Әдебиет • 19 Қыркүйек, 2018

Жазушымен жүздесу

1065 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылған «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен белгілі жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсеновамен кездесу өтті. Кездесуді елімізге еңбегі сіңген әртіс, профессор Кенжеғали Мыржықбай жүргізді.  

Жазушымен жүздесу

Университет ректоры Ерлан Сыдықов: «Шәрбану Бейсенова – қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан, жазушы, журналист. Ұзақ жылдар «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарында жемісті қызмет етіп, төл мәдениетіміз бен әде­бие­тімізге айрықша еңбек сіңір­ді. Бүгінгі кездесу студенттер үшін айрықша күн, ерекше кездесу ретінде естерінде қалады деп ойлаймын. Шәрбану Қонақ­байқызының еңбек жолы мен өнер жолын бағалап, универ­ситетіміздің ең жоғары наградасы «Күлтегін» медалімен марапаттаймыз. Шығармашылық жолына табыс тілейміз», деді. 

Шәрбану Бейсеноваға студенттер тарапынан мол, қы­зық­ты сұрақтар қойылды. Өнер жолын әңгіме жазудан бастаған жазушы, Қазақ ұлт­тық университетінің жур­налис­тика факультетіне онын­­шы сыныпты бітіре салып, аудандық газеттің жолдамасы­мен бірден қабылданған. Қазақ тарихындағы батыр аналар, ержүрек арулар туралы шы­ғар­малар сериясын жазып, өнімді еңбек етіп жүрген қаламгер, осы тақырыбын әлі де індетіп, терең­детіп жазатынын айтты. 

Өмірлік серігі, қазақ әдебие­тінің көрнекті өкілі, сыншы Сағат Әшімбаевпен бірге кешкен сәулелі ғұмыры туралы да сырт шерткен жазу­шы студенттердің барлық сұрағына рия­сыз жауа­п беріп, кездесуді ұйым­дас­тырушылар мен тың­дау­шыларға алғысын айтты.
Кеш барысында Шәрбану Бейсенованың шығармашылығы туралы филология ғылымда­рының докторы Жанат Әскер­бекқызы ой-пікірін білдіріп, Серік Тұрғынбекұлы арнау жырын тарту етті.

Тіршілігін қалыбында, өмір мен өнер жолында көргені мол, түйгені көп қазына кеуде үлкен­дерімізбен сұхбаттасу жас­тарға қашанда қызық, қашанда азық болып қала береді.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»