Қылқалам шеберінің дара жолы

 

Жұмақын Қайрамбаев – шығармашылығының өзіндік мәнері қалыптасқан шебер суретші.  Ол бүгінгі Қазақстан кескіндемесіндегі жаңа реализмнің белді әрі беделді өкілдерінің бірі, қазақ қауымына белгілі тұлға. Санк-Петрбургтегі тамыры терең өнер ордасын тәмамдаған суретші қылқаламнан қолын үзбей бүгінгі күнге дейін шығармашылықпен айналысып келеді. Ж.Қайрамбаев дәстүрлі өнер мұраларын бүгінгі кескіндеменің мүмкіндіктерімен қатар меңгерген шебер.

 

Егемен Қазақстан
19.09.2018 1759
2

Жұмақын Қожақынұлының қыл қаламынан шыққан туындылар қазіргі таңда Ә.Қастеев атындағы Қазақ мемлекеттік өнер мұражайында, Ресейдің, Австрияның, Германияның, Бельгияның, Италияның, Венгрияның, АҚШ-тың, Жапонияның және Түркияның мұражайлары мен галереяларында және  жеке өнер туындыларын жинаушылардың қорларында сақтаулы.  Аса жоғары маңызға ие болған жеті туындысы Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясына қойылған.

Ж.Қайрамбаев Қазақстан Республикасының алғашқы Президентінің жеке мөр таңбасын жасаушылардың бірі. Оның шығармалары шынайы. Олар әрбір көрерменге етене жақын әрі түсінікті. Туындыларында түстер ерекше сыр шертеді. «Дүние мұңға толы екенін білемін. Бірақ мен бояу, түстер үйлесімділігінің  әсемдігіне тойған емеспін. Менің шығармашылығым үмітке толы»,-деген қанатты сөздер суретшінің авторлық қолтаңбасына айналғандай.   

Суретші шығармашылығының алғашқы сатысында өзін портрет жанрында сынады. Оның қылқаламынан туындаған алғашқы портреттер галереясы тарихымыздағы танымал тұлғаларды сомдауға бағытталды. Ол қазақ хандығының бірлігін паш еткен «Абылайханның», еркіндік жолында күреске түскен соңғы хандардың бірі «Кенесарының», қазақтың ұлы дарыны «Абайдың», ел тыныштығын қорыған «Райымбек батырдың» және тағы басқа көптеген дара тұлғалардың портреттік образдарын жасады. Плакаттық негізде шешім тапқан Абылайханның портреті образдық ерекшелігімен ішкі үндестікке  толы. Абылайханның мұндай образдық портреті алғаш Жұмақын Қайрамбаев шығармашылығынан көрініс тапты. Абылайханның дәл осы суретші сомдаған образы өскелең ұрпақтың жадында монументалды, сом әрі асқақ бейнесімен сақталған еді. Бұл туынды халқымыздың тәуелсіздікке қол жеткізген уақытының  алғашқы жылдары салынып, елдің рухы мен жанын көтеруде маңызды роль атқарды. Ал, қара сөздің атасы, ұлы ақын Абай образы философиялық терең мазмұнға бай. Ол суретшінің өзіндік философиясын паш етеді.  Жасыл түсте шешім тапқан ақынның иыққа дейін бейеленген портреті рамаға сыймай тұрғандай. Суретшінің пікірі бойынша мұндай шешім ақын Абай тұлғасының қазақ халқының маңдайына сыймайтын, таланты мен дарыны өлшемге келмейтін ұлы даралығын меңзейді. Суретші тарапынан қазақтың зиялы тұлғаларының портреттік  образдарын бейнелеуін, тоқыраудан кейін есеңгіреп қалған халықтың еңсесін көтеруге   тікелей бағытталуымен түсіндіруге болады. Осындай сипатта қазақ зиялыларының портреттік бейнесін жасау 1990 жылдары көптеген суретшілер мен мүсіншілердің шығармашылығынан белең алды.  Жұмақынның портреттер қорынан қазақтың керегесін нығайтып, уығын көтерген тұлғалардан басқа әкесінің, досының, өзінің, жан-жарының және қызының портреттерін жиі кезіктіреміз. Әсіресе әкесі мен қазақ костюміндегі Дарияның портреттері бала мен әкенің ерекше махаббаты пен нұрына толы.

Ж.Қайрамбаев туындылары реалисттік бағытта жазылып, суретші сезімімен терең ұштасып жатады. Олар символдық сипаттарға толы, әрі кең мағыналы. Шығармаларының сыртқы көрінісі сюжетінің қарапайымдылығымен, нәзіктігімен ерекшеленсе, ішкі құрылымы терең философиялық мазмұнға негізделген. Суретші туындыларын бір ғана тақырыпта жазбай  өмірдің сан-салалы  тіршілігіне бағыттайды. Десек те табиғат, оның ажырамас бөлігі адам; өмір, оның қуанышты және аянышты сәттері; өнер, оған деген сүйіспеншілік; балалық пәк тазалыққа толы мезеттер; арман, үміт, күрес, әсіресе өмір мен өлім арасындағы тартыс суретшінің басты тақырыптарына айналып отырды. «Аллегория», «Көкпар», «Жекпе-жек» атты туындылары осындай тартысты бейнелеген.

«Аллегория» туындысындағы табыннан адасып қалған алып өгізге жабыла шапқан көкжалдар нағыз әзірейілдің өзіндей. Ал, өмір үшін тартысқа түскен өгіз жанкешті кейіп танытуда. Өгіз ашкөздене жармасқан қасқырлардың біреуін тұяғымен жаншып, бүйірі мен санына жабысқан екеуімен алысқа түскен. Туындыдағы көңіл күй тұмандағы алқапты елестетеді. Ашкөз жауыздар өгіздің тұманда адасып жалғыз қалған сәтін пайдаланғандай. Ал, туынды мазмұны адамдар арасындағы сатқындық пен батырлықтың аллегориясы сынды. Әрине бұл туынды мазмұнын жан-жақты қарастыруға болады. Дегенмен, туынды астарынан заманымыздың қилылығы, еліміздің хал-ахуалы байқалып-ақ қалады. Динамикалық серпінде құрылған жұмыстың композициялық құрылымы «Жекпе-жек» (2002 ж.) туындысымен үндестік табады.

Байқағанымыздай, Ж.Қайрамбаев шығармашылығында жылқының өзіндік маңызы бар. Жылқы бейнесі Жұмақынның барлық дерлік жұмыстарында кезігеді. Солардың ішіндегі  «Табын», «Шеру» атты туындылары жылқы табиғатын жырлауға арналады. «Шеру» – табиғатпен іштей үндестік тапқан бір үйір жылқының әсем көрінісін сипаттайды. Олардың табиғатпен, кеңістікпен астасып кеткен бейнелері киелі ірі қараның эпикалық шеруін сұлуландыра түседі. Осы шеру арқылы суретші жылқы малына құрмет көрсетіп, олардың сұлулығын паш еткендей. Әсіресе, суретші өзінің шығармашылығының басты қаһармандарына айналған асыл тұқымды күрең түстес және торы  теңбіл киелі жылқылар арқылы қазақтың жанын суреттейді.

Суретші шығармашылығындағы адамның жан дүниесін баурап алатын табиғат бейнелері сырға, мұңға толы. Олар бірде арманға, қиялға жетелесе, бірде тамұқ тұман арасында сыр бүккендей құпия күйінде қалады. «Шұбар тау», «Киелі бұлақ», «Қиял қанатында», «Аңсау», «Мәңгілік» атты пейзаждары осындай мәнерде жазылған. «Шұбар тау» табиғаттың көптеген таңғажайыптарының бірі. Әлдебір мистикалық мәнерде жазылған бұл жұмыс өз бойында бір сырды бүгіп жатқандай. Ал, «Киелі бұлақ» ерекше әуенге бөленіп, толық үндестікте бейнеленген. Табиғатты аймалай соққан жел мүлгіген тыныштықты тербете түскен. Ностальгиялық көңіл-күй сыйлайтын табиғат көріністерін кескіндеген кенептерінен суретшінің ішкі әлемін, өзіндік ерекше қолтаңбалық мәнерін көре аламыз. Ал, сюжеттік туындылары асқақ сезімге, болашаққа деген жарқын үмітке жетелеп көкірегіңде күй шертеді.

Суретші шығармашылық жолының алғашқы жылдарын халқымыздың тарихтан белгілі дара тұлғаларының портреттік галереяларын жасаудан бастағанымен, бұл тақырыпқа ұдайы тоқталып тұратын. Осы соңғы жылдары суретші дара тұлғалар портретінің сериясын жасауды қайта қолға алады. Жұмақын үшін бұл сонау колледж қабырғасында жүргенде-ақ келешегіне мақсат еткен шығармашылығындағы өміршең тақырыптардың бірі. Сондықтанда 2015 жылдан бастап кескіндемеші дара тұлғалар портретін жасауды қайта ойластыра бастайды. Осы серияны жүз жасаған айтыскер ақын Жамбыл Жабаевтың портретінен бастайды. Жыр атасы Жамбыл бейнесін жасауда суретші көп ізденіп, дайындық жұмыстарын жүргізеді. Жамбыл ауданындағы ақынға арналған мұражайға барып, ақынның тұрмыстағы заттары мен домбырасының түпнұсқасымен танысып шығады. Туындыдағы әрбір зат тарихи дәлдікке ие. Мысалы, ақын Жамбыл отырған құрақ көрпе мен домбырасының бейнесі осы мұражайдағы эскпанаттардан, яғни түпнұсқадан салынған. Малдасын құрып ауыр ой құшағында отырған Жамбыл атамыздың әлі де болса бойы тік, ой сергек. Бір ғасырдың куәгеріне айналған ақын бабамыздың әжім торлаған бет-әлпеті, тарамыс тартқан  қолдары мен терең ойға батқан көз жанары арқылы тірі тарихтың өзін көргендей әсерде  қаламыз. Қазіргі таңда Жамбыл Жабаевтың осы портреттік бейнесі Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейінің қорына енген.

Портреттік серияны суретші әрі қарай триптихпен жалғастырады. Оның бірінші бөлігінде күй атасы Құрманғазының тұлғалық бейнесі кескінделіп, ішкі мазмұндық құрылымы күрделі шешім тапқан. Құрманғазы Сағырбайұлының нақты фото суреті болмағандықтан кескіндемеші жалпы көркемдік образ жасауға ұмтылады. Мұны туындының көркемдік құрылымы мен композициялық шешімі арқылы ашып, байыта түскен. Күй толғап, домбыра шерткен Құрманғазы бабамыз бір жақ қырынан, көрерменге арқасын бере кескінделген. Күй әлеміне терең бойлаған Құрманғазы бейнесі өзін қоршаған ортадан мүлде оқшау қалғандай әсер қалдырады. Алайда, артқы аядағы үйір жылқының дүбірлей шапқан дыбысы көрермен құлағына жетіп, кенеп бетінде күйші тартқан күйдің күші мен динамикасын сеземіз. Осылайша суретші көрермен назарын күйшінің мол мұрасына, тарихи ұлттық құндылығына аударады.

Триптихтың ортаңғы бөлігінде ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының сом тұлғалық бейнесі шешім табады. Бұл туындыда да Абайдың бейнесі алғашқы жазылған портрет секілді рамаға сыймай тұрғандай әсер қалдырады. Ақынның сом бейнесі арқылы Абай тұлғасының даралығын, ұлылығын айшықтай түскен. Артқы аядағы көлеңке іспеттес шешім тапқан киіз үйдің силуэті Абай қам жеген қара халықтың белгісіндей. Абайды толғандырған уайым мен қайғының табындай ауыр сезілетін ол мейлінше терең әрі қараңғы. Абайды сомдаған алғашқы портретінде суретші жасыл түске үстемдік береді. Жасыл даналық пен мейірімділіктің белгісі. Ал, соңғы портреттен ая мен Абай тұлғасы сары түсте шешім тапқан. Қазақта сары түс уайымның белгісі. Жұмақын Қожақынұлы өзінің танымында ұлы Абайдың даналыққа  жету жолын ұлттың, халықтың уайымын жеп, қамын ойлауымен байланыстырып, оны осындай түстік шешімде қарастырады.

Триптихтың соңғы оң жақ бөлігін ақиық ақын Мұқағали Мақатаев бейнесі тұйықтайды. Суретші де Мұқағали секілді Хантәңірінің етегінде дүниеге келіп, сол табиғаттан нәр алып өседі. Сондықтан да туындылары Мұқағалидың поэзиясы секілді поэтикалық сипат алатын кескіндемеші, жанымен бір табан ақын әлеміне жақын екенін мойындаған еді. Бұл туындыны суретші өзінің жастық шағындағы керемет әсерде қалған естеліктеріне жүгіне отырып дүниеге әкелгенін кездесу барысында баяндаған болатын. «Жас күнімде Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін жаңа бітірген кезім. Досым Балтас екеуміз музейдің қасындағы өзен жағасына серуенге шықтық. Ол кезде өзен жағасы қазіргідей аббаттандырылмаған болатын. Табиғи кейпін сақтаған күйі жағасында үлкен-үлкен қой тастар домалап жататын. Жағада кешкісін демалған адамдар қарасы көп. Топ-топ болып әрбір жерге жинала қалған. Сонадайдан аппақ киінген сом тұлғалы, бойшаң келген ірі кісі көзімізге оттай басылды. Бірден таныдық. Ақын Мұқағали Мұқатаев екен. Балтас екеумізде демде жанына жетіп барып амандастық. Ақын ағамыз жылы қабақ танытып әңгімеге тартты. Біздің суретші екенімізді естіп өзінің қасына отырғызды. Сонда жадымда мәңгі сақталғаны Мұқағали ағаның қырық төрт жастағы кезі екен. Үлкен домалақ тастың үстіне аппақ орамалын төсеп жайғасыпты. Үстінде аппақ жейде, ақ шалбар. Ақ туфлиі мен ақ костюмін шешіп қойып, арқасын кеңге сала жайғасып отыр екен. Осы бейнесі әрқашан көз алдымда тұратын. Мұқағали Мақатаевтың көркемдік бейнесін жасауда әрине көп ойландым, аз ізденбедім. Біраз тарихи материалдар мен фото суреттерді ақтардым. Алайда, жас күнімде көрген ақынның асқақ бейнесін, әсіресе Хантәңірінің етегінде нұрға шомған күйі бейнелеуді дұрыс деп таптым. Ақиық ақынның шығармашылығы мен дүниетанымын өз шығармашылығыма ерекше жақын тұтқасын триптихты да осы образбен аяқтауды жөн санадым», - деп өз естеліктерімен бөліскен еді. Саналы ғұмырын, көркем шығармашылығын Жұмақын Қайрамбаев мағынасы терең құнды дүниелер жасауға арнады. Сол жолда ерінбей еңбек етіп, ұлттық мәдениетіміздің дамуына аянбай тер төгіп келеді. Суретші шығармашылығына көз жүгіртер болсақ, әрбір шығармасы осы тіркестерімізге дәлел болмақ.

 Бүкіл өмірін өнерге арнаған суретші шығармашылығын ұстаздықпен де табыстыра білді. Ұстаз қанатының астынан қазіргі таңдағы Қазақстан кескіндемесінің танымал өкілдері Досбол Қасымов, ҚР суретшілер Одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және балет театрының бас суретшісі Орынбасар Жаңбыршиев, Талғат Тілеужанов секілді танымал суретшілермен қатар Құралай Үмбетова, Құмар Омархан, Оралбек Қабөке және т.б.  жас қылқалам иелері тәрбиеленіп, шығармашылыққа қанат қақты. Бір кездері суретші өзінің шәкірттерімен  «Іздер» атты көрме ұйымдастырып, көрерменге ерекше әсер қалдырған болатын.  Жұмақынның шәкірттері бүгінгі күні Қазақстан кескіндемесінің тарихына өзіндік үлестерін қосып, іздерін қалдыруға тырысып-ақ жатыр. Бірақ, Қайрамбаев өнерінен сусындаған олардың әрқайсысының үні өзінше шығып, басқан іздері бір-біріне мүлде ұқсамайды. Сондықтан болар, өзінің шәкірт суретшілерін ол әркез мақтан тұтып жүреді.

Байтұрсын ӨМІРБЕКОВ

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,

Ресей Көркемөнер Академиясының құрметті академигі.

Зухра ЫДЫРЫС

өнертанушы, «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы»

 кафедрасының аға оқытушысы

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.02.2019

Екатеринбургтағы жол апатында 5 қазақстандық зардап шекті

21.02.2019

Жамбылда аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін 10 жатақхана салынады

21.02.2019

Үкіметті уақытша басқару Асқар Маминге жүктелді

21.02.2019

Мемлекет басшысының мәлімдемесі

21.02.2019

Елбасы Үкіметті таратты

21.02.2019

Н.Нығматулин Аустрия Парламенті Ұлттық Кеңесінің төрағасымен кездесті

21.02.2019

Сенаторлар халықаралық келісімдерді ратификациялады

21.02.2019

Индустрияландыру бағдарламасы аясында 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылады

21.02.2019

Қызылордалық полицейлер заңсыз аң аулаушыларды ұстады

21.02.2019

Түркістан облысының өз футбол командасы құрылады

21.02.2019

Жайық өзені бойында ауқымды рейд өткізілді

21.02.2019

Биыл 65 мың ірі қара сатып алуға ақша бөлінеді

21.02.2019

Бас прокуратура өтемақы қорына өндіру тәртібін түсіндірді

21.02.2019

Қоғамға көмектесетін инклюзивті инновациялар

21.02.2019

Дариға Назарбаева Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілімен кездесті

21.02.2019

Airastana 1 сәуірден бастап Қазақстан арқылы Ташкентке рейстерді ұлғайтады

21.02.2019

Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы неміс бизнес-қоғамдастығының өкілдерімен кездесті

21.02.2019

Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды

21.02.2019

Семейлік оқушы-кәсіпкер Нәдір Сәбитов жиһаз шығаратын цех ашты

21.02.2019

Алексей Луценко «Оман турының» жеңімпазы

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Tyıym men tıyn

Toı-toımalaqta tún jamylyp óner kórsetetin kámelettik jasqa tolmaǵan, ómirleri aq paraqtaı taza, kóńilderi aq bulaqtaı móldir kishkentaılarymyzdy jasyna laıyqsyz kıindirip, boıandyryp kópshiliktiń aldynda shyǵarý, án saldyrý – qý aqshaǵa qunyqtyryp qoıǵan ata-analarynyń kinásinen. 

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Qorqynyshty mıkroplastık

О́tken aptada Eýropalyq odaq úkimeti óndirýshilerge mıkroplastıktiń barlyq túrin óz ónimderinde qoldanýǵa tyıym salǵanyn estigen bolarsyzdar. Mıkroplastıktiń ne ekenin bilesiz be? Osyǵan deıin kóp mán bermeppiz. Sóıtse mıkroplastık − sıntetıkalyq polımerlerdiń kishkentaı bólikteri, bul kóptegen zattyń quramyna kiredi: kúndelikti kıetin kıimimizde de, kir jýatyn untaqta da, saǵyzda da bar eken.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Jeti jarǵy» jıen jaıly ne deıdi?

Qarǵa tamyrly qazaqta jıenmin dese qolq etpes jan joq shyǵar, sirá. Tipti, naǵashyǵa aıtar oıyn «tuzdyqtap» jiberse de, basynan sóz asyrmas nebir adýyn minezdiniń ózi jıen ǵoı, aıta beredi» dep kúlip, bas shaıqaǵannan artyqqa barmaıdy.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Rýh jaıly áńgime

Marqum alashshyl tulǵa Aqseleý Seıdimbektiń «Rýhy azat halyq qana uly ister atqara alady» deıtin myzǵymas ustanymy boldy. Osy uǵymdy Ahań ári qaraı tápsirlep: «Rýhsyz halyqty altynǵa bólep qoısań da báribir, rýhy myqty qaýymnyń aldynda eńkish tartyp turady. Rýh degenimiz ol kózge kórinbeıdi, halyqtyń gendik bıosferasynda bolatyn úreıdi jeńý qýaty. Úreı qan arqyly urpaqtan urpaq jalǵasyp kete beretin asa qaterli qubylys. Qandaı bir qaýymnyń rýhanı erkindigi (táýelsizdigi) halyqtyń boıyndaǵy úreıdiń az-kóptigimen ólshendi» deıtin edi jaryqtyq.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Elorda: kósheler, avtobýstar, aıaldamalar

Astana jyl sanap ósip keledi. Bir kezderi oblys ortalyǵy bolǵan shaǵyn ǵana qala az ýaqyttyń ishinde elimizdegi iri shaharlardyń qataryna qosyldy. Munyń bári qarqyndy júrgizilgen qurylys jumystarynyń nátıjesinde júzege asyp otyr. Ras, qazir 2000 jyldardyń basyndaǵydaı ekpin joq. Degenmen áli de bolsa jańa ǵımarattar men turǵyn úıler turǵyzý isinde alǵa basý bar. Bas qala, jańadan turǵyzylyp jatqan elorda bolǵandyqtan, qurylys jumystarynyń jalǵasa beretinine kúmán joq.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу