Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2018

Жүзжылдыққа жаңа жобалармен

535 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шеттегі қандастарымыздың атамекен қазығы – Қазақстанмен ақпараттық, мәдени-рухани байланысын нығайта түсу үшін оларға отандық мерзімді басылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. «Egemen Qazaqstan» газеті Мемлекет басшысының  тапсырмасын орындау мақсатында Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен ұлттық баспасөз тарихында тұңғыш рет Ресей аумағында газет таратуға лицензия алды. Бас басылымның 100 жылдық қарсаңында қол жеткізген осы және басқа да жаңалықтары Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Жүзжылдыққа жаңа жобалармен

«Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі атап өткендей, газет көрші елдің мерзімді басылымдар каталогына енгізілді. Ресейдің Қазақстанмен шекаралас облыстарында тұратын ағайындарымыз енді «Егеменді» жаздырып алып оқуына мүмкіндік бар. Сол сияқты бұл жұмыстар Қырғыз, Моңғолия сынды елдерде де жалғасатын болады. Қазірде осы бағыттағы жұмыстар жүйелі атқарылып, бүгінде Қырғызстанда газетіміздің арнаулы тілшісі бар екенін айта кеткеніміз жөн.

Бас басылымның оқырмандарына ұсынатын тағы бір үлкен жаңалығы – әйгілі  америкалық алпауыт газет New York Times бетіндегі айтулы сараптамалар, шолулар, мақалалар легі алдағы күндерде «Egemen» бетінде беріле бастайтыны. Бұл жаңалық «Егемен Қазақстан» АҚ-ы мен New York Times арасында қол жеткізілген келісімшарт негізінде жүзеге асатын болады. Қазақстанның ақпарат кеңістігінің аясын кеңейтуге ықпал ететін бұл қадам отандық журналистикаға стильдік, мазмұндық және тілдік тұрғыдан да игі әсерін тигізеді деп пайымдаймыз.

Сондай-ақ Елбасының рухани жаңғыру аясындағы тапсырмаларын орындау мақсатында «Егемен» латын әліпбиіне көшуге де толық дайын. Бұл орайда, авторлық бағандарды латын әліпбиімен жариялай бастаған газет алдағы күндері «Рухани жаңғыру» сынды тұтастай бір бетін латын графикасындағы қазақ әліпбиімен басуға көшетін болады.

Тағы бір тоқталатын жаңалық, биылдан бастап Egemen.kz интернет редакциясы газеттің аудионұсқасымен бірге Egemen.tv видеоресурсын да іске қосты. Оның қатарында Youtube арнасындағы «Өрнек», «Стадион», «Egemen жаңалықтары» бейнежобаларын айтуға болады.

Газет басшысы сонымен қатар бас басылымның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ғасырлық тиражы электронды форматқа көшірілгендігін де атап өтті. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған ауқымды істің бірі болатын бұл жоба да қалың оқырманмен қатар, зерттеуші ғалымдар үшін аса қажетті ресурс.  

Мұның сыртында «Егемен Қазақстан» газеті «Egemen-академия» жобасын жүзеге асыруды жалғастырып, II маусымын бастайды. I маусымда белгілі медиаменеджерлер мен журналистердің қатысуымен 14 дәріс өтіп, 50 қатысушы студентке сертификат берілген болатын. Сонымен қатар, жаңа маусымда өңірлік баспасөз ұжымдары өзара тәжірибе алмасу үшін «Егеменге» келетінін айта кету керек. Олардың алғашқы легінде Қызылорда мен Шығыс Қазақстан облыстарының журналистері болады.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар