Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2018

Көкірек көзіміз қайтсек ашылады?

534 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ерлікті көп адамдар жасаймын деп жасамайды. Ол бір қас пен көздің арасында, көбінесе адам мен ажал айқасқа түскен, жан алысып, жан беріскен сәттерде дүниеге келеді. Миллиондаған жандарды таңғалдыратын таңға­жайып ерліктер кімді болсын еріксіз сүйсіндіреді. Сондықтан да адамзат он­дай ерлік жасаған адамдарды ешқашан ұмытпайды. Жоғары бағалайды. Же­ке­леген адамдардың жасаған ерліктері халық пен халықты теңестіріп қана қоймай, бірін-бірі толықтырып, тіпті асқақтатып жіберетін де кездері болады.  

Көкірек көзіміз қайтсек ашылады?

Дәл қазіргідей жаһандану үр­дісі құлашын кеңге жайып, жер бетін бірте-бірте жаулап, әлсіз, аз халықтарды әбіжыландай жұтып келе жатқан, көзге көрінбейтін, бірақ өмір мен өлім үшін болып жатқан ұлы шайқаста қазақ халқының мерейін қашанда үстем болу үшін жаса­лынған ерлікке баса мән беріп отырсақ, ешқашан ұтылмаймыз. Болашағы кемел, өркениет биігіне көтерілген ел ғана солай жасайды. 

Өткен ғасырдың 1978 жылы 18 жел­тоқсанда – қақаған қыста, қа­йық­тары суға аударылып, ағып бара жатқан он бес баланың он екісін құт­қарып, ажал тырнағынан алып қал­ған Бейсетай Дәуренбеков туралы «Егемен Қазақстан» газеті аз жаз­ған жоқ. «Қазақстан-1», «Хабар», «Жетісу» телеарналары да жаса­лынған ер­лік­тің мәнін ашып, бірнеше мәрте жақ­сы, ұлағат боларлық материалдар берді.

Содан бері қырық жыл өтсе де жасалған сол бір ерлік бір сәт те көмескіленіп қалған емес. Жергілікті халық «Батыр» атап кеткені сонша­лық, ауданға келген басқа ұлт өкіл­дері де Бейсетай ағаға жиі соғып, сәлем беріп тұрады. Тіпті моторлы қайықтарын сыйлап кеткендері де бар. Ағаның өзі де жаны жайсаң. Еш­кімді жатырқамайды. Сәлем бере кел­гендердің барлығын туған бауырындай қабылдап, қарсы алып жатады...

Биыл Бейсетай аға сексен жасқа толды. Тойды аудан орталығындағы «Іле» мейрамханасында жасады. Бейсетай ағаның жасаған ерлігі­мен мерейтойға жиналғандардың барлығы мақтанды. Тілек айтқандары бірінен бірі асыра сөйлеп, той иесінің мерейін өсіріп-ақ тастады. Аудан ғана емес-ау, бүкіл Қазақ елі мақтаныш етсе болады. Өйткені адамзат тарихында қақаған қыста, бір-біріне соғылып, ақ көбігін аспанға атып жатқан жатқан сеңнің арасынан ағып бара жатқан он екі баланы ажал тырнағынан құтқарып қалу деген бұрын-соңды болған емес. Жазмыш шығар... Мұндай ерлік тек Бейсетай Дәуренбеков ағаның ғана маңдайына жазылыпты.

Бейсетай ағаның балалары тойды жақсы өткізді. Аға да тойда аңқыл­даған қалпы көңілді жүрді. Менің көңіліме сыймағаны тойға аудандағы шақырылған қалталы адамдардың бір де бірі бас сұққан жоқ. Батыр ағаға сексен жасын тойлаған торқалы то­йында бір де бір ат мінгізілмеді. Оны көңіліне алған батыр аға жоқ. Жүзінен ерліктің нұры төгіліп, көңіл­ді жүрді.

Есіме Қажымұқан Мұңайтпасов батыр бабам түсті. Өмірінің соңында тұрмыс қиыншылығын көп көріп, Орталық Комитетке де көмек сұрап хат жазған екен. Ол кезде компартия билік құрған заман. Жергілікті басшылар жоғары жаққа қарап, алаңдайды. Ал компартия бұратана халықтан шық­қан Қазақ даласының батырын қайт­сін?.. Ол кездері қалталы адамдар да болмаған тәрізді. Әрі елім деген ерлердің көкірек көздері ашыла қоймаған кез.

Ал қазір ше? Бейсетай аға тұрмыс тау­қыметін тартып отырған жоқ. Бірақ бүкіл қазақ халқы мақтан етуге тұ­ра­тын адамға сексен жылдық тор­­қалы тойында жергілікті қалталы аза­­мат­тар бір автомашина мінгіз­се де ар­тық болмас еді. Тіпті бір ат мінгі­зіл­­мегені менің көңіліме келді.

Кім кінәлі? Көкірек көзіміздің әлі ашылмағанына өзімді өзім кінәладым. Ерлікті жасай алмасақ та, оны зердеміз жетіп бағалай алмағанымыздың өзі көкіректерімізде көздеріміздің бол­ма­ғанын аңғартады емес пе?

Марат ҚАШҚЫНБАЕВ

Алматы облысы,

Балқаш ауданы, 

Бақанас ауылы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше