Медицина • 11 Қыркүйек, 2018

Баспана – бақыт шамы

926 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тұрғын үй мәселесі қай кезде де өзекті. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дегендей, үй баспанасыз жанның басты мұңына айналады. Дей тұрғанмен, бү­гінгі таңда ел тұрғындары үшін бас­­паналы болудың мүмкіндіктері көп. Өңірлерде «Нұрлы жер» бағдар­­ла­­масы арқылы біршама тұрғын үй ке­­шендері салынып, ел игілігіне бе­ріл­ді. Көптеген отбасы қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенеліп жатыр. Мем­лекеттің мыңдаған азамат­тарға жа­саған қамқорлығы мен мүмкін­­дік­те­­рінің нәтижесінде әрбір азамат өз ша­­ңырағының иесі атанып, мерейі тасуда. 

Баспана – бақыт шамы

«Өз үйім – өлең төсегім» дейді халқымыз. Бақыт шамы маңдайына бұйырған баспаналы азаматтардың қатары бүгінде Жамбыл облысында да көбейіп келеді. Жуырда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша Тараз қаласындағы «Арай» алқабынан бой көтерген 80 пәтерлік бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй пәтерлерінің кіл­ті толық емес отбасыларға, жетім бала­ларға, Ұлы Отан соғысының арда­гер­леріне, сонымен қатар ұзақ жылдан бері кезекте тұрған бюджеттік мекеме қызметкерлеріне табысталды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар облыстың бар­лық елді мекендерінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында және жер­­­­гілікті, сонымен қатар облыстық бюд­жет есебінен жалғасын табатын болады. 

«Арай» алқабынан бір жарым жылда бой көтерген тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына республикалық бюджет есебінен 614 миллион теңге жұм­салды. Тұрғын үйдің жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды. Жаңа тұрғын үйде 15 бір бөлмелі, 30 екі бөлмелі және 35 үш бөлмелі пәтер бар. Со­нымен қатар барлық пәтер заманауи үлгіде жасақталған. Бір айта ке­терлігі, ағымдағы жылдың соңына қарай «Бәйтерек» шағын ауданында жал­дық негізде пайдалануға арналған тағы да 100 және 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталатын болады. Бұл да талай тұрғынның баспаналы бо­­луына мүмкіндік сыйлайтын жағдай. 

Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев жыл соңына дейін №15 шағын ауданда 800 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үй құрылысының аяқталатынын жеткізді. Сонымен қатар 255 коттедждік жеке тұрғын үй салыну үстінде. «Өңірдегі жалпы тұрғын үй құрылысына биыл 7,2 миллиард теңге қарастырылған. Барлығы 1600-ге тарта отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Бірінші жартыжылдықта Тараз, Қаратау және Жаңатас қалаларында алты тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы 397 мың шаршы метр тұрғын үй салынған болса, биыл бұл көрсеткіш 430 мың шаршы метрге дейін жетіп отыр», дейді басқарма басшысы.

Салынып біткен тұрғын үйлерді бөлу мемлекеттік «7 – 20 – 25» бағдар­­­ла­масы арқылы жүзеге асатын болады. Ал Ұлттық банктің Жамбыл об­лыстық филиалының мәліметінше, осы уақытқа дейін өңірде «7 – 20 – 25» бағдарламасымен жалпы құны 92 миллион теңге болатын 10 өтініш қабылданып, 8 өтініш мақұлданған екен. Өңірде 23 мыңға тарта азамат баспана кезегінде тұр. Соның ішінде 16 мыңнан астам азамат Та­раз қаласының тұрғындары. Облыс орта­лығындағы қарқынды құрылыстың нәтижесінде келешекте «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы барлық кезекте тұрған тұрғындар бас­паналы бола алады. 

Келешекте №15 шағын ауданда тұр­ғындар үшін Оқушылар сарайы, Неке қию сарайы, Халыққа қызмет көр­сету орталығы және Сал­танат са­райы сияқты бірқатар көз тартатын кешен бой көтермек. Аталған ны­сан­дардың құрылысын аяқтау келесі жылға жоспарланған. 

Жыл басынан бері Тараз қала­сында жалпы көлемі 120 мың шаршы метр­ден астам тұрғын үй пайдалануға бе­рілген болса, жыл соңына дейін тағы да 13 көпқабатты тұрғын үйдің құры­лысын аяқтау жоспарлануда. Демек, жыл соңында «Нұрлы жер» бағдар­ламасы арқылы тағы да біраз азаматтар қоныс тойын тойлайтын болады.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы