Медицина • 25 Қыркүйек, 2018

Зейнетақы қоры жалған қауесетті жоққа шығарды

559 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инфляцияға байланысты салымшылар мен алушыларға 150 мың теңгеден төлеп жатқандығы туралы WhatsApp желісі арқылы қауесет тараған болатын.

Зейнетақы қоры жалған қауесетті жоққа шығарды

Осыған орай БЖЗҚ елі­мізде зейнетақы жинақта­рының сақталуын қамтамасыз ететін біре­гей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс іс­тей­­тіндігін еске салып отыр. «Қазақстан Респуб­лика­­сында зейнетақымен қам­­сыздандыру туралы» Заңның 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қоры­на аударылған мiндеттi зей­нет­ақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізіл­ген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк беретіндігін алға тартуда.

Айырма сомасы (мем­лекеттік кепілдік) – мем­лекеттік бюджет есебінен берілетін біржолғы өтемақы. Салымшылар мемлекеттік кепілдік бойынша төлем алу құқығына зейнеткерлік жасқа толған кезде ие болады. Бұдан басқа, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жағдайда І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар жандар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар міндетті зей­нетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен айырма сомасын алуға құқылы. Сонымен қатар мемлекет кепілдігі бойынша төлем алуға құқылы азамат қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері де айырма сомасын ала алатындығы туралы түсініктеме таратты. 

Мемлекет кепілдігі бо­йынша «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жергілікті «Әлеуметтік төлемдердің ведомство­аралық есептеу орталығына» жүгіну керек. Мұнда арнайы әдістеме бойынша салымшының зейнетақы жинақтарының сомасы оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляцияны ескере отырып есептеледі және енгізілген жарналардың сомасымен салыстырылады. Егер жинақтарының та­быс­тылығы инфляциядан төмен болса, айырма сомасы біржолғы өтемақы ретінде алушының банк шотына ауда­рылады. 
Қор барлық салымшылар мен алушыларды әлеуметтік желілер арқылы таратылатын әртүрлі хабарламаларға сын көзбен қарап, тек ресми ақпарат көзінен алынған ақпараттарға ғана сену керек­тігін ескертеді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ