20 Қыркүйек, 2018

«Хат қоржын» (20.09.2018)

393 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (20.09.2018)

...ризашылық білдіреді 
                                                                Маңызды мақала жазбақ ойдамын
«Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 18 шілдедегі нөмірінде «Шығыс Қазақстан облысының ветеринар дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есенкелді Бәкімбаевтың «Малдәрігерлік қызмет уақыт талабына сай ма?» деп аталатын мақаласында «Ойымызды ортаға салып, ынталы адамдармен бөлісуді жөн көрдік» деп, ветеринария саласындағы проблемаларды қоғамдық талқылауға ұсынған екен. 
Газет еліміздегі ветеринариялық қауіпсіздікке қатысты проблеманы жариялағаны үшін мақаланы оқыған көпшіліктің алғысын жеткізуді жөн санадым. Ұжым алдағы уақытта ветеринария саласының проблемаларына тұрақты көңіл бөліп отырса екен деген тілек айта отырып, ауылдық округтердегі ветеринариялық бекеттер деңгейіндегі қордаланған мәселелердің туындау себептері мен оны шешудің жолдары туралы ұсыныстарымды мақала етіп жазсам деген ой келеді. 
Мақала – нормативтік-құқықтық актілерге сілтеме жасай отырып, ветеринария саласының уәкілетті органы – Ауыл шаруашылығы министрлігі атына сын айтылып, аудандардың ЖАО құрған мемле­кеттік ветеринариялық ұйымдарды дамытуда орындалмай отырған құқық­тық, ұйымдас­тырушылық және экономикалық негіздері туралы болмақ. 

Мұхамедәлі ТІЛЕУЛИЕВ,
«Ветеринарлық қызмет» 
ММК-нің паразитолог-малдәрігері 
Түркістан облысы,
Төле би ауданы 

...мақтан тұтады
                                                                      Қанатын кең жая түседі
Тәуелсіз Қазақстанның ту тіккен елордасы – Астана қаласына биыл жиырма жыл толды. Жиырма жыл деген тарих үшін қас қағым сәт болса да, елордамыздың төрі адам танымастай өзгерді. Жыл емес, күн санап, етек-жеңі кеңейіп, еңсесі биіктеп, ертегілерде шығатын алып құс самұрықтың қанат қаққанындай қарыштап дамып келеді. Самұ­рық құстың ұясындай алып Бәйтерек қаламыздың ортасында менмұндалап тұр. Астананың орталық алаңындағы «Қазақ елі» монументін өз басым бүкіл қазақтың басына қонған алтын тәжі деп білемін. 
Кішкентай кезімде әке-шешеммен бірге Еуропаның көптеген қалаларын аралап, талай керемет көріністерді тамашалаған едім. Сол кезде «Шіркін-ай, мынандай керемет мәдени ошақтар, осындай тамаша ойын-сауық орындары бізде де болса ғой» деп армандаушы едім. Сол арман-қиялымды білгендей-ақ бүгінгі Астанада бәрі салынып, ел игілігіне жарап жатыр. Менің бастауыш сынып бітірген жылдарымда мүлдем болмаған әсем ғимараттар, еңселі ордалар бүгін еңсе тіктеп, Астананың төріне шырай беріп тұр. 
Астана өзінің сыртқы келбетімен ғана емес, ішкі мән-мазмұнымен де өркениетті әлемнің көшін бастап тұр. Былтыр ғана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына барған сәтімде таң тамаша болдым. «Мәңгілік ел» қақпасы қала ортасы іспетті болып қалған. Жан-жағында салынған әсем ғимараттар одан ары созылып, әуежайға қарай беттеп кетіпті. Ал сол аумақтағы Назарбаев Университет кампусына қарсы тұрған «Мега силкуэй» ойын-сауық отауы күнделікті сабақтан шыққан студент жастардың көңіл көтеретін, демалатын ең қолайлы әрі лайықты мәдени орны. Осыған қарап маған мынандай ой келді: Астананың асыл мұраты – жастар мен болашаққа жасалған игі істер шоғыры. Олай болса, жастарының қамын ойлаған қала әрдайым гүлденіп дами береді, еңсесін тіктеп, қанатын кең жая түседі. 

Ақниет СӘРСЕНОВА,
Астана қаласы, №66 мектеп-лицейінің 
11 «Б» сынып оқушысы 

...ұсыныс жасайды
                                                                   Шежірені зерттейтін институт керек
Егер қазіргі шежіре деп жүргенімізді үрім-бұтақ тізімімен есептесек жеті ата емес, кемінде қырық, елу атаға барады. Неге қазақ жеті атаң­ды біл деді? Құранда «ұлыстар мен руларға бөлдік» дейді. Демек ше­жіре – Құдайдан. Ол туралы «Әбіл мен Қабыл» жайлы аңызда айтылады.
Ал қазақ неге ұлтты жүзге, жүзді елге, елді руға, руды атаға бөліп таратады? Жеті ата жүйесінің сыры тереңде. Шежіре – теңдесі жоқ ғылым. Айтпағым, шежіре ілімі күрделі ілім. Қазақта оның жүйесі сақталған. «Біреуде алтыншы саусақ болса, ол оның жетінші ұрпағынан қайталанады» дейді тұқымқуалаушылық және өзгергіштік заңының тұжырымы. 
Қазаққа шежірені зерттейтін ғылыми институт керек.
Тек аңыздар мен тарихи деректерді малдану шынайы ғылымға жатпайды. Қазақта бүгінге дейін сақталып келе жатқан шежіре жүйесі, үрімбұтақ құжаты, әулет тарихы бар. Бұл мәселеге ұлт болып көңіл бөлінуі керек. Қазақ шежіре арқылы бірігеді. Құр мақтанның күні өтіп барады. Айтқанын дәлелдейтін ғылым деген салаға ден қою керек. Қазақ шежіре заңы арқылы бұзылғанын түзеп, үзілгенін жалғай алған ұлт. Ол ұлылықты әлі де жасай алады. 

Серік СҮЙІНДІК
Алматы

 ...үлгі етеді
                                                                           Өнерлі өрге жүзер
Жамиля Исметова Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылының №3 орта мектеп мекемесінің 9 «Г» сыныбында оқиды. Жамиля кішкене кезінен өте зерек, ақылды, білімді болып  аудандық, облыстық, республикалық сайыстарға да үнемі қатысып, биіктерден көрініп жүрген оқушы. 
2016 жылы Атырау қаласында өткен республикалық «Ақ көгершін» мәнерлеп оқу сайысынан жүлделі II орын, Қарақия аудандық «Абай оқулары 2016» мәнерлеп оқу сайысынан I орын, Ақтау қаласында өткен «Абай оқулары 2016» облыстық мәнерлеп оқу сайысынан I орын, сонымен қатар 2016 жылы «Саптық жүріс 2016» байқауынан I орын иеленген. Жамиля тек мәнерлеп оқу шебері ғана емес, сахналық қойылымдарда да рөлді өте керемет сомдайтын актриса десек артық айтпаған болар едік. 
Қарақия ауданында өткен «Есірткісіз есті әлем» сайысында «Ана» рөлін сомдап III орынға ие болды. Одан кейін аудандық «Маңғыстаунама» сайысында «Асалы-Көкетай» драмасынан қойылым қойғанда, Көкетай рөлін жан-тәнімен орындап, II орын иеленді. Аудандық пән олимпиадасына биология пәнінен II орын алып, облысқа дейін барып келді. Жамиляның осындай дәрежеге жетуіне септігін тигізген ата-ананың берген жүйелі тәлім-тәрбиесі деп ойлаймын. Екінші әрине, ұстаз тәрбиесі. Біз мектебімізде осындай шәкірттеріміздің барын үлкен мақтанышпен айта аламыз. 
Айтгүл КӨПТІЛЕУОВА, 
№3 орта мектеп мұғалімі
Маңғыстау облысы,
Қарақия ауданы