Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2018

Алакөл жағалауын алаламасақ...

829 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев экономиканың келешегі мол саласы ретінде туризмді дамыту басым бағыт саналатынын әрдайым айтып келеді. Елбасы биыл Алакөл өңірінде болып, бұл жердің бүгінгі күн талабына сәйкес туризм орталығы болуға лайық екендігін атап өтті.

Алакөл жағалауын алаламасақ...

Өткен шілде айында Көктұма ауылындағы «Самал» пансио­натында демалыста болып қайт­тық. Пансионат иесі Союзхан Нөсерханқызы балаларымен демалушыларға барлық жағдай жасап отыр. Үш мезгіл дәмді ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Азық-түлікті өздері әр жерден әкеледі. Негізінен әжеп­тәуір алыс Үшарал қала­сынан тасиды. Демалатын жерде то­лық жабдықталған бөлмелер. Балалар алаңы. Кешке би өткізетін орын. Табиғи шөппен қапталып, ауасы әруа­қытта таза жазғы асхана. Дем­алушылардың саны жүз адамға жететін уақыттары да болатын көрінеді. Келушілердің көп­шілігі алматылықтар. Олар­дың біразымен сөйлескенімде пансионат иесіне риза екен­діктерін білдірді.

Екінші бір пансионат иесі Әлім. Оның мекен еткен жері көлдің жиегі. Бұл мекенде бірнеше көлде серуендейтін моторлы кішігірім жүзу техникалары бар. Тауда шаруашылығы бар екен. Біраз мал өнімдерін содан қамтамасыз етіп отыратын көрінеді. Бұл өнімдер ешқандай химиялық қоспасыз экологиялық таза. Осы бір жарым мыңдай халқы бар Көктұма ауылының біразында әртүрлі көлемдегі пансионаттардың барын байқадым. Онымен қоса ірі қалалардың қалталы азаматтары үлкен зәулім ғимараттар салып, пансионаттар ашып жат­қан көрінеді. Солардың біреуі алматылық азамат Марат деген кәсіпкермен әңгімелескенімде, ол кісі мұның өзі үшін, демалуға келушілерге де, онымен қоса үкіметке де пайдалы екендігін баяндады.

Осылардың бәрін сараптап қортындылағанда, әлі де көлдің жағалауы толық игеріліп, жабдықталмаған. Осы елді мекеннен он бес ша­қырымдай жердегі Ақши елді мекені жақ­сы игеріліп жат­­қан көрінеді. Жер­гілікті тұрғындардың айтуынша, Көк­тұма өңірінің Ақшиден кейбір артықшылықтары бар екен. Бұл ел тұрғындарының сұрайтыны – жолды жақсарту. Азық-түлік алатын жерлерді жақындату. Көлдің жиегін абаттандыру. Менің өзімнің көзіммен көргенім көлдің кейбір жағалары тік жар, тіпті биіктігі жеті-сегіз метрге жетеді. Опырылып құлап жатыр және байқамасаң тік жардан құлап кету қауіпі бар. Әрине, Алакөлдің келешекте жақсы демалыс орнына айналатынына кәміл сеніміз. Әйтсе де көлдің кейбір жерлеріне ерекше көңіл бөлініп, кейбір жерлері ұмыт қалған сияқты. Осы олқылықтың орнын толтыруға барлық жағдай жасалса, елімізде туризмді дамы­туға қосылған үлес болар еді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі