Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2018

Музей қызметкерлеріне үстемеақы төленгені жөн

542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Президент Н.Назарбаев мемлекеттің одан әрі өркендеуі үшін рухани жаңарудың қаншалықты маңызы барын атап көрсетті. 

Музей қызметкерлеріне үстемеақы төленгені жөн

Ал рухани жаңғыру туған жердің тарихын, мәдени табыстарын, дәстүрлерін біл­мей іске аспайды. Міне, осы бағытта му­зей­лердің алатын орны зор. Олар ту­ған ел мен халқымыздың азаматтық қалып­та­суы мен патриоттық сезімінің жандануы­на аса қуатты фактор ретінде қызмет ете алады. 

Бүгінгі таңда музей қорлары мен сақтау орындарының материалдық-техникалық қамсыздандырылу мәселелері күрделі проблемаға айналып отыр. Еліміздегі бар­лық музейлердің экспонаттары 3 млн бір­лікке тең десек, соның 70 процентінің сақ­талу орындары мен арнаулы ғылыми-өн­ді­рістік зертханаларының, реста­врация жасай­тын шеберханаларының жағдайы өте нашар жағдайда. Қазір музейлерге реставрациялар жасау, коллекцияларды консервациялау ғана емес, экспозициялық дәліздер мен сақтау орындарын тиісті режімдерге келтіру үшін заманауи технологиялар, арнаулы ғылыми-зерттеу зертханалары керек. Бұл жұмыс музейлер жұмысының барлық бағыттағы тиімділіктерін арттырар еді. 

Отандық музейлердің тағы бір үлкен проблемасы – кәсіби мамандардың аздығы. Көбінің дайындығы төмен екені көзге ұрады. Сондықтан еліміздің жетекші ЖОО-ларында арнаулы, жоғары білікті музей қызметкерлерін дайындайтын факультеттер ашу керек. Сондай-ақ музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін білім жетілдіретін орталықтар ашып, олардың жұмысын жоғары деңгейге көтеру қажеттігі кезек күттірмейтін мәсе­ле екені даусыз. Қызметкерлердің шетел­дерге шы­ғып, тренингтер алуын да қарас­тырған жөн. Соң­ғы жылдары бұл жұмыс­тар бізде мүлде атқарылмайтын болды. 

Музей қорларының ғылыми тұрғыдан жарақ­тандырылуы дала экспедиция­ла­ры­­ның жұмысы (археологиялық, этно­гра­фия­лық, археографиялық т.б.) арқылы және тұрғындардан музейлік құндылығы бар заттарды мемлекеттік сатып алу жолымен жиналады. Өкінішке қарай мемлекет тарапынан қаржыландыру болмағандықтан осы жұмыстар қазір жүргізілмей қалды. 

Үкіметтің 2007 жылы қабылдаған №1400 қаулысының №8 қосымшасына сәй­кес музейлер қызметінің денсаулыққа зиян­ды­лығына байланысты оның басшылары мен қызметкерлеріне айлық еңбек­ақыға қоса 30 пайыз үстемеақы төлеуге рұқсат етіл­­ген. Алайда үстемеақы ала­тындар тізі­м­іне өндірісте жұмыс істейтін­дер ғана кір­гізі­ліп, музей қыз­мет­кер­лері енгі­зіл­м­еген. Олар­дың қыз­метінде сани­тар­лық-гигие­на­лық талап­тарды бұзатын зиян­ды әре­кет­тер бар екендігі ескерілмеген. Мысалы, ант­ро­­пологиялық және этно­графия­лық ескі кітаптар, гербарийлер, аңдар мен құс­тар­­­дың ескірген мүсіндері және т.б. ұстау, та­­­з­а­­лау ден­саулыққа зиянды екені белгілі. Осы мәс­еле әлі күнге шешімін таппай келеді. 

Біз осы мәселелерді Мәдениет және спо­рт министрі А.Мұхамедиұлының құзы­рына жеткізіп, оларды шешуге ықпал етуді сұрадық. 

Серік ҚҰСАЙЫНОВ,

Мәжіліс депутаты