Экономика • 11 Қыркүйек, 2018

Amazon – триллионер компания

1478 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Америкалық алпауыт компания 1994 жылы құрылған. Араға бір жыл салып жеке сай­ты ашылды. Amazon атауы дү­ние жүзіндегі ең суы мол өзен Амазонканың құрметіне қойыл­ғанын айта кетейік. 

Amazon – триллионер компания

Алғашқы жылдары сайтта тек кітап сатылғанымен, уа­қыт өте келе компания басшысы Джефф Безос музыкалық дис­кілер, түрлі бейнеөнімдер сатуды қолға алды. Кейінірек MP3 жазбалар, түрлі бағдар­ла­малар, компьютерлік ойындар, электронды құрал, киім-кешек, жиһаз, азық-түлік дейсіз бе, барлығын талғамай сата беретін болды. Өткен жылдың соңғы тоқсанында 2 миллиард доллар табыс тапқан Amazon табыс көлемі бойынша әлем бойынша рекорд орнатты. 

Акцияларының құны шарықтап өскен компанияның қожайыны Джефф Безос та бір-ақ күнде әлемдегі ең бай адамға ай­налып шыға келді. Бүгінде Дж. Безостың байлығы 132 миллиард доллар деп бағаланып отыр. 

Жалпы, капитал құны триллион долларға жеткен әлемдегі алғашқы компания қытайлық PetroChina екенін айта кетейік. Қытайлық мұнай-газ компаниясы бұл межені 2007 жылы ба­ғын­дырған-ды. Шикізаттық емес салада «триллионер» атан­ған екінші компания – амери­калық Apple. Осылайша, АҚШ-тың екі бірдей компания­сы «триллионер» атанып отыр.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»