Қазақстан • 08 Қыркүйек, 2018

Г.Әбдіқалықова «Мерейлi отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты

1003 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Г.Н.Әбдіқалықова жыл сайын өтетін «Мерейлi отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.

Г.Әбдіқалықова «Мерейлi отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты

Іс-шараның ашылуында Мемлекеттік хатшы рәсімге қатысушыларға Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Онда отбасы институтын нығайту тәуелсіздік жылдары мемлекетіміздің әлеуметтік саясатына айналғаны айтылған. Бұл бағытта маңызды шешімдер қабылданды. Елімізде жыл сайын Отбасы күні мейрамын атап өту, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ұйымдастыру дәстүрге айналды.

Бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» сияқты жалпыұлттық жобалар қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Олар жаһандық үрдістерге сүйене отырып, қамқорлық пен көмекті ұдайы жалғастыруда. Отансүйгіштік, еңбекқорлық, мейірімділік пен қайырымдылық сияқты киелі құндылықтарды бойына сіңірген отбасылардың өкілдері конкурс жеңімпаздары болады.

Салтанатты іс-шара аясында Мемлекеттік хатшы ақырғы кезеңге өткен әрбір отбасыға диплом мен бағалы сыйлықтарды тапсырды.

Жеңімпаз отбасы конкурстың 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында sms/интернет арқылы дауыс берілген соңғы кезеңінің қорытындысы бойынша анықталды. Жамбыл облысынан қатысқан Ниязқұловтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының 2018 жылғы лауреаты атанды. Отағасы Ниязқұлов Үмен (83 жаста) 40 жылдан астам уақыт ауыл мектебінде мұғалім, директор болып еңбек еткен. Зайыбы Ниязқұлова Баян (80 жаста) 26 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Аға буынның педагогикалық қызметін балалары мен немерелері жалғастыруда. Әулеттің 3 буынының жалпы  педагогикалық өтілі – 198 жыл. Ерлі-зайыптылар 62 жыл бірге өмір сүріп келеді, 12 бала, 32 немере, 20 шөбере тәрбиелеп-өсіріп отыр.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова жеңімпаз отбасыға салтанатты түрде естелік мүсінше мен автокөлік кілтін табыс етті.

Марапаттау рәсімі қазақстандық танымал эстрада әртістері қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.