Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2018

Шалқар неге шақырмайды?!

1206 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мені еліміздің батыс өңірінің экологиялық жағдайы және туризмді дамыту мәселелері толғандырады. Шілде айының басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бурабай курорттық аймағында болып, елімізде туризмді дамытуға қатысты бірнеше бағыттарды атап көрсетті және осы саланың басшыларына нақты тапсырмалар берді. Елбасының айтқан ұсыныстары бәрімізге де ой салды. 

Шалқар неге шақырмайды?!

Ақжайық өңірінде Шалқар көліне айрықша көңіл бөлу қажет деген тоқтамға келіп отырмын. Шалқар көлі Орал қаласынан 75 шақырымдай жерде орналасқан. Ғалымдардың жасаған пайымдарына сүйенсек, Шалқар көлі Каспий шегінен мың жыл бұрын тартылған бұрынғы Хвалын теңізінің жұрнағы екен. 921-922 жылдары Волга Бұлғариясына жасаған сапары туралы араб көпесі-ғалым Ахмед Ибн-Фадланның шығармаларында осы көл және оған құятын өзендер жөнінде нақты деректер келтірілген. Сондай-ақ бұл көл 1768-1774 жылдары академик П.С.Палластың басқаруымен Ресей академиясы ғалымдарының экспедициясы кезінде зерттеле бастаған. П.С.Паллас көлді жан-жақты сипаттап қана қоймай, балық аулау, оны ұйымдастыру мен реттеуге байланысты да жазыпты.

Сол секілді Ресей Географиялық қоғамының ұсынысымен 1852 жылы академик К.М.Бэрдің басшылығымен ихтиофаунаны зерттеу мен балық аулау кәсібінің жағдайы бойынша экспедиция ұйымдастырылған. Онда да үлкен зерттеу жұмыстары жүргізіл­гені белгілі. Сонымен қатар 1861 жылы Орал қаласында туған, белгілі ихтиолог, сая­си қайраткер, журналист, Ресей Мем­лекеттік Думасының депутаты болған Николай Бородин де Шалқар көлін зерттеп, ғылыми еңбектер жазған.

Осы Шалқарда дүниеге келген қазақ­тың белгілі жазушысы Хамза Есенжанов өзінің «Ақжайық» трилогиясында аталған көлдің сипаттамасын жазып кеткен. Оның көлемі мен орналасқан аймағының келбетін көркем суреттей көз алдыңа әкеледі.

Бұл облыстағы ең терең, ірі су айдыны. Біз Шалқар көлін кішігірім Қара теңіз деп атаймыз. Кішкентай болса да, Сантас деген таулы үстірті бар. Көлдің көлемі 205,8 шаршы шақырымды құрайды, ұзындығы – 18 км, ені – 14 км. Оның суы да биологиялық құрамы жағынан өзгеше. Ғалымдар емдік қасиеті мол екенін айтады. Тұзды су. Қара теңіздің суына ұқсайды. Осы Шалқар көлін заманауи демалыс орнына айналдырудың маңызы өте зор. 

Біз 1998-2000 жылдары Шалқар көлін қорғау және лайықты демалыс орнына айналдыру, дұрыс пайдалану мақсатында арнайы жоба жасадық. Бағдарламаны жасауға ғылым докторлары Сергей Жубаев, Мария Фарту­шина, Балуаш Траисов, Хайыржан Ғабдеев қатысты. Мен бұл жобаның үйлестірушісі болдым. Үлкен зерттеу жұмысы жүргізілді. Сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов жобамызды қолдап, бекіткен еді. Бағдарламада Шалқар көлінде балық өндірісін дұрыс жолға қою жағы да қарастырылды. Негізгі мақсат – Шалқар көлі маңында туризм орталығын құру. Бұл жобаны іске асыратындай біздің қолымызда қаражат жоқ. Сондықтан жобаны бір азаматқа берген едім. Осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс басталғанмен, аяғына жеткізілген жоқ. Ең басты күрделі құрылыс жұмысы қолға алынбай тұр.

Осы кезге дейін көлге баратын тас жол болған жоқ еді. Қазіргі облыс әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей басшылығы арқасында тас жол салынды. 

Ал Шалқардың қазіргі жағдайы көңіл толатындай күйде емес. Жаз бойы батыс өңірінің азаматтары, сондай-ақ Ресейдің көршілес облыстарынан да адамдар келіп, Шалқарда демалып жүр. Көлді жағалай кәдімгі киіз үйлер орнатылған. Төңірегіне жасыл желек егілмегесін, құм басып барады. Бірнеше шақырым жол жүріп келген демалушылар мен турис­тер үшін лайықты жағдай жасалмаған. Құм-топырақ киіз үйдің ішіне де кіріп кетеді. Көл жағасының тазалығы сын көтермейді. Айдалада тұрған ағаштан жасалған әжетханалар бар, олардың санитарлық жағдайын айтудың өзі артық! Көлдің жағасына тікен шөптер, ошаған өсіп кеткен. Жалаң аяқ жүрген адамның табанына кіріп, мазасын алады. Көлге серуендеуге арналған жүзу құралдары, демалушылар үшін қоғамдық тамақтандыру, сауда нүктелері де жоқтың қасы. Адамдар дәрі-дәрмек немесе тамақ алу үшін көлге 1,5 шақырым жердегі Сарыөмір ауылына барады. Бұл да ақылға сыйымсыз. Бір сөзбен айтсақ, Шалқар көлінің табиғи байлығын жабайы түрде пайдаланып келеміз. Бізге жабайы ұйымдастырылған жер емес, заманауи талаптарға сай демалыс орны керек! 

Негізінен біздің жобамыз бойынша, көлді жағалай заманауи қонақүйлер және басқа да нысандар салынуы қажет. Салқын және ыстық су жүйелері, кәріз құбырлары міндетті түрде болуы тиіс. Қайықтар мен катамарандар жүзетін және тоқтайтын орын да болуы керек. Көлдің төңірегін көгалдандыру да бас­ты мәселенің бірі деп ойлаймын. Ол да біздің жобада қамтылған. Көлден 15 шақырым жерде тұщы су бар, соны тартып әкелген жөн. Тіпті күндердің күнінде ұшақтар қонатын әуежай мен ұшу-қону алаңдарын жасау керек. 

Соның бәрі дұрыс жолға қойылса, туризм дегеніңіз пайда әкелетін сала. Жылдың төрт мезгілінде де адамдар келуі үшін демалыс үйлері лайықты қыз­мет көрсетуі керек. Айталық жаз­да суға түсіп демалуға болады. Қыста келушілер шанамен, шаңғымен сырғанап, көңіл көтерер еді. Ал балық аулайтындар үшін арнайы орындар қарастырылуы керек. Олар жазда да, қыста да келіп, тынығуына мүмкіндік бар және балық аулаудан жарыстар өткізуге болады.

Бір жақсы жаңалығымыз, осыдан бірнеше ай бұрын Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің жеке қабылдауында болып, аталған жобамызды өңір басшысына өз қолы­мыз­бен тапсырдық. Ол үлкен мән бе­ріп отыр. Бірден бірінші орынбасары Игорь Стексовты шақырып алып, жоба­ны қалай жүзеге асырудың жолдарын қа­рас­тыру жөнінде тапсырма берді. 

Осы орайда, көлдің суын тиісті деңгейде ұстау үшін шешімін табуға тиісті мәселелер бар. 1980 жылдары облысты Мұстахым Ықсанов басқарып тұрған уақытта Шалқарға су жеткізу үшін Жайық өзенінен канал тартылды. Ол аздап жұмыс істеді де, 1990 жылдардағы тоқырау тұсында тұрып қалды. Қазір облыс басшысының тапсырмасы бо­йынша сол каналды қайтадан жандандыру жұмысы қолға алынуда. Бірақ бүгінгі таңда оның пайдасы да мардымсыз болмақ. Онымен Шалқарға су барып жарытпайды. Сондықтан бұл бағытта да жан-жақты зерттеу жүргізіп барып, суды пластикалық құбырмен жеткізу жағын қарастырған абзал болар еді. Бұл мәселені дұрыс ойластырып шешсе, сол маңайдағы ауыл шаруашы­лығы­на қажетті су да, көлге керек су да табылады. 

Көл негізінен көктемдегі қар суымен толы­ғып тұрады. Сондай-ақ Шың­ғыр­лау ауданының кішкентай тау­лары­нан ағатын Шолақ Аңқаты, Есен Аң­қаты деген өзендер бар. Соңғы жыл­дары олардың да суы жетпейді. Сол өзен­дер­­дің де түбін тазартып, Шалқар­ға су жет­­­кізе­тіндей жобаларды іске асыру қа­жет-ақ. Бұл іс жан-жақты ғылы­ми түр­де қол­ға алынуы керек. Өйткені Шал­қар көлі­нің эко­логиялық жағдайы – облыс­тық дә­ре­же­дегі емес, республикалық дең­гей­дегі мәселе! Оған ерекше мән берілгені жөн.

Ғазиз ХАЙМУЛДИН, 

еңбек ардагері, Батыс Қазақстан облыстық экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы

Орал