Парламент • 18 Қыркүйек, 2018

Сенатта зейнетақы жүйесін дамыту мәселелері талқыланды

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басшылығымен кездесу болды, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Сенатта зейнетақы жүйесін дамыту мәселелері талқыланды

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова өз сөзінде көптеген мемлекеттер қоғамдағы демографиялық құрылымның өзгерістеріне байланысты зейнетақы саласындағы өзекті мәселелерге тап болып отырғанын атап өтті. Біздің еліміз де бұл күрделі мәселеден айналып өте алмайтыны ақиқат. Сенатор кейінгі кезде жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдары зейнетақы жарналары төлеу мәселелеріне жиі назар аударып отырғаны туралы айтты.

Б.Әйтімованың айтуынша, кездесудің мақсаты – Қазақстан азаматтарын алаңдатып отырған зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін бірлесіп талқылау және зейнетақы жүйесін болашақта дамытудың келешегін қарастыру болып табылады.

«БЖЗҚ» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Нұрбүбі Наурызбаева өз баяндамасында қордың қызметі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер туралы депутаттарды хабардар етті. Атап айтқанда, қазір мемлекеттік бюджет төлемдері басым болса, болашақтағы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі бойынша жеке зейнетақы жинақтары үлесі ұлаятыны айтылды. Мәселен, қазір 2017 жылдың қорытындысы бойынша барлық төлемдер 12 пайызды құраса, 2050 жылға қарай төлемдер үлесі 46 пайызға дейін өсетін болады.

БЖЗҚ деректері бойынша, зейнетақы жинақтарының жылдық орташа өсімі шамамен 20 пайызды құрайды. Еліміздің Жалпы ішкі өнімі мен зейнетақы жинақ сомасының қатынасы жылдан жылға өсіп келеді. БЖЗҚ құрылған сәттен бастап бұл көрсеткіш өткен жылы бір жарым есеге (10-нан 15 пайызға дейін) артты. Осы жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша, зейнетақы жинағының көлемі 8,4 трлн теңгеге жетті, оның 63 пайызы салынған жарналардың есебінен, ал 37 пайызы инвестициялық табыс есебінен құралды.

Н.Наурызбаева атап өткендей, 2017 жыл мен 2018 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындылары бойынша, зейнетақы активтерінің кірісі инфляция деңгейінен асып отыр. Жалпы алғанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық кезеңінде жинақталған кіріс деңгейі 481,1 пайызды құрап, жинақталған инфляция деңгейінен (474.2 пайыз) асты.

2017-2021 жылдардағы БЖЗҚ дамуының басты мақсаттары былайша белгіленді:

 - зейнетақы жөніндегі қызметтерді сапалы көрсету;

- халық арасында зейнетақы жоспарлау мәдениетін дамыту;

- жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту бағыттары бойынша заңнамалық бастамаларды жүзеге асыру.

Н.Наурызбаева осы салалардың әрқайсысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы парламентшілерге әңгімелеп берді.

Сенат депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Нариман Төреғалиев, Серік Бектұрғанов, Ольга Перепечина, Сергей Ершов, Динар Нөкетаева, Нұрлан Қылышбаев сауалдар қойып, зейнетақы жарналарын қорғау, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімді жұмыс істеуі, сондай-ақ зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттігі туралы бірқатар ұсыныстар айтты:

Талқылауға Ұлттық банкі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты.