Тарих • 12 Қыркүйек, 2018

Құлшын­бай жотасында құшақтары ай­қа­сып, қатар жатқан қаһарман

575 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ деген халыққа ғана тиесілі сайын даламыздың сыртқы және ішкі жауларымыздың ежелден көзқұртына айналғаны баршамызға мәлім. Сол жалпақ жонды сары даланы қаһарман ата-бабаларымыз ақ найза­ның ұшымен, ақ білектің күшімен аман сақтап, қасықтай қаны қалғанша қорғап келді.

Құлшын­бай жотасында құшақтары ай­қа­сып, қатар жатқан қаһарман

Өзіміз бала күннен ата-апа­ларымыздың ауызекі әңгі­ме жырларынан естіп өскен Алпамыс, Қарақыпшақ Қобы­ланды, Ер Тарғын, Қара­қас­қа атты Қамбар батырлар осы туған жерді қорғаудағы ерен ер­лік істерімен ел аузында қал­ды. Сонау 300 жылдық тарихы бар қазақ-жоңғар шап­қын­­шы­лығы кезінде де ерен ер­лік көр­сеткен Қаракерей Қабан­­бай, Қанжығалы Бөген­бай, Ша­пы­рашты Наурыз­бай, Албан Хангелді мен Райымбек, Сатай мен Бөлектермен бірге Көкшетау өңіріндегі Құлшын­бай жотасында құшақтары ай­қа­сып, қатар жатқан қаһарман Қарасай батыр Алтынайұлы мен Ағынтай батыр Көрпеұлының ерлігі – ұлтымызға ұран, халқы­мызға қанатты қағида болып қалғаны да ақиқат шындық.

Биыл ақиық ақындар Сүйін­бай мен Жамбылдың өл­мес, өшпес жырларына арқау бол­ған даңқты Қарасай ба­тыр­­дың туғанына 420 жыл толып отыр. Қос батырдың елі мен жерін жаудан қорғау барысындағы өнегеге толы ерлік істері мен құшақтары ажырамаған адал достықтары күні бүгінге дейін үлкен құрмет­пен айтылады.

Осыған орай батыр бабамыз­дың бір топ ұрпақтары ортақ мәмілеге келіп, жалпақ жұрттың ұранына айналған Қарасай батырдың басына арнайы сапарлап барып қайтты. Зират етушілердің құрамында Алматы облысы Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Саят Жұрын, ел ақсақалы, Кербұлақ ауданы, Шоқан ауылының азаматы Нұртай қажы Айдынбайұлы, Қазақстандағы «Годзу-рю каратэ мейбукан» федерациясының вице-президенті Ермек Зейнол­лаев, Қазақстан Жазушы­лар одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Манарбек Ізба­саров, «Атырауэкопласт» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктес­тігі­нің жабдықтаушысы Алмас Қыр­ғызбаев сияқты баба ұрпақ­тары болды.

Екі күнге созылған сапар барысында олар батырлардың басына барып мінәжат етіп, арнайы құрбандық шалып, қос батыр мен олардың төңірегін­де жатқан ұрпақтарына және серіктеріне Құран бағыштады. Қонақтарды құрметпен күтіп алған Қарасай және Ағынтай батырлар мемориалдық кешенінің шырақшысы Исамедин Ниязұлы Омар қажы батырлар жатқан атақты Құлшынбай төбесін­дегі ғажап ескерткіштің салынуы жайынан біраз сыр шертті. Кесене батыр бабалардың жат­қан жайы толықтай анықтал­ған­нан кейін 1999 жылы баба ұрпақтарының бірі Қайрат Сатыбалды мырзаның басшы­лы­ғымен салынған екен.

Тек қана батырлардың қос кесенесі ғана емес, олардың төңірегінде жатқан үлкенді-кішілі қорым­дардың бәрі түгелдей қор­ша­лып­ты. Соған қоса осы қо­рым­­да жерленген Қарасай баты­р­дың 1648 жылы дүниеге келіп 1678 жылы 23 жастарында қайтыс болған қос ұлы Еркін мен Төркіннің басына гранит тас­­­тан белгі қойылып, оған Қара­­­сай бабамыздың: «Өліп көр­­ген жоқ­пын, одан бас­­қа­ның бә­рін көрдім десем, әлі көр­­­ме­­генім көп екен ғой...» деп қос боз­дағының қазасына қайғыр­ғанда айтқан сөзі ойып жазылыпты.

Осы қасиетті мекенде 2000 жылдан бері шырақшы болып, қос батырдың басын күзе­тіп келе жақтан Исамедин қажы бабалар басына келіп тәу етушілерлердің күні бүгінге дейін бір сәтке толастамайтынын айта келе, қанша дегенмен желдің өтінде, арқырай соғатын Арқаның қарлы бораны мен ақ жауынының өтінде тұрған кесененің осы заманғы кірпіштерінің ептеп қожырай бастауына орай мұнда күрделі жөндеу жұмыстарының қайта басталып кеткендігін айтып өт­ті. Оны Батыс Қазақстан об­лыс­­тық «Қазреставрация» ак­цио­­­нер­лік қоғамының (бас­ты­ғы Сәдуа­қас Ағатаев) баста­ған құ­­ры­­лыс­шылары жүргізіп жат­­қанынан да хабардар етті. Әруақ­­тарға көрсе­тіліп жатқан мұн­­дай үлкен құрметке зират ету­­­ші­лер бүкіл баба ұрпақтары аты­­нан үлкен алғыстарын айтты.

 

Жұмаш АРҒЫМБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

АЛМАТЫ – КӨКШЕТАУ – АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар