен бой түзеген «Нұр Астана­» мешіті мен «Бәйтерек», «Тәуелсіздік және келісім сарайы», «Хан Шатыр», тағы басқа саяси және мәдени орталықтар мен түрлі тарихи мемориалды кешендер жаңа ғасырдағы Қазақстанның ажар-келбеті деп нық сеніммен айта аламын.

Астана қаласында өткен ЭКСПО бүкіл­әлемдік бірегей көрмесі ма­ңы­зы жағынан дүниежүзілік эко­номикалық форумдармен, туристік тартымдылы­­ғы­­мен әлемдік деңгей­де көрініс тапты. ЭКСПО-2017 халық­аралық көрме­сінің тақы­рыбы – «Болашақтың энергиясы». Көрме әрине, елдің өндіріс­тік қуаты мен ғылыми базасын технология­лық және эко­номикалық жағынан жаң­ғыр­ту жо­­лын­да үлкен прогресс болды деп біле­міз. Астана қаласы әлемнің түкпір-түк­пірі­нен келген түрлі мәдениеттер үніне толуы­­мен қатар, әсем қала өзінің көрікті бей­несімен қызығушылық әсерін мол туғызды деп сенемін.

«Астана бүгінде – Қазақстан жетіс­тігі мен жеңістерінің символы», деп Елбасымыз Н.Назарбаевтың айтқаны еш шүбәсыз шындық. Жаңа астана салу идеясының авторы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» тарихи стратегиялық бағдарламасы міне, қазірдің өзінде нәтижесін беруде. 

Бұл шара да «Рухани жаңғырудың» көрінісі. Ақындар да, халық та іштей түлеп, жандары нұрланып жатқаны көздерінен-ақ көрініп тұр. 

«Ақ ордалы Астанам» жыр кешіне жиналып, ақындардың жырына сусап отырған астаналық ағайынның ақеділ көңіліне мың алғыс!

Ұлықбек Есдәулет,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы