Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Медициналық қызметке – жіті назар

464 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Бірінші байлық – денсаулық» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Әдетте, адам денсаулығының мықты болуы қоғамның қалыпты дамуының көрсеткіші ретінде қабылданады. Демек, мемлекеттің қуаттылығы тұрғындар денсаулығының сақталуы мен жақсаруының арқасында арта бермек.  

Медициналық қызметке – жіті назар

Ал біздің елімізде денсау­лық сақтау саласына лайықты көңіл бөлінуде. Нәти­жесінде, адам­­дар­дың өмір сүру жасы жыл сайын жоғарылап, саламат­тылық салты салтанат құруда. Қазақ­стан­да медициналық қызмет көрсету тегін әрі қолжетімді деңгейде. Әлем­­­нің дамушы елдерімен са­лыс­­­тыр­­ғанда отандық дәрігер­лер­­­дің біл­іктілігі мен білім дең­гейі жо­ғары талаптан шығып отыр.

Қазіргі күні Алматы облы­сын­дағы медициналық қызмет көрсетудің сапасы жыл сайын жақ­сарып келеді деу­ге толық негіз бар. Тұтас еліміздегі сияқ­ты облыстың денсаулық сақтау сала­сын мем­лекеттік қолдау дұрыс жол­ға қойылды. Мұны біздің сала­ға бөлінген бюджет қаржы­сы­ның жыл сайын еселеп ар­туы­нан байқауға болады. Атап айтқанда, 2017 жылы облыс­тың денсаулық сақтау саласына ар­нал­ған қаржы 82,8 млрд тең­гені құрады. Оның 74,7 млрд тең­гесі республикалық бюджет­тен, қал­ған 8,1 млрд теңгесі жер­­гілікті бюджет қоржынынан бө­лін­ген. Осылайша, өткен жылғы бөлін­ген қаржы арғы жылмен салыс­тырғанда 14 процентке көбейді.

Облыста ауруханалар мен фельд­­шерлік амбулаториялардың ғимарат­тарына күрделі жөндеу жүргізу мен емхана­ларды жаңадан салу жүзеге асып жатыр. Қазір барлық аудан орталық­тарындағы медициналық нысандар жөнде­ліп, ауруханалардағы орын же­тіс­пеушілігі шешімін тапқан. Адам санының артуына орай облыс пен аудан орталықтарын­да балалар емханасы, пер­зентхана мен көп салалы аурухана жаң­адан салынды. Алыс ауыл­дардың бар­лы­ғ­ын­да дерлік дәрі­гер­лік қосын мен жедел жәр­дем көлігі қызмет көрсетеді. Ал­ғаш­­қы ме­дициналық көмек көр­сету жұ­мысы тұрғындардың көңілінен шығады.

Таратып айтқанда, бүгінде облыста 811 медициналық мекеме бар, оның 580-і алғашқы ме­дициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Жылдың соңына дейін денсаулық сақтау ұйымдары желісінің нормативі және ден­сау­лық сақтауды дамытудың бір­­ың­ғ­ай перспектива­лық жоспары­на сәйкес 24 дәрігерлік амбулато­рия алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек көрсету орта­лығы, 49 фельдшерлік-аку­шерлік және 13 медициналық пункттер – дәрігерлік амбулатория болып құрылатын болады. Биыл жалпы сомасы 5,5 млрд теңгеге 18 медициналық нысан салынып, аяқталады. Олардың үшеуі аурухана, алтауы дәрігерлік амбулатория, тағы алтауы фельдшерлік-акушерлік пункт болса және тағы 3 нысан медициналық қызмет­ке лайықталып, пайдалануға бері­леді. Мұнан бөлек 5 нысанға күр­делі жөндеу жүргізілуде.

Медициналық ұйымдардың мате­риал­дық-техникалық базасын жақсар­туға жергілікті бюджеттен 72 бірлік медициналық техника сатып алу үшін 3,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Жалпы, ай­мақ­тағы медициналық техника­мен жаб­дықталу 78,4 про­цент­­тен 81,0 процентке дейін жақсар­ды, сани­тарлық автокөлікпен қамтамасыз етілуі 86,0 процент­ті құрайды. Осындай жұ­мыс­­тар­дың нәтижесінде өткен 6 ай ішін­де жалпы өлім көр­сеткіші 3,4 процентке, жарақат­танудан, уланудан және жазатайым жағдайлардан болатын өлім 6,8 процентке және туберкулез ауруынан болатын өлім 45,5 процентке төмендеді.

Әрине Алматы облысында маман дәрігерлер жетіспеушілігі бар. Қазір облысқа 108 дәрігер керек. Әсіресе науқас үшін бірін­ші кезекте көмекке келетін реани­­матолог, неонатолог, гине­ко­лог, педиатрлар сияқты маман­дар­­дың орны бос тұр. Кадр тап­шылығы облыс орталығынан алыстау жатқан аудандарда анық сезілуде. Біз өз тарапымыздан тәжірибелі дәрігерлердің зейнетке шығуына орай, олардың орнын басатын жас мамандар ара­сындағы сабақтастықтың жалға­сын табуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Алайда медицина қызметкерлеріне төлене­тін жалақының аздығы мен ауылдар­да әлеуметтік қолдау­дың жоқ­­тығы жоғары білім алып жұ­мыс із­деген жастардың аудан­дар­ға келуіне кедергі болып отыр.

Жалпы, өңірде алғашқы меди­циналық-санитариялық көмек деңгейінде медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бо­йынша жұмыс жалғасуда. Өткен 7 айдың қорытындысы бо­йынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жалпы учаскелер саны 1195-ке жетті. Ал емханаларға тіркел­ген халықтың саны 2004,5 мың адамды құрап, 1 дәрігерге түсетін орташа жүктеме 1928 науқастан келіп тұр.

Дәрігерлердің біліктілігі туралы сөз қозғағанда, облыста күр­­делі оп­е­рациялар жасау мен адам өмі­рі­не арашашы болу­дың оң мы­сал­­дары көбейгені қуан­та­ды. Әсі­ресе жүрекке операция жасау мен ішкі ағзаларды алмастыру мен обыр­­ды хиругиялық жол­мен ем­­деу бағы­тында әріп­тес­тері­­­міз­­дің тәжірибе ал­масуы нәти­­­­желі болып отыр. Жыл басында оң­­түс­­тіккореялық хирург, про­­­фес­­сор Чжо Хён-Мин Іле аудан­­­дық ауру­­ха­на­сында жер­­гі­­­лік­ті дәрігер-хирург­терді операция жа­­сауға үйретсе, жақында рес­­­пуб­­­ли­ка­лық Педиатрия және бала­л­ар хи­рур­гиясы ғылыми орта­­лы­­ғы­ның рент­генохирургі Әзиз Оң­ла­сынов Талдықорған қала­­сын­­д­ағы облыстық кардиоло­гия ор­та­­лығында отандық медицина та­ри­хында алғаш рет жүрек қал­­қан­­ша­сын ауыстыру операциясын жаса­ған болатын. Бұл екі мы­сал­дан облыстағы медицина меке­ме­лері­нің мүмкіндігі мен дәрі­гер­­лер­дің біліктілігін артты­ру­ға бағытталған еңбектің нәтижесін көреміз.

Жалпы, қазіргідей қоршаған орта­ның ластануы мен әлеуметтік фактор­лардың әсері көбейген шақта ден­саулық сақтаудың маңызы одан әрі салмақ­танып, озық медициналық қызметке сұраныс көбейе­тіні белгілі. Ал жетісулық ақ желең­ді абзал жандар денсаулық күзет­індегі миссиясына әрқашан адал болып, халық денсаулығын сақтауға аянбай қызмет ете бермек.

Бауыржан ЫСҚАҚ,

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

ТАЛДЫҚОРҒАН