Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Халықты ауылға тарту – мемлекеттік идеологияның өзегі болуы керек

1272 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Халықты ауылға тарту – мемлекеттік идеологияның өзегі болуы керек

Бізді ауылдың алдағы 30-40 жыл­дағы перспективасы толған­дыра­ды. Тұрғындар миграциясының жылдан-жылға өсу тенденциясына қарағанда, осы мерзімде терістік облыс­тар­дың ауыл­дарында жұмыс істеуге қабі­лет­ті адамдар қалмайтын сияқты. Ауыл­ға жаңа технология, озық техника жет­кізуден бұрын бізді осы мәселе қатты ойлантуы керек секілді. Өйткені адамды асырайтын қара жеріміз бен жа­йылымдарымыз бос қалып, азық-түліктің бәрін сырттан таситын жағ­дайға жетіп қалуымыз мүмкін.

Сондықтан біздің мемлекеттік идеологияны жүргізетін барлық қыз­меттеріміз – ауылдағы мамандық­тарды жаппай насихаттап, олардың маңыздылығын, елге қажеттілігін жас­тардың бойына сіңіріп, патриоттық сезімдермен үйлестіріп, кеңінен тара­туды, жас саналарды соған қызық­ты­руды қолға алуы керек деп санаймыз.

Америкалықтар бір жылдары ковбойларды («сиыршы бала» деген сөз) қатты дәріптеп көптеген кинолар түсіріп, көркем әдебиеттер жазып, театр туындыларын шығарып еді, қарапайым «малшы» дегенді ғана білдіретін осы мамандыққа жас­тар арасында жаппай қызығушылық туды. Олардың киетін униформаларын жастар модаға айналдырып, салтанатпен жүретін болды. Вестерн жанрында түсірілген фильмдердегі ковбойлар образы АҚШ-тың тұрақты брендіне айналды. Жыл сайын өткізілетін родео жарыстары барлық америкалық балалардың қатысқысы, тамашалағысы келетін спорт түрі болды. Егер біз де малшылар мен диқандар өмірін өнер туындыларымен насихаттай білсек және олардың өз жұмыстарында үлкен табыстарға жетіп, көп қаражат табатынын көрсете білсек, базарларда ауыр жүктерді тасумен ғана айналысып жүрген мыңдаған жастарымыз ауылдарға барып, мал өсіруге тырыспас па еді? Диқан болып, дән егуге ұмтылмас па еді? Бағбан болып, жеміс-жидек екпес пе еді? Құрылыстарда біреулерге жалданып, арасында алданып, ешқандай квалификацияны қажет етпейтін қара жұмыстарды ғана істеп жүргендер сөйтіп өзінің стихиясын табар еді ғой.

Өткен ғасырдың 30-60 жылдарында Кеңес одағында ауыл еңбегін дәріптейтін, ауыл мамандықтарын насихаттайтын қаншама тамаша кинолар, театр туындылары, көркем шығармалар, ән-жырлар болды. Мә­селен, «Өз отыңды өшірме», «Трактористер», «Живет такой парень» деген фильмдер, «Шопан әні», «Тракторшы қарындас», «Жыл­қы­шы­ның әні», «Су тасушы «водовоз» және т.б. тамаша әндер ауылдағы барлық мамандар мен мамандықтарды қатты насихаттап, жастарды елеңдетті. Соның арқасында даланы ешқашан көрмеген, қалада туып-өскен жастар да ауылға асықты. Тіпті Алматы, Мәскеу, Ленинградты тастап, өз ерік­терімен ауылдарға келген жастар болды. Қазір де өз заманымызға лайықты әдістермен жастарды осылай, ауылға тартуымыз керек. Соның ішінде ешкімнің көмегінсіз, өздігінен жер алып, жұмыс істеп, мал өсіріп жатқан жеке адамдарды халыққа кеңінен танытып, насихаттап отырған жөн. Бұл істе ұлы Абайдың: «Өз қайратыңа сүйеніп еңбек ет, еңбек етсең қара жер де береді, құр тастамайды», деген сөздерін ұран етіп көтерген дұрыс. Сонда халық арасында қара жердің қасиетін тануға деген ұмтылыс туа­ды. Бұрынғы «Шопандар тойы», «Малшылар слеті», «Сабан той» деген сияқты спорттық жарыстармен үйлестірілетін әдемі жиындар жаңа мазмұнмен толықтырылып, тұрақты өткізіліп тұрса да жастардың ауылға деген ынтызары артады.

Өзінің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ғамына қарай 20 қадам» атты ма­қа­ласында Президент Нұрсұлтан Назар­баев: «Әлеуметтік жаңғырту жо-лындағы айтарлықтай кедергі инфантилизм секілді кең тараған құбылыс болып табылады» деген еді. Өмірге деген осы жеңіл көзқарас, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге дағдылану біздің қазақ арасында өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері қатты «жабысты» деп айтуға болады. Ауылдағы ата-аналардың бәрі балаларын малшы болудан сақтандырып, тракторшы болудан шошындырып, «мұнда үсті-басың қап-қара, май-май болып жүргенше қалаға кетіп, таза жерде жұмыс істе» дегенге азғырумен болғаны жасырын емес. Тіпті ауыл шаруашылығы мамандықтарына оқытудан да балаларын тыйған ата-аналар бар. Мысалы, «зоотехник болсаң – малшымен бірдей жүресің», «агроном болсаң – ала таңнан тұрып-ап, дала кезесің» деген сияқты үркіткен сөздерді жиі естуге болатын. Осыған өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталған «жабайы капитализмдегі» еңбекке деген теріс көзқарастың қалыптасуын қосыңыз. Бұл кезде «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» деген сияқты формулалар пайда болып, ол абсолюттік биікке көтерілді. Міне, осындайлардың кесірінен қазір жастардың бәрі қара жерден қол үзіп, нәпақасын басқа жерден табуға тырысуда.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының шеңберінде осы бір істі қолға алып, жастарды ауылда жұмыс істеуге, қара жерден ләззат алуға ұмтылдыруымыз керек. Сонда ғана біз еліміздің алдында тұрған азық-түлік бағдарламасын іске асыруға қол жеткіземіз, жеріміздің нәрін халық игілігіне айналдыра аламыз. Ал біздің жеріміз, ұқсата білген адамға өте бай, онда мал да өсіруге, дән де, жеміс-көкөніс те шығаруға болады. Осы орайда еврей халқының тағдыры туралы айта кеткен жөн. Олар Таяу Шығыстан жер алып, өз алдына мемлекет құрғанда алған жерлері туралы Израильдің бұрынғы Премьер-министрі Шимон Перес былай деген еді: «Біз өзіміздің жеріміз болғанын армандадық. Бірақ біздің қолымызға тиген жер – армандайтын жер емес еді. Бұл Таяу Шығыстың мыңнан бір бөлігі болатын. Оның үстіне бұл жер бізге құшағын жайған жоқ. Онда тек батпақ, шіркей, оңтүстігінде шөл, тас­тар болды. Бізге тек сыңсыған маса мен тақыр тастың бірін ғана таңдау керек болды. Басқа таңдау жоқ. Екі көл болды – оның біреуі өлі, екіншісі өлуге жақын. Атағы алысқа жайылған өзен болды, бірақ оның суы жоқ еді. Нақты айтқанда су мүлде болған жоқ.

Біз сол жерге келіп, не істеуді білмедік. Шын мәнінде білмедік. Сосын біз табиғаттың ең үлкен байлығы – адам деген қорытындыға келдік. Қорытындымыз бізді алдамады: ақыры бізде жер адамды емес, адамдар жерді байытты».

Міне, сол жерді қазір еврейлер адамға сенудің, адамның қабілетіне иек артудың арқасында жер жәнна­тына айналдырып отыр. Қазір олардың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 36,5 мың АҚШ долларына тең. Бұл Таяу Шығыстағы ең жо­ғары көрсеткіш. Салыстыру үшін ай­тар болсақ біздегі ІЖӨ 7,4 мың доллар ғана.

Ал біздің жеріміз еврейлердің жерімен салыстырғанда «түгін тартса – майы шығатын» дейтіндей әлде­қайда құнарлы. Адамдарымыз да еврейлерден кем емес, біздің де олардікі сияқты екі қол, екі аяқ, бір бас, бір жүрегіміз бар. Тек соның бәрін іске қосып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», жұмысқа жұмылдыра білуіміз керек.

Ауыл тұрғындарын, ауыл еңбек­керлерін дәріптеу, оларға зор құрмет көрсету бүгінгі таңда көптеген елдің мемлекеттік идеологиясына айналған. Мысалы, АҚШ-та да фермерлерге деген құрмет өте зор. Олардың тапсырыстары бірінші кезекте орындалады. Көптеген мемлекеттік қыз­меттер «фермерлерге кезексіз кіруге болады!» деп жазып қояды. Хи­мия­лық қоспалары бар «фастфуд» өнім­дерден қашатын америкалықтар фермерлердің таза өнімдерін алуға құштар. Бұл елдің билігі жаңа жұмыс орындарын ауыл шаруашылығы саласында ашудың перспективасы жоғары екендігіне көздері жеткен. Қазір «бір фермер 75 адамды асырап отыр» деген сияқты ұрандар ауыл еңбеккерлеріне деген құрметті арттыра түсуде. Ал бізде керісінше, фермерлерді емес, үлкен корпорацияларды насихаттау көбірек, бірақ олардың жалпы өндірісі шағын қожалықтарға қарағанда әлі де мардымсыз. Мысалы, Қазақстанда өндірілетін сүттің 68 пайызын әлі күнге шағын фермерлер береді.

Ауылға жастарды тарту идеоло­гиясын қызу жүргізумен қатар, мемлекет барлық өңірлерге, тіпті ең алыс түкпірлердегі қоныстарға дейін қат­ты жолдар тарту және шағын фер­мер­лерге түрлі жеңілдіктер беру бағ­дарламасын да қолға алуы керек. Сонда ауыл жайнап, дала ойнап кетер еді ғой. Жастардың ауылға деген ынты­зарлығы да, қара жерде жұмыс істеуге деген құлшынысы да артар еді.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»