Президент • 20 Қыркүйек, 2018

Ынтымақтастық нығая түседі

595 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен Гои бейбітшілік қоры (Жапония) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Ынтымақтастық нығая түседі

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Қорының ди­рек­торы, Сенат депутаты Дариға Назарбаева мен Гои бей­біт­ші­лік қорының президенті Хироо Сайонджи қатысты. 

Іс-шара барысында сөз сөй­леген Д.Назарбаева қол қо­йыл­ған меморандум ортақ мақ­сат­ты жүзеге асыруға мол үлес қоса­тынына сенім білдіріп, екі қор­дың арасындағы қарым-қатынас дами түсетінін атап өтті. 

«Елбасы біздің елдеріміздің арасындағы мәдени-гумани­тар­лық қатынастарға ерекше назар аударады. Қордың қызметінің негізгі мақсаты – дарынды жас­тар­­ға қолдау көрсету, білім беру, әлеу­­меттік саясат және жаңа тех­­­нологиялар саласындағы жа­ңа­шыл идеяларды іске асыру, тиім­­ді қайырымдылық көмек көр­­­сету және бәсекеге қабілетті са­рап­­­тамалық-талдау орталығын да­мы­ту. Бүгін біз меморандумға қол қоя отырып, қорлар арасында сенімді және мықты қарым-қаты­нас­тың берік іргетасын қалап отыр­ғанымызға қуаныштымыз», деді Д.Назарбаева. 

Сонымен қатар ол Елбасы қоры Гои қорымен бірлесіп, жас таланттарды қолдау үшін ғы­лым, мәдениет салаларын­да­ғы жо­ба­ларды жүзеге асыруға, сарапшылардың дөңгелек үстел­дерін өткізуге дайын екендігін баса айтты.

Өз кезегінде Хирро Сайонджи әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру барысында өзара тәжірибе алмасуы қажет­тігіне тоқталды. Сонымен қатар бір­лескен шараларды ұйым­дас­­тыруға және өткізуге дайын екен­дігін жеткізді. 

Меморандум Қазақстан мен Жапония халықтары арасында­ғы дәстүрлі достықты одан әрі ны­ғай­туға, жастар бастама­ларын іл­герілетуге, жан-жақты стра­тегия­лық әріптестікті нығайтуға бағытталған. 

Меморандумға қол қою рәсі­мі аяқталғаннан кейін Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев Гои бейбітшілік қо­ры­на Қазақстанның нышаны, Ұлы Дала елінің мәдени мұрасы саналатын «Алтын адамның» көшірмесін сыйға тартты. 

Гои бейбітшілік қорының президенті Хироо Сайонджи Назар­баев орталығында Елбасы­ның ядролық қаруға қарсы бас­та­малар залымен танысты. Со­ны­мен қатар Ұлттық музей және «Бейбітшілік қабырғасы» мо­ну­ментіне және басқа мәдени ны­сандарға барды. 

Ядролық қаруға қарсы қозға­лыстағы Қазақстанның негізгі шетелдік әріптестерінің бірі саналатын жапониялық қонақтың елімізге келуі кездейсоқ емес. Жапония да ядролық қарудың зардабын көп тартқан мемлекет. Сондықтан «Күншығыс елі» ха­лықаралық қоғамдастықты ядро­лық қаруды таратпауға және жаппай қырып-жою қаруларына қарсы бағдарламаларды қолдауға әрдайым шақырады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»