Қаржы • 13 Қыркүйек, 2018

Жаңғырмалы энергия жобалары

971 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып «жасыл» экономикаға көшу туралы стратегиялық құжат қабылдағаны белгілі. Әлемдегі аса ірі шикізат экспорттаушы мемлекет ретінде мойындалған, мұнай мен газдың, көмірдің мол қоры бар елдің жаңғырмалы қуат көздеріне көшу туралы шешімге келуінің себебі неде? 

Жаңғырмалы энергия жобалары

2016 жылдың қараша айында Қазақстан БҰҰ-ның Кли­маттың өзгеруі туралы не­гіз­демелік конвенциясы тарап­тарының конференциясын­да қол қойылған Париж келі­сімін ратификациялаған бола­тын. Ал Париж келісімін рати­фи­кациялаған елдер парник газын шығару көлемін барынша азайтуға үлес қосып, осыған қатысты тиісті міндеттемелерді орындап, қол жеткізген нәти­желер туралы бес жыл сайын есеп беріп отыруға тиіс. 

– Республикамыз парник газын шығаруды 2030 жылға қарай 1990 жылмен салыстырғанда 15 процентке дейін азайту туралы міндеттеме алды. 1990 жы­лы оның көлемі 389 CO2-экви­валентті құраса, 2015 жылы көрсеткіш 301 миллион тоннаға төмендеді. 2030 жылға қарай Қазақстан шығарылатын CO2 көлемін 330 миллион тонна­дан асырмауы керек. Осы мін­дет­темені жүзеге асыру үшін елі­мізде парник газдарын шығаруды азайтуға ықпал ететін жобаларды қолдау, қалдықтар шығаруға квотаны сату, «жасыл» қаржы нарығын дамыту сынды шаралар қолға алынуда. Еуропалық тә­жірибені назарға ала отырып, 2013 жылы Қазақстан өзінің ұлт­тық көміртегі нарығын – қал­дық­тарды саудалау жүйесін жолға қойды. Бұл жүйе парник газдарын шығаруды реттеп отыруға және көміртегі аз шығатын тех­нологияларды дамытуды қол­дауға, жаңғырмалы энергия көз­дерін жетілдіруге мүмкіндік бе­реді, – дейді Энергетика ми­нистрі Қ.Бозымбаев. 

2016 жылы осы жүйенің те­тіктерін 2018 жылдан бас­тап қолданысқа енгізу туралы ше­шім қабылданған болатын. Был­тыр энергетика, мұнай және өндіріс салаларына арналған парник газдарын шығарудың 52 дербес коэффициенті бекітілді. Қалдықтар шығаруға квотаны реттеудің 2020 жылға дейінгі ұлттық жоспары да бекітілді. 

Париж келісімі бойынша, дамыған елдердің технология­ларын дамушы елдерге тарату – климаттық өзгерістермен кү­ресудің негізгі тетігі саналады. Бұл халықаралық құжатта қол қойылғанға дейін Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын құру жөніндегі бағдарламасы БҰҰ тұрақты даму жөніндегі РИО-20 конференциясында қол­дау тауып, БҰҰ Бас Ассамб­леясының 66-сессиясында қабылданған болатын. Бүгінгі таңда 16 мемлекет пен 16 үкі­меттік емес ұйым «Жасыл кө­пір» әріптестік бағдарламасы жөніндегі хартияның мүшесі болып табылады. Соңғы 3 жыл ішінде жаңғырмалы энергия, қалдықтарды басқару, энергияны үнемдеу және тиімді пайдалану технологияларын трансферттеуге байланысты 70-тен астам меморандумға қол қойылды. 

– «Жасыл көпір» бағдар­ла­масының жалғасы ретінде сарапшылық топ ЭКСПО-2017 көрмесінің мұраларын отандық экономикаға енгізу үшін 105 шетелдік және 28 отандық жобаны іріктеп алды, сәуір айында Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы құрылды. Бұл орталық «жасыл» тех­но­ло­­гия­ларды трансферттеуге, елімізде көміртегі аз бөлі­­нетін жобалар­ды жүзеге асы­­ру­ға қажетті ше­телдік инвес­тор­­лармен байланыс орнатады. Бүгінгі таңда Жапо­ния, Оң­түс­тік Корея, Түркия, АҚШ, БАӘ, Қытай және басқа да ел­дер­дің мемлекеттік және жеке ұйым­­дарымен арада бел­сен­ді ынты­­мақтастық және бірлес­кен жо­баларды жүзеге асыру жө­нін­­­дегі келісімдерге қол жет­кі­­зілді,– дейді Энергетика ми­нистрі. 

Оның айтуынша, елімізде балама және жаңғырмалы энергия көздерін дамыту жұмыстары табысты жүргізілуде. Мәселен, Жаңғырмалы энергия көздерін дамытуды қолдау туралы арнайы заң қабылданған, оған қол жеткізудің нақты мақсатты индикаторлары мен атқарылатын шаралар айқындалған. Қазақ­стан­ның «Жасыл» экономикаға кө­шу конвенциясында көрсе­тіл­гендей, еліміздің энергиялық балан­сындағы балама энер­гия­ның үлесі 2020 жылға қарай 3 про­цент­ке, 2030 жылы – 30, 2050 жылы 50 процентке жетуі керек. 

Қазір Қазақстанда жаңғыр­малы энергия өндіретін 65 ны­сан, нақты айтқанда 12 жел стан­сасы, 19 күн стансасы, 33 гидроэлектрстанса, 1 био­газ қондырғысы жұ­мыс іс­теп тұр. Соның арқа­сында Па­риж келісімі бойынша мін­дет­темелерді орындауға мүм­кіндік артып келеді. Өткен жыл­дың қорытындысына көз жүгірт­сек, пайдаланылған энергия ресурстарының 68 проценттен астамы көмірден, 20 процент­тен астамы газдан алыныпты. Гидроэлектрстансалардан алын­ған энергияның үлесі 10 процент шамасында. 

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жаң­ғырмалы энергетиканы дамы­ту жобаларының барлығы ше­­тел­­­дік инвесторлардың займ­да­ры есебінен, сондай-ақ рес­пуб­­­­ликалық бюджеттен және жеке қаражат көздерінен қаржы­лан­­дырылады. Мемлекет жаңғыр­малы қуат көздерінен алынған электр энергиясын тариф бо­йынша немесе аукциондағы баға бойынша сатып алуға ке­піл­­­дік береді. 2009 жылы «Жаң­­­ғыр­­малы энергия көздерін пай­да­­лануды қолдау туралы» Заң қа­был­данғаннан бері бұл секторға 58,5 миллиард тең­геден астам қара­жат бөлінген. 

Қазақстан көмір қорының кө­лемі бойынша Қытай, Ресей, Аустралия сынды мемлекеттер­мен бірге дүние жүзінде ал­ғаш­қы ондыққа кіретіні белгілі. Тәуелсіздік жылдарында өн­діруші кәсіпорындар барлы­ғы 2,3 миллиард тоннаға жуық қат­ты отын өндіріп, оның 600 мил­лион тоннадан астамы экс­портқа шығарылыпты. Өткен жылдың өзінде 106,7 миллион тонна көмір өндіріліп, 2016 жылғы көрсеткіш 8,3 процентке артығымен орындалған. Қыс­қасы, елімізде көмір қоры жет­кілікті, жүздеген жылға еркін же­тетін қор бар. Дегенмен бүгін­гі таңда көмірді тереңдетіп өңдеу, сапасын сұранысқа сай көтеру, нарықтағы бағасын арттыру қажеттігі туындап отыр. Ең бастысы, көмір химиясы сек­торын дамытуға баса көңіл бө­лінбек. Бұл мәселеге қатысты Қ.Бозымбаев:

– Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдар­мен және энергия өндіруші ком­па­ниялармен бірлесіп энер­гия көздерін газға көшіру мүм­кін­діктерін қарастыруда. Биыл елорданы, орталық және солтүстік аймақтарды газдандыру үшін «Сарыарқа» газ құбырын салу жұмыстары басталады, – дейді. 

Соған орай, таяу болашақта электр стансаларының құрыл­ғылары газтектес отындарды жағуға көшетін болады. Мәселен, Астанада жаңа нысандарды жобалау мен салу кезінде қатты отынмен жұмыс істейтін автономды қазандықтарға 

тыйым салынады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар табиғи немесе ілеспе газға көшеді. 

Жаңғырмалы энергия көз­­деріне көшуге байланысты қандай нақты құқықтық, эконо­микалық шаралар қабылданды? Бұл сауалға Энергетика ми­нистрі:

– Премьер-Министрдің өкі­мімен жаңғырмалы энергия көздері секторының инвес­ти­циялық тартымдылығын арттыру жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды. Инвестициялар және даму министрлігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп Американың Қа­зақ­стандағы Сауда палатасымен, Еуропа қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен бірқатар кездесу өткізілді. Энер­­гетика министрлігі барлық ұсы­­ныстарды қабылдап, оны тиіс­ті нормативтік-құқықты құ­­жат­тарға енгізу бойынша жұ­мыс істеп жатыр, – деп жауап берді. 

Жаңғырмалы энергия көз­дерінің үлесін 2020 жылға қа­рай 3 процентке жеткізу ірі жо­ба­ларға қатысып жатқан инвес­торлардың осындай қуат көз­дерінен алынған энергия­ны сатып алу туралы келісім­шарт-

­тарының есебінен жүзеге асы­рылмақ. Қазіргі таңда мұн­дай нысандардың жалпы қуаты 2 мың МВт-ты құрайды. 

Жаңғырмалы энергия көз­­дерін дамытуды мемлекет тарапынан қолдау 2009 жы­лы қа­былданған заңнамада бекі­тілген. Аталған құжатта осы секторға ин­вестиция тарту мә­селесі де қарастырылған. 

Бұған дейін Жасыл климат қоры Еуропа қайта құру және даму банкінің тиісті бағ­дар­ламасының аясында Қазақ­стандағы Жаңғырмалы қуат көз­дерін дамыту жобаларына 110 миллион доллар қаражат бөлгенін ерекше атап өткен жөн. Ел Үкіметі Сауд Арабиясы корольдігінің Энергетика, өнер­кәсіп және минералды ресурс­тар министрлігімен, General Electric және Eni сынды алпауыт компаниялармен арадағы меморандум аясында Қазақстан аумағында «жасыл» жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылуда. 

– Жоспарланған жұ­мыс­тарды жүзеге асыру арқыл­ы Қазақстан «жасыл» экономи­каға көшу жө­ніндегі стратегия­лық мақсатына қол жеткізе­тіні­не сенімдімін, – дейді Қ.Бо­зым­баев. 

Басқа да дамушы елдер сияқ­­ты Қазақстан бертінге дейін негізінен дәстүрлі энергия көз­­деріне иек артқан, энергия тасы­малдаушы шикізаттарды экс­порттаумен айналысқан ел екені белгілі. Алайда бола­шақ әлемдік қоғамдастық алдын­дағы жауапкершілікті түсіне отырып, еліміз «жасыл» экономиканы мемлекеттік даму стратегиясы ретінде айқындады. Оны жүзеге асыру үшін қолға алынған шаралар еліміздің Па­риж келісімінің аясындағы пар­никтік газдарды шығару кө­ле­мін азайту және шектеу жө­ніндегі халықаралық міндет­темелердің үдесінен шығуына жол ашуға тиіс.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»