Білім • 21 Қыркүйек, 2018

Әліпби ауыстыру – үлкен өзгеріс

1296 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық санамызға мықтап қозғау салған рухани жаңғыру идеясымен ұштасып жатқан тарихи шешім. Тоқталған әліпбиіміздің соңғы нұсқасы да мәдени жұртшылықтың назарында тұр. Қазақ тілі емле ережесін жасаудағы басты және қосалқы ұстанымдар қандай деген сауалға жауап алып, кейбір түйінді мәселелерді оқырманға нақты мысалдармен, ғылыми негіздерге сүйене отырып тарқатып беру үшін А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли мырзамен әңгімелескен едік.

Әліпби ауыстыру – үлкен өзгеріс

– Жазу-сызуымызды реформалау қазір нақты қандай кезеңде? Әң­гі­мемізді осыдан бастасақ?

– Алдымен Орфографиялық ереженің ғылыми негіздемесі (концепциясы) жасалды, осыған сәйкес А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 2017-2018 жылдар аралығында Орфографиялық негізгі ереженің бастапқы жобасы әзірленді. Мәдениет және спорт министрлігінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазы­на» ұлттық ғылыми-практикалық орта­лығының ұйымдастыруымен Ереже концепциясының таныстырылымы Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде өткен мәжілісте тың­далды. Ереженің алғашқы нұсқасы Зеренді, Қапшағай қалаларында әріптес­теріміздің ресми сараптамасынан өтті. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен мәжілісте Ереженің негізгі жобасының таныстырылымы тыңдалды. Бұл жайында құлағы түрік жұртшылық хабардар. Әрине, Ереже тақыр жерде жасалған жоқ. Бұған дейін де жасалған Ережелер, орфографиялық сөздіктер, анықтағыштардың негізге алынғанын атап айтамыз. Аталмыш Ереже – институттың ұжымдық өнімі.

Оқырмандардан келген мына бір пікірде «Ереженің концепциясында кей­бір мәселенің басы ашыл­маған сияқ­ты. Ғалымдарымыз әріп атау­лары­ның неге бұлай деп алынғанын негіз­деу керек еді» деп айтылыпты. Мы­са­лы, әріптеріміздің аталуы неге бы, ды, жы,.... неге ій, неге ұу т.б. Неге бір әріп­тің атауы жуан, бір әріптің атауы жіңішке? 

– Мұндай сұраудың жөн-жосығы жоқ емес. Әріптердің халықаралық атаулары бар да, халықтық атаулары бар. Біріншісі ғылыми зерттеулерде қолданылады. Біз халықтық атауларға сүйендік. Халықтық атауда, мысалы, б-бы, д-ды, с-сы, т-ты....т.б. деп аталады. Өйткені тілімізде жуан буынды сөздер басым. Басқа әріптердің аталуы да солай. Бұлай болу себебі тіл дыбыстарының қоғамдық санадағы бейнесі, ойдан шығарылған нәрсе емес. Г мен к әріптерінің жіңішке түрде берілуі олардың үнемі жіңішке буындарда кездесуіне байланысты, сондықтан олардың дыбыстық аталуы кі, гі түрінде берілген. Бұл жерде тағы да сұраудан-сұрау туындай береді. Неге и әрпінің дыбысталуы ій, ал у әрпінің дыбысталуы ұу? Бұлай болуы тілдік санада дыбыстық бейнесінің жіңішке ій түрінде ұғынылуы. Оған себеп ій-мен келетін жіңішке буынды сөздердің саны басым. Ал у әрпінің ұу болуы жуан буынды сөздер басым болғандықтан. Сонымен тіл дыбыстарының қоғамдық санадағы бейнесі – олардың моделі іспетті. Бұл - автоматизм түрінде жұмыс істейтін модель. Бұларды Орфографиялық ереженің негіздемесінде, ереженің өзінде нақтылау міндетті емес. Осындай ерекшеліктер болашақта орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктерде немесе анықтағыштарда егжей-тегжейлі түсіндірілетін болады.

– Байқасақ, жаңа Ережеміздің бас­шылыққа алатын негізгі прин­ципі жөнінде талас, пікір, әрқилы тұжы­рым болғанға ұқсайды. Сіздер, Орфо­графиялық жұмыс тобы, фонема­ти­калық принципті негізге алдыңыздар. Осыған келіс­пеу­шілердің айтуынша негізгі принцип морфологиялық, енді бір әріптестеріңіз фонетикалық принцип деп атауды жөн көреді.

– Ол рас. Морфологиялық принцип дегеніміз – мектеп сөзімен айтқанда, түбір сақтау. Біздер, орфографиямен шұғылданушылар, фактологиялық материалдарға сүйенеміз. Мысалы, қазақ, қазағы дейсіз, солай жазасыз, бірақ қазағ деген түбір жоқ қой, ал қазақы десеңіз, басқа мағына. Тірлік деп жазасыз, түбір сақтап тірілік деп жазбайсыз. Сол сияқты тасқын деп жазасыз, бірақ түбірі тасы болса да тасықын деп жазбайсыз. Егіннің түбірі ек болса да егін деп жазасыз. Себебі сіз бұл жерде мағына ажыратуға дәнекер дыбыстарды (бұларды ғылыми сөзде фонема дейді) жазып отырсыз. Фоне­ма­тикалық принцип дегеніміз осы. Ережеде фонематикалық принциптің негізге алыну себебі осы айтылғандарға саяды.

– Сонда бұл ұстанымдарыңыз қалай айтылса, солай жазылады деген фонетикалық жазу емес пе?

– Жоқ. Фонетикалық жазу қалай айтылса, солай жазу; қалай естілсе, солай жазу дегенге саяды. Рас, кейде дала, қала, ана, бала, ел-жұрт т.б. жазылуы даусыз сөздердің айтылуына, соған сай жазылуына қарап, фонетикалық жазу екен деуге болмайды. Айталық, қашша деп айтсаңыз не естісеңіз, оның айтылымы да, естілімі де бірдей. Бірақ мағыналары әр басқа. Фонематикалық жазу сол әр басқа мағынаны береді: қазша (қаз сияқты), қашса (қашатын болса), тағы бір мағынасы қасша (дұшпанша). Осы типтес сөздерді мағына ажырататын дыбыстар бойынша жазу фонематикалық ұстанымға жатады. Түбір сақтап жазу дегеніміз де осы принциптің аясына кіреді. 

– Тағы бір кезекті сұрауымыз өздеріңіз айтып жүрген сингармонизм заңдылығымен байланысты болып отыр. Сіздер дайындаған концепция­да және осы ережеде сингармонизм сақ­­талуы керек еді дегендей өкінішті сөз­дер­ді ара-тұра болса да құлағымыз шалып жүр. Бұл жайтты да анықтай түссек.

– Бұл мәселенің басы ашық. Бұған жауап та анық, сүйенетініміз де анық. Біз жазба дәстүрге айналған А.Байтұрсынұлының сингармонизміне, Халел Досмұхамедұлы айтқан сингармонизмге сүйендік. Бұл – сөздердің жуан, жіңішке болып жазылуын негізге алатын езубейімді дәстүрлі сингармонизм. Ғылымда бұны лингвалды сингармонизм дейді. Мысалы, қойымыздың, қойшымызға, үйлерімізге, түйелеріміздің т.б. Ал еріндік сингармонизмді жақтаушылар әсіресе 90-жылдары қызуқанды айтыстың алаңына айналдырған болатын. Кезінде тәжірибе ретінде ерінбейімді (лабиалды) үндестікті жазып көргенімізде оның жазу-сызуымыздың жартысына жуығын қамтитынын байқадық. Ол айтыстың беті қайтқандай болды. Бірақ қазіргі кезде де ара-тұра айтылып жүр. Егер біз ерінбейімді сингармонизмді ұстансақ, қойұмұздұң, қойшұмұз, үйлөрүмүзгө, түйөлөрүмүздүң т.б. деп жазған болар едік. Алайда жазармандарымыздың қоғамдық санасы бұндай «жаңашылдықты» қабылдай қоймасы белгілі. Сондықтан А.Бай­тұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы заманынан келе жатқан езубейімді сингармонизмді базалық норма деп таныдық. 

– Әңгімемізге арқау болып отырған Ереженің негіздемесінде де, Ереженің өзінде де «Қазақ сөзінің табиғатына тән бір дауысты, бір дауыссыз немесе бір дауыссыз, бір дауысты» болып келетін ерекшелігі ескерілмей қалған дегендей сын ескертпе де айтылған сияқты.

– Алдымен айқындап алайық. Сөздің дыбыстық құрамының қатары «бір дауыс­ты, бір дауыссыз немесе бір дауыссыз, бір дауысты» болып айтылатын алыс, алақан, асыл; терек, дала, жалаң т.б. сөздер де, сөз ішінде қатар келетін дауыссыздары да бар: қарт, алты, орта, арқа, алқа, тіпті үш дауыссыз қатар айтылатын сырттан, жұмыртқа, кесіртке, омыртқа тәрізді ауыр буынды сөздер де бар. Анығы осы. 
Ал әңгіме үнді мен үнді дыбыстың аралығындағы қысаң ы, і, ұ, ү дауыс­ты­ларының таңбалануы жөнінде болса, онда сөз басқа, мысалы, емле ме, еміле ме; мемлекет пе, мемілекет пе? 

Емле әуелден екі, мемлекет үш буын­ды болып жазылып жүр. Бұларды, еміле деп үш буынға, мемілекет деп төрт буынға айналдыру не үшін қажет? Мәміле, мәлімет, құрылыс, топырақ, жапырақ тәрізді сөздер бірізділікпен дәстүр бойынша үш буынды түрде жазылып жүр. 
Ал түбірдегі қысаң дауыстылар туын­ды түбірде түсіріліп жазылады: опыр > опрық, тірі > тірлік, сарын > сарна, орын > орна, ойын > ойна, бауыр > баурай, қойын > қойнау, үрік > үркек, бұйыр > бұйрық, ұры > ұрлық, ұрла; жиын > жина; жинақ т.б.

Бұл жерде «Бір дауысты, бір дауыссыз» деген формула жүрмейді. Себебі екі буынды түбірдің қосымша жалғанғанда үш буынды болып ұзармай, екі буынды болуы тілдің ішкі табиғатына тән үнемдеу ықшамдау заңдылығымен, яғни жалғамалы тілдің буын санын ұзартпай, тілдің өзін-өзі реттеу механизмімен байланысты. 

– У, и әріптерімен жазылып жүрген ту, су, бу тәрізді сөздерді тұу, сұу, бұу деп жазу керек деген де сөзталастан құлағдармыз. Әрине, сіздер бір тоқтамға келген боларсыздар? 

– Бұл жерде сүйенетіміз: Тағылым, Дәлел, Уәж. Осыларға сүйеніп, бір тоқтамға келдік. Тағылымға, дәлелге, уәжге тоқталмасақ, жазу реформасы бітіспес айтыс алаңына айналар еді. 

Әуелі сөзді тағылымнан, өмір тәжі­ри­бесінен бастайық. А.Байтұрсынұлы кезін­дегі төте жазуда қиын, тиын, ит, киім деп те, қыйын, тыйын, ійт, кійім деп те жазған. 

30-жылдардағы латында да солай: тұу деп те, ту деп те жазылды. Кирилше жазуда, 1957 жылғы ережеге дейін тұу деп те, ту деп те жазылған болатын. Осы қиындықтан тағылым алуымызға болады. 

1957 жылғы Ережеден кейін бұндай ала-құла, әрі-сәрі жазу бірізге түсті. Егер ережеде кемшілік болса, осы күнге дейін ала-құлалықтан арыла алмай жүрген болар едік. Қай газетті алып қарасақ та, у, и әріптерінің жазылуынан кеткен қатені көрген жоқпыз. Егер өмір сынынан өткен тәжірибеден тағылым алмасақ, күні ертең-ақ баяғы ала-құлалық қайталанбай қоймас. Тағылымға тоқтамасақ, тағы да тайғақ кешуде жүреміз. Тағылым дейтініміз осы. 

Дәлел. Дәлел мынау: у да, и де А.Байтұрсынұлы айтқандай, жарты дауысты. [тұу] дегенде у жарты дауыс­ты, ұ қысқа дауысты, екеуі де еріндік. Осы қасиеттері жағынан бірегейленіп, бір бүтінге айналған дыбыстық бірлік. Оппоненттерімізге айтатын дәлеліміз осы. Тұу деп жазсаңыз да, ту деп жазсаңыз да айтылымында айырма жоқ. 

Уәж. Уәж мынау: Әңгіме тек бу, су, ту сияқты, бір буынды сөздер ғана емес. Әдетте орфографиямен шұғылданушылар бірер сөзбен ғана шектелмей, фактологиялық материалдарды кеңінен жинап, соған сүйенеді. Оны саралайды, әр нұсқасын жазып, салыстырады. Сіз де салыстырыңыз, оқырмандарымыз да салыстырып көрсін: игеру (5 әріп) – ійгерүу (7 әріп) , игерісу (7 әріп) – ійгерісүу (9 әріп); қуу (3 әріп) – құуұу (5 әріп); ауру (4 әріп) – ауырұу (6 әріп); суыну (5 әріп) – сұуынұу (7 әріп).

Ал халықаралық терминдер мен прецедентті атауларды да қосар -ый/-ій, -ұу/-үу түрінде де жазып көрдік: криминологиа (12 әріп) – кріймійнологійа (15 әріп), университеті (12 әріп) - үунійверсійтеті (15 әріп), Иури Гагарин (11 әріп) – Ыйұурій Гагарійн (15 әріп) т.б. халықаралық терминдер мен прецеденті атауларға келгенде, оппоненттер тарапынан «біз тек төл сөздерімізді ғана -ый/ -ій, -ұу/үу деп жазамыз» дегендей де уәж айтылды. Бұндай уәжге де тоқталу қиын болды, өйткені мыңдаған жазарманымыз иман/ыйман, уәкіл/үуәкіл, Уәзипа/Үуәзійпа, уәжіп/үуәжіп, Уәлихан/Үуәлійхан, Иса/Ыйса, Исатай/Ыйсатай, Иран/Ыйран т.б. сөздер мен атауларды жазарда төл ме, төл емес пе деп «сұрыптап» отырмақ па? Дара не қосармен жазу санаулы сөздердің ғана орфографиялануы емес, күллі Емлеміздің үштен екісін құрайтын аса ауқымды жүйе. Оны өзгерту – өзгеріс емес, төңкеріс болар еді.

Қоғамымызда 7 жас пен 70 жастан асқанға дейінгі мүшелерін қамтитын әлеу­меттік аса ауқымды және кезек күттір­мейтін іс-шаралар. Реформа дегені­міз, жалпы айтқанда, түп негізін сақтай отырып өзгерту. Жазу-сызуда да солай. Жазу-сызу – біздің түп негізі бар рухани дүниеміз. Ал түп негізінен айырылса, ол өзгеріс емес, төңкеріс болар еді. 

– Сонымен, Ереженің негізгі ұс­та­нымдарын түйіп айтсаңыз.

– Жіптің ұшын түйіп айтқанда: қазақ орфографиясының негізгі ереже­лерінің ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заң­ды­лықтарына сәйкес болуы көз­делді; тәжірибеде сыннан өтіп, дәстүрге айналған базалық нормалары сақталынды; техникалық жақтан қазақ орфо­графиясының қолдануға оңтайлы, мобильді, жинақы болуы ескерілді; халық тілінің дыбыстық қор әлеуетінің кеңірек қамтыла түсу талабы болды; жаһандану үрді­сінде жазу-сызудың ұлттық сипа­тының сақталып, космополиттік әсірелікке ұшырамауы көзделді.
 

– Әрине, бұл айтылғандарды әліпби реформасының бастапқы бір кезеңі деу­ге болар. Алдағы кезде атқарылатын іс-шаралар қандай болмақ?

– Ендігі жерде Ереже – жоғары оқу орындары кафедраларына, мектеп­тер­ге таратылып сын мен сынақтан өткі­зілмек. Бұл шараларды Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің үйлес­ті­руімен «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бастап та кетті.

– Әңгімеңізге рахмет.
 

 Әңгімелескен
 Арман ОКТЯБРЬ,
 «Егемен Қазақстан»