Білім • 19 Қыркүйек, 2018

Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Алматы қаласына барды

294 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сапар барысында Елбасының бес әлеуметтік бастамаларының жүзеге асырылу барысына басымдық берілді. Атап айтқанда, Мәулен Әшімбаев қала әкімі Бауыржан Байбекпен және Республикалық қоғамдық кеңес төрағасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұловпен бірге жергілікті жоғары оқу орындарының жаңадан салынған жатақханаларына барды,-«Нұр Отан» партиясының Баспасөз - қызметі.

Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Алматы қаласына барды

Сондай-ақ шағын несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлермен кездесіп, «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болған азаматтарға пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Одан бөлек, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің отырысында партия тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Елбасының негізгі әлеуметтік бастамаларының бірі жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру екені белгілі. Соған орай Елбасы қосымша гранттар бөлумен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында студенттік жатақханалар салуды тапсырды. Осы ретте тек Алматының өзінде студенттік жатақханаларға деген сұраныс 22 мың орыннан асып жығылатынын атап өткен жөн. Соған байланысты бүгінде жергілікті әкімдік 9 жоғары оқу орнына беру мақсатында қалалық қордан қосымша 11 жер телімін бөліп отыр.

Жалпы осы жылдың соңына дейін 4 жаңадан салынған және 1650 орындық қайта жаңғыртылған 1 жатақхана пайдалануға берілмек. Одан бөлек, 2300 орынға арналған 3 жаңа жатақхананың құрылысы басталады. Келесі жылы 13 мың орынға арналған 26 жатақхана салу жоспарланып отыр. Ал 2020 жылы 3 жатақхананың құрылысы аяқталып, тағы 3 жатақхана қайта жаңғыртылмақ. Сол арқылы жатақханадағы орын саны 2400-ге көбейеді.

Алматыға сапары барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің жаңадан салынған жатақханасына барды. Тоғыз қабатты ғимараттың жалпы құны – 780 млн. теңге. Мұнда 167 бөлме қарастырылған және студенттердің жайлы өмірі үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің 400 орындық жатақханасына барды. Студенттер және оқытушылармен кездескен ол Елбасының жаңа әлеуметтік бастамалары дер кезінде қолға алынғанын және өте өзекті екенін айтты.

– Алматы – студенттер қаласы. Сондықтан мұнда еліміздің әр өңірінен ағылған жастардың қатары қалың. Соған орай алып шаһарда жаңа студенттік жатақханалар салу және оларды қайта жаңғырту мәселесі ерекше қолдау тауып отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.

Президенттің тағы бір маңызды әлеуметтік бастамасы шағын несие беруді көбейтуге бағытталған. Бұл шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға да мол мүмкіндік береді. Осы бағытта «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары өз ісін дамыту мақсатында мемлекеттен шағын несие алған кәсіпкерлермен кездесті. Мәселен, Динара Қазиева алған қаражатына өзінің жеке стоматологиясына жаңа жабдықтар сатып алған. Стоматологияға анайы барған партия Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының бес әлеуметтік бастамасы дер кезінде қолға алынып, халықтың жағдайын жақсартуға игі септігін тигізіп жатқанын айтты. Бүгінде Алматы қаласы бойынша барлығы 80 түрлі жоба мақұлданса, 20-ы әлі қарастырылуда.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, шағын несие берудің жаңа механизмінің арқасында мүмкін болған тың бизнес-бастамаларды іске асыру Елбасының әлеуметтік саясатының нәтижесі және мемлекет тарапынан бизнесті қолдаудың нақты нәтижесі. Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары кәсіпкерлермен кездесуде коммерциялық мақсаттағы бос жер телімдері туралы ақпараттарды бір дерек көзінен алуға мүмкіндік беретін Бірыңғай ұлттық геоақпараттық онлайн қызметін құру партиялық жобасы туралы айтып берді. Аталған геоақпараттық портал арқылы жер телімінің мақсаты, ол жердің инфрақұрылымы, аукцион өтетін уақыт пен талаптары туралы мәліметтер алуға болады.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Нақты айтқанда, ол Ақбұлақ шағын ауданында орналасқан «Алмалы» тұрғын үй кешеніне барып, тұрғындарға жаңа баспаналарының кілтін табыстау салтанатына қатысты. Осы ретте Алматы қаласы бойынша 2018 жылы 1,9 млн. шаршы метр баспана немесе 15,1 мың пәтер пайдалануға беру жоспарланғанын атап өткен жөн.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары баспаналы болған тұрғындарды құттықтап, жаңа бағдарлама ел экономикасына жан-жақты әсер ететін игі бастама екенін айтты.

– Бүгін Елбасының бес әлеуметтік бастамасы Алматы қаласында нәтижелі жүзеге асырылып жатқанына куә болдық. Мұнда жаңадан салынған жатақханалар сапалы әрі жаңа қондырғылармен жабдықталған. «7-20-25» бағдарламасы бойынша да шаһарда жүйелі жұмыс жүргізілуде. Үйлердің сапасы да талаптарға сай. Сондықтан Алматы қаласында әр отбасын баспанамен қамтуды көздейтін бастама нәтижелі жүзеге асырылуда деуге толық негіз бар. Осындай бағдарламаларға жастар көбірек қатысуы керек. Мұның барлығы Елбасы саясатының жемісі. Алдағы уақытта да «Нұр Отан» партиясы осы бағыттағы өз жұмыстарын қарқынды жалғастырады, – деді Мәулен Әшімбаев.

«Нұр Отан» партиясы Елбасының тапсырмасы бойынша жаңа әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізуде. Жұмыс мейлінше әділ әрі тиімді болуы үшін Республикалық қоғамдық кеңес құрылып, оның құрамына еліміздегі жетекші саяси партиялардың басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, белсенді азаматтар мен сарапшылар енді. Осындай баламалы құрылымдар аймақтық деңгейде де құрылып, өз жұмыстарын бастады.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы Алматы қаласында өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Алматы қаласының әкімі, партия қалалық филиалының төрағасы, партия Саяси кеңес бюросының мүшесі Бауыржан Байбек және Кеңес мүшелері қатысты. Жиын барысында Алматы қаласында бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылу мәселелері жіті талқыланды.

Отырысты ашқан Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының ауқымды әлеуметтік жобаларын орындау бойынша қалада атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

– Бес әлеуметтік бастама – Елбасының салиқалы саясатының негізі халыққа жағдай жасау екенін көрсететін өміршең жоба. Мемлекет басшысының бұл әлеуметтік реформалары тұрғындардың нақты мүддесін көздейді және азаматттардың өмірін түбегейлі жасқартуға бағытталған. Болжам бойынша, енді 20 жылдан соң Алматыда 3 млн. халық тұратын болады. Сондықтан біздің басты бағыттарымыздың бірі – қолжетімді баспана салу. Бүгінде мұндай мүмкіндікті бізге президенттік «7-20-25» бағдарламасы беріп отыр. Қазіргі кезде республика бойынша берілген барлық өтінімнің 35 пайыздан астамы Алматыға тиесілі. Оның үстіне, қалалық өтініштердің жартысы мақұлданған. Бұл – құны 6,1 млрд. теңге болатын 480 пәтер. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл 6 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өткен жылдан үш есе көп», – деді Бауыржан Байбек.

Одан бөлек, мегаполис басшысы Алматыда ескі үйлерді реновациялау бағдарламасының қолға алынғанын, оның инвестициялық әлеуеті 320 млрд. теңге екенін жеткізді. Қазіргі кезде қалада мыңға жуық ескі үйлер бар, жақын арада жеке инвестицияларды тарта отырып, олардың орнына 24 мың жаңа үй салу жоспарланған.

Өз кезегінде Бақытжан Жұмағұлов бес әлеуметтік бастаманың Алматы қаласы үшін маңызы аса зор екенін айтып:

– Алматы соңғы жылдарда ерекше көркейіп, еліміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанына бәріміз куәміз. Бұл үлкен өзгерістерді қаланың тұрғындары ғана емес, қонақтары да ерекше жоғары бағалауда. Жақында атқарылған жұмыстарға Елбасымыз ең жоғары баға берді. Президенттің тапсырмасына сәйкес бес әлеуметтік бастаманың іске асырылуын бақылау үшін Қоғамдық кеңес құрылды. Бұл – Елбасының «Нұр Отан» партиясына деген үлкен сенімі. Республикалық қоғамдық кеңес өкілдері еліміздің барлық дерлік облыстарына барып, бес әлеуметтік бастама бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға бақылау жүрізді. Сондай-ақ Кеңес ел Үкіметімен де егжей-тегжейлі жұмыс істеуде. Бастамаларды іске асыру үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалып, «Жол картасы» бекітілді. Ондағы 36 тармақтың 29-ы бүгінде орындалды. Орталықта және өңірлерде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Халық та бастамалардың маңызын терең түсініп, қызу қолдап отыр Жергілікті атқарушы органдар да белсенді жұмыс істеуде, – деп атап өтті.

Ал «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партия тарапынан Елбасының әлеуметтік бастамаларын халыққа түсіндіру және жүзеге асыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ осы бағыттағы кейбір мәселелерге назар аударды.

– Халық «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаның көлемін төмендету мәселесін көтергені белгілі. Әрине, аталған жарнаны бірден алып тастауға болмайтыны түсінікті. Себебі, пәтер алған азаматтың да жауапкершілігі болуы керек. Осы мәселені шешу үшін әлеуметтік қайтарымсыз көмек немесе процентсіз кредит ретінде алғашқы жарнаның жартысын жергілікті атқарушы органдар төлеу туралы бастама айтылды. Осы ұсынысты «Баспана» ипотекалық ұйымына жолдаған болатынбыз. Олар соған сәйкес өз тетіктерін даярлады. Енді сол ұсынысты әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асыру үшін аймақтық филиалдарымызға жолдайтын боламыз. Осылайша бұл идеяны орталық және жергілікті деңгейде жан-жақты жүзеге асыру жолында жүйелі жұмыс жүргіземіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, басқосуда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басшысы Дәулет Әбілқайыров, «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков және Халықаралық инновациялық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше