Президент • 14 Қыркүйек, 2018

Қазақстан-Түркия:Тамыры терең ынтымақтастық

1358 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Түркия Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан мен Түркия президенттері арасында келіссөз өтті. Кездесуде бауырлас елдер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың және сауда-экономикалық қатынастарды нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстан-Түркия:Тамыры терең ынтымақтастық

Осы күні Н.Назарбаев Түркия Республикасының іскер топтар өкілдерімен кездесті, сондай-ақ Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысына қатысты. Іс-шара барысында сауда-экономикалық және инвестициялық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сапар қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтатын бірнеше құжатқа қол қойылды.

Қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары журналистерге арналған баспасөз жиы­нын өткізді. 

Түркі тату болса, табыс көп

Қазақстан Президенті іскер топтар өкілдерімен кездесу барысында Түркияның бизнес өкілдері алдында сөйлеген сөзінде екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық оң қарқын алып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстан мен Түркия ара­сындағы қатынастар өзара дос­тыққа, бауырластық пен сенімге негізделген. Сауда айналымы жөнінен Түркия Қазақстанның стра­тегиялық серіктестерінің ал­ғашқы ондығына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 27 процентке өсіп, 2 мил­лиард АҚШ долларына жуық­тады, – деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Мемлекет басшысы инвес­ти­циялық ынтымақтастық пен эко­но­миканың түрлі са­ла­ларын­дағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқтал­ды. Атап айтқанда, тәуелсіз­дік ал­ғаннан бері елімізге Түр­кия 3 миллиард АҚШ дол­лары­нан астам инвестиция құйға­нын жә­не бүгінде Қазақстанда түрік ка­пи­талының қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Пре­зиденті екі ел кәсіпкерлерін қол­дауға бағытталған «Жаңа си­нер­гия» бағдарламасының жү­зеге асырылу нәтижелері жө­нінде айтты.

– Осы бағдарлама аясында құны 800 миллион доллар бола­тын 23 жоба іске қосылып, 3 мың жаңа жұмыс орнының ашылуы­на мүмкіндік берді. Кеше ел­деріміздің бизнес өкілдері құны 1,7 миллиард доллардан аса­тын 24 келісімшартқа қол қой­ды. Бұл – біздің өзара сенім мен ынтымақтастығымыздың жарқын мысалы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында Мем­лекет басшысы Қазақстан­ның эко­номикалық артықшы­лық­тары­на және елімізде бизнес жүр­гізу үшін жасалған қолайлы жағ­дайларға назар аударды.

– Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде ке­шен­ді жұмыстар жүргізілуде. Кәсіп­кер­лікті дамыту үшін заңна­маға тиісті өзгерістер енгізілді. Дү­ниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қа­зақстан 190 елдің арасында 36-орында. Біздің мемлекет Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Инвестициялық ко­ми­тетінің мүшесі болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі мен «Қазақ Ин­вест» компаниясының жұмы­сы және инвесторлар үшін қарас­тырылған түрлі жеңілдіктер жөнінде айтты.

– Қазақстанда 11 арнайы эко­номикалық және 24 индустриялық аймақ бар. Олардың жұмысына қатысушылар үшін салықтық және өзге де жеңілдіктер қарас­тырылған. Түрік компанияларын Қазақстанда өз бизнестерін өркендетуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті еліміздің көлік-тран­зит әлеуетінің мүмкін­діктеріне жан-жақты тоқталды.

– Қазақстан Еуропа мен Азия ара­сын­дағы транс­кон­­ти-нентальды мульти­модаль­ды жүк тасымалын бел­сенді дамы­туда. Еліміз арқы­лы 5 темір жол және 6 халық­аралық авто­мобиль жолы өтеді. Транс­кас­пий мультимодальды жүк тасы­малын дамыту үшін көп жұмыс атқарылуда. Ақтау пор­тын жаңғыртып, оның мүмкіндік­терін кеңейттік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қа­зақ­стан­дағы өнеркәсіп кәсіпорын­дарын жекешелендіру үдері­сіне және агроөнеркәсіп кеше­нін­дегі инновациялық жобалар­ды іске асыруға шетелдік инвес­тор­лар­дың қатысу мүмкіндігі бар екенін де атап өтті.

Сонымен бірге Қазақстан Пре­­зи­денті түрік бизнесмендерін Назар­баев Университеті мен Ин­но­­ва­циялық технологиялар пар­кі базасында құрылған иннова­ция­лық кластерлердің жұмысына атсалысып, туристік саладағы бір­­лескен жобаларды жүзеге асы­ру мүмкіндіктерін қарастыруға ша­қырды.

– ЭКСПО-2017 көрмесінің базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істей бас­тады. Бұл орталық Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Ду­бай қалаларындағы қаржы орта­лық­тарының үздік моделі негізінде жұмыс жүргізеді. Оның құқықтық мәртебесі конституциялық заң­мен бекітілді, жұмыс тілі – ағыл­шын тілі. Бұл – өңірдегі қызметі ағылшын құқығына негізделген бірден-бір орталық, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Ас­та­на» халықаралық қаржы ор­та­лы­ғының негізгі артықшы­лықтары жөнінде айтып, бұл орталықтың жұмысына қатысушылар үшін арнайы салық, валюта, виза және еңбек режімдері енгізілгенін атап өтті.

Соңында Қазақстан Пре­зи­ден­ті екі ел бизнесмендерін бүгін­гі жасалып отырған мүмкіндіктің бәрін пайдалана отырып, мем­ле­кет­аралық байланыстарды дамыту және нығайту ісіне белсенді атса­лысуға шақырды.

Инвестициялық әріптестік нығая түседі

Бұдан соң Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысына қатысты.

Қазақстан Президенті оты­рыс­қа қатысушылар алдында сөй­леген сөзінде екіжақты ынтымақ­тастықтың қазіргі мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

– Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы қарым-қатынас страте­гиялық серіктестік рухында дамып келеді. Сауда-эконо­ми­калық байланыстар ынтымақ­тас­ты­ғымыздың маңызды бөлігі саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кия­ның маңызды инвестициялық әріптестеріміздің бірі екенін айт­ты.

Қазақстан Президенті екі­жақты байланыстарды одан әрі нығайтудың нақты шараларына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзара ынтымақтастық мәселелерін ше­шу үшін Қазақстан мен Түркия ара­сындағы үкіметаралық комис­сияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Жаңа синергия» атты бірлескен бағдарламаны жүзеге асыру нәтижелеріне тоқталып, инвестициялық әріптестікті дамыту перспективалары туралы әңгімеледі.

– Бүгінде Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көлік инфрақұрылымын жаңар­туда. Біз осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Орталық Азия­дағы жетекші логистикалық хабқа айналуды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты бізге елдеріміздің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мұнай-газ және әскери-өнеркәсіп са­ла­лар­­ындағы қатынастарды ны­ғай­ту мәселелеріне назар аударды.Сон­дай-ақ Мемлекет басшысы аг­роөнеркәсіп кешенінде, турис­тік және ғылыми-техни­ка­лық са­ла­ларда тиімді байланыс­тар ор­на­тудың маңызды екенін атап өтті.

Кеңес барысында мәдени-гу­ма­нитарлық ынтымақтастық мә­се­лелеріне де ерекше мән берілді.

Бекем бауырластықтың бедерлі белесі

Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кия Республикасына ресми са­парының қорытындысы бойын­ша бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның өкілдері үшін брифинг өткізді.

Журналистер алдында сөйле­ген сөзінде Мемлекет басшысы қонақжайлылық көрсеткені үшін Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанға ризашылық білдіріп, өткен президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.

«Ресми сапарға түрік еліне шақырып, қонақжайлылық көр­сет­кендеріңіз үшін барша­ларыңызға, ең алдымен Пре­зи­дент мырзаға шын жүрегіммен алғысымды айтамын. Бауырлас Түркияның ішкі саяси тұрақ­тылығы мен тыныштығы Қазақ­стан үшін өте маңызды. Режеп Тайип Ердоғанды биылғы маусымда жаңа жүйе бойынша өткен президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен тағы да шын жүректен құттықтаймын.

Сайлау нәтижесі түрік хал­қы Президент мырзаның ерен ең­бегін жоғары бағалап, жүргізіп отырған саясаты мен страте­гия­лық бағыттарын қолдап отыр­ғандығын әлем алдында көрсетті. Барша қазақстандықтардың атынан Түркия басшылығының жаңа бастамаларына табыс, бауырлас түрік халқына бақ-береке тілеймін. Түркия – Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық әріптестерінің бірі. Қазір ор­тақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынасымыз өрістей түсуде. Байланысымыз барлық салада ілгерілеп, дамып келеді», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен мазмұнды әрі нә­тижелі келіссөздер жүргізгенін атап өтіп, осы заманның өзекті мәселелері жөнінде ой-пікір алмасқанын мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың страте­гиялық сипатын атап өтті.

– Ортақ тарих пен рухани құндылықтарға негізделген қа­рым-қатынастарымыз қарқынды дамып, барлық бағыттар бойынша нығая түсуде, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президенті Ре­жеп Ердоғанмен өткен келіссөз нә­ти­желеріне жан-жақты тоқтал­ды.

– Бүгін Түркия Президентімен мазмұнды әрі нәтижелі келіс­сөз өткіздік. Бұл кездесу өзек­ті мәселелер жөнінде пікір алма­суға мүмкіндік берді. Жал­пы, Ас­тана мен Анкара өңірлік жә­не халықаралық проблемалар­ды әр­дайым ашық талқылайтынын атап өткім келеді. Бұл мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас, – деді Қазақстан Пре­зи­денті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары дең­гейдегі стратегиялық ынты­мақ­тастық ке­ңесінің үшінші оты­рысы екіжақты қатынастарға одан әрі тың серпін беретініне сенім біл­дірді.

Мемлекет басшысы екі елдің саяси диалог пен бауырлас ха­лық­­тардың достығын әрі қарай ны­ғай­тып, тереңдете түсуге мүд­делі екенін айтты.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті екі мемлекет арасын­дағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.

– Қазір елімізде түрік капи­та­лының қатысуымен құрылған 1800-ден астам кәсіпорын бар. Тауар айналымының көлемі өткен жылы шамамен 2 миллиард доллар болды. Бұл көрсеткішті болашақта 5 миллиард долларға жеткіземіз деп келістік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа синергия» атты бірлескен бағ­дар­ламаны жүзеге асырудың аралық қорытындыларын атап өтіп, «түрік бизнесінің капитандарымен» жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

– Жалпы, сапарым барысында құны 2 миллиард долларға жуық коммерциялық жобаларға қа­тысты келісімдерге қол қойылды. Алдағы уақытта бүгінгі қол жеткізген уағдаластықтарды жү­­зе­ге асыру үшін күш жұмыл­ды­руы­мыз қажет, – деді Мемле­кет басшысы.

Қазақстан Президенті түрік ин­весторларын Ақтау және Құ­рық порттары негізінде жұмыс іс­теп жатқан көлік-логистика ха­бын дамытуға белсенді атса­лы­суға шақырды.

– Бүгінгі келіссөздер бары­сында біз көлік-транзит, мұ­най-газ, әскери-техникалық, ауыл ша­руа­шылығы, туризм, мәде­ниет, білім, ғылым және техно­логия са­лаларындағы ынтымақ­тас­тығы­мызды талқыладық. Біз осы бағыттар бойынша өзара ық­пал­дас­тығымызды нығайтуға уағда­ластық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Атажұртқа құрмет

Жиын барысында сөз алған Түр­кия Президенті Р.Ердоған Қазақ­стан Президентіне ресми са­пары үшін ризашылық білді­ріп, кездесулер нәтижесін жо­ғары бағалады.

Түркия Республикасының Пре­зиденті сауда-экономикалық бай­ланыстарды кеңейту, білім және мәдениет салаларындағы ынты­мақтастықты тереңдету мәсе­лелеріне қатысты келіс­сөздердің маңызды нәтижелеріне тоқталып, оның оң қарқынын атап өтті.

Өз сөзінде Режеп Тайип Ер­доған Атажұрттан келген делегацияны өз резиденциясында қабылдағанына қуанышты екенін жеткізіп, Елбасы Н.Назарбаевты Түркі әлемінің ақсақалы деп санайтынын тағы бір мәрте еске салып өтті.

«Түркі әлемінің ақсақалына тағы бір рет қош келдіңіз деймін. 2015 жылы Қазақстанда басталған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысын Анкарада өткіздік. Н.Назарбаевпен соңғы рет 3 қыр­күйекте Қырғызстанда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынты­мақтастық кеңесінің VI саммиті барысында бас қосқан едік. Құрметті әріп­тесім­мен жеке кездесуде және деле­га­циялық басқосуда екіжақты, күн тәртібінде тұрған бүкіл мәсе­лелерді шынайы түрде талқыладық. Өте ауқымды әрі тиімді кездесу өтті», деді Р.Ердо­ған.

Сондай-ақ осы сапар барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылғанын атап өтіп, соған сәйкес жалпы сомасы шамамен 2 миллиард доллардан асатын 20-дан астам құжатқа екі елдің жауапты мекемелері мен жекеменшік секторы өкілдері қол қойғанын жеткізді.

«Келіссөздер барысында экономика, сауда, қорғаныс және білім беру салаларына қатысты екіжақты мәселелерді жан-жақ­ты әрі айрықша талқыладық. Түр­кия мен Қазақстан қарым-қаты­нас­тарының барлық салада жоға­ры деңгейге жетуі үшін алдағы уақытта қарқынымыз бен ын­та­мызды арттыра түсеміз. Қазақ­станмен екіжақты ынтымақтас­тықты дамытуға және Түркі ке­ңе­сінің жұмысына қарқын беру жөнінде келістік», деді Түркия Президенті.

Соңында Р.Ердоған Қазақ­станды Атажұрт деп санайтынын тағы бір мәрте қайталап, Елбасы Н.Назарбаевқа алғысын білдірді. Терең де тамырлы тарихымыздан нәр алған Түркия мен Қазақстан қарым-қатынасының болашақта одан әрі нығайып, дамитынына сенім білдірді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан» – Анкарадан (Түркия)

Соңғы жаңалықтар