Хоккей • 19 Қыркүйек, 2018

«Барыс» Омбының «Авангард» клубынан 3:4 есебімен ұтылды

283 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» кезекті турды өз мұз айдынында өткізіп, Омбының «Авангард» клубынан 3:4 есебімен ұтылды.

«Барыс» Омбының «Авангард» клубынан 3:4 есебімен ұтылды

Кездесуді қонақтар өте қарқынды бастады. Алғашқы кезеңді олар біздің қақпамызға қатарынан үш шайба салып, жергілікті хоккейшілерді біраз әбігерге салды – 0:3. Егер ойын осылай жалғаса беретін болса, абыройдан жұрдай болатындарын түсінген «Барыстың» бас бапкері Андрей Скабелка қақпашы Доминик Граховинаны Сергей Кудрявцевпен алмастырды. Оның бұл шешімі оңды болды. Үзілістен кейін астаналықтардың ойыны жүрді. Андре Петерссон мен Брэндон Боченски есеп айырмашылығын қысқартты – 2:3. Үшінші кезеңде Роман Старченко таразы басын теңестірді – 3:3. Қосымша уақытта қос команда қанша жанталасқанымен, таблодағы есеп өзгерген жоқ. Ал буллит соғу барысында «Авангард» ойыншыларының бағы жанды. Қорытынды есеп – 3:4.  

Осы күнге дейін 7 кездесу өткізіп, 9 ұпайды қоржынға салған «Барыс» қазіргі кезде КХЛ-дың тұрақты біріншілігінің турнир кестесінде 11 орынға табан тіреп тұр. Енді жерлестеріміз өздерінің келесі кездесуін 22 қыркүйекте Уфада «Салават Юлаевқа» қарсы өткізеді.    

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше