Ауыл • 25 Қыркүйек, 2018

Туризм мол табыс көзіне айнала ма?

1786 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен еліміздегі туризм саласының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылаған Үкімет сағаты өтті. Оған салаға қатысты барлық ведомстволар басшылары, Астана, Алматы және бірнеше облыс әкімдерінің орынбасарлары, «ҚазақТуризм» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қатысты.

Туризм мол табыс көзіне айнала ма?

Саланың жалпы жай-күйі туралы

Туризм бүкіл әлемде мол табыс көзі болып отыр. «Қазақ­станда оның жай-күйі қандай? Бүгінгі талаптың үдесінен шыға алып отырмыз ба?» деген сұрақтар қатысушылардың ал­дына тартылды. Отырысты ашқан Г.Исимбаева бұл саланың да­муына Елбасының айрықша назар аударып отырғанын, «Төртінші өнеркәсіптік рево­лю­ц­ия жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­дауында бүгінгі әлемде әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналатынын айтқанын еске салып өтті. 

Одан әрі Мәжіліс Төр­аға­сы­ның орынбасары әлемдік ІЖӨ-де туризм саласының үлесі 10 проценттен асатынын жеткізді. 
«Туризм индустриясы бұ­рыннан қалыптасқан, турис­тік дәс­түрлері орныққан дамы­ған елдерді былай қоя тұрып, өзі­мізге қарайлас ТМД елдерімен са­лыс­тырып қарасақ та біраз ойға қа­латынымыз анық. Көрші мем­ле­кеттерде ол ІЖӨ-нің 3-5 про­центін құраса, бізде 1 про­центке де жетпейді. Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу міндеті – туризмнің ІЖӨ-дегі үлесін 2023 жылы 1 проценттен 8 процентке дейін жеткізуді көздеп отыр», деді Г.Исимбаева. 

Сондай-ақ Г.Исимбаева ЭКСПО көрмесін өткізу кезін­де Қа­зақ­стан туризмнің экономи­калық әсерін іс жүзінде сезіне ал­ғанын айтты. 
«2017 жылы Қазақстанға сырт­тан келген туристердің жалпы саны 7,7 миллион, ішкі туризммен қамтылғандар саны 5,6 миллион адамды құрады. Сыртқа шыққан туристеріміздің саны 10 миллионнан асып түсті» деді ол. Сонымен бірге өткен сәрсенбі күні Астананың «Қалалық ту­ризм бойынша жаһандық сам­мит өткізу құқын» жеңіп алға­нын қуанышпен жеткізді. 

«Елордамыз Бүкіләлемдік ту­ристік ұйымның бұл мәсе­леге қатысты барлық талап­тарына жауап береді деп бағаланды. Бұған дейін мұндай саммитті Ыс­танбұл, Мәскеу, Барселона, Мар­ракеш, Луксор, Куала-Лум­пур, Сеул қалалары өткізгенін айтсақ, бұл жеңістің салмағын бі­ле берерсіздер», деді ол.

Өзінің сөзінде Гүлмира Ис­тай­­бекқызы Қазақстанның тари­хи және мәдени мұраға бай, ал жекелеген өңірлері адам аяғы баспаған тұмса табиғат­ты екенін, сондықтан мұнда ту­ризм­нің сан алуан түрлерін: мә­дени-танымдық, экологиялық, іскерлік туризм мен басқа да туризм түр­лерін дамытуға алғышарт бар екенін айтты. «Мұндай бай­­лықпен, тіпті дамыған ел­дер­дің өзі мақтана алмайды деп бағалап отыр мамандар. Бірақ, өкінішке қарай, әлі күнге дейін сапалы туристік өнім мен қызметтерді қалыптастыру үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл бойынша жүйелі шаралар қабылданған жоқ», деді ол. Туризмнің дамымай отыр­ған себептерінің қатарын­да туристердің қызығушы­лығын туғыза алатын ақпарат­тардың жеткіліксіз, туристік ре­сурстардың басым бөлігі қана­ғат­танарлық күйде емес, туристік объектілерге барудың қиын, инженерлік және логистикалық инфрақұрылым жеткілікті дамымаған екені де айтылды. 

Атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар

Жиында осы салаға қарайтын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баян­дама жасады. Ол салаға Ел­ба­сының жіті назар аударып отырғанын айтып, соның ішінде биыл ғана Алматы облысындағы Алакөл және Маңғыстау облы­сындағы Каспий бойы курорт­тарын көріп, олардың маңыз­ды­лығын атап өткенін жеткізді. Осы сапарларының қорытындысы бойынша Президент Туризм саласын 2023 жылға дейін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп, оны алтыншы шақы­рылған Парламенттің 4-ші сессиясында бекіттіру туралы тапсырма бергені айтылды.

«Туризмнің бүгінгі жағ­дайына тоқталатын болсам, 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанға келген туристер саны былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 22 процентке артты. Бұл жарты жылда елімізге 4,2 млн турист келді деген сөз. Ал ішкі туризм 7 процентке артып, 2,5 млн адамға жетті. Көрсетілген қызметтерден түскен кіріс 45 млрд теңге. Бұл жұмыстар визалық-миграциялық жұмыстардың жеңілдетілуімен де байланысты болып отыр. Қазір Қазақстанға саяси тұрақтылығы жоғары, дамыған 64 елдің азаматтары визасыз кіре алады. Осы жылдың аяғына дейін Қы­тай мен Үндістан азаматтары 72 сағатқа визасыз кіре алады. Соның арқасында биыл Қы­тайдан келушілер саны 60 процентке көтерілді», деді министр. Сонымен бірге министр Астана мен Алматы қалаларының әуежайларында 15 қарашадан бастап қанатқақты режіммен 128 елдің азаматтарына электронды виза беру енгізілетінін сөз етті. Жақсы жетістіктердің қатарында биылғы 1 шілдеден бастап Хан-Тәңірі биігіне туристерді апаратын арнайы тікұшақ шығарылып, ол жаз бойы 1200 адамды шыңға шығарғаны да айтылды. «Бұл еліміздің кірісін 68 млн теңгеге арттырған шара болды, алдағы уақытта тікұшақтар санын кө­бей­туді жоспарлап отырмыз», деді А.Мұхамедиұлы. 

Туризм саласының Қазақ­стан­ның көпвекторлы сыртқы саясатын ілгерілетуге де өзінің пайдасын тигізіп отырғаны айтылып, Каспий маңы елдері басшыларының саммиті мен ШЫҰ саммитінде 2019-2020 жылдар аралығында қатысушы елдер арасындағы туризмді дамыту туралы бірлескен құжаттарға қол қойылғандығы еске салынды. «Ал Түркі кеңесінің Шолпан-Атадағы саммитінде «Ұлы Жібек жолы» жобасы іске қосылып, ол Қа­зақстан, Өзбекстан, Қырғыз­стан, Әзербайжан және Түркия елдеріндегі қасиетті орындарға 15 күнге баруға мүмкіндік берді», деді министр. 
Туризм саласына инвести­ция құятындарды қолдау мақ­сатымен мемлекеттік тетіктер қабылданған. Соның ішінде тау-шаңғысы базасын, санаторийлер мен курорттар, ойын-сауық парктерін, қонақүйлер мен жол бойы қызмет үйлерін тұрғызғысы келген кәсіпкерлер жер учаскелерімен қамтамасыз етіледі (заттай гранттар), он жылға дейін баж және жер салығынан босатылады, сонымен қатар инвестицияның ең төменгі деңгейі 4,9 млрд теңге болған жағдайда сегіз жыл бойы корпоративтік табыс салығын төлемейтін болады. 

Сонымен бірге А.Мұха­ме­диұлы Щучье-Бурабай демалыс зонасын дамыту жоспарының 3-ші кезеңі бекітілгенін жеткізді. Онда су жеткізу құрылысын жүргізу бойынша 180 млрд теңге жекеменшік инвестиция тарту көзделген. Сонымен бірге «Ақбура» курорттық зонасын, «Бурабай» шаңғы курортын және т.б. тұрғызу арқылы 5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу мақсаты алға қойылған. 

Туризмді дамытуға ықпал ететін экономиканың 33 саласы бары айтылып, соның ішін­де «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масының да оған үлес қосып келе жатқаны сөз болды. Осы бағдарламаның арқасында қазір елімізде 185 жалпыұлттық және 463 аймақтық киелі орындар белгіленген. Ескі Тараз қала­сының аймағында ашық аспан астындағы парк музей, «Есік музей-қорығы» және т.б. ашылып, бір жылда ғана 25 мың туристерді тартқан. Сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы ЮНЕСКО таныған Арыстан-баб, Отырар, Сауран, т.б. ту­рис­терді тартуға үлестерін қосуда. Министр «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ жұмысына да тоқталып, оның биыл ғана Берлин, Мәс­кеу, Бейжің қалалары мен Гон­конг және Малайзия елдерін­дегі халықаралық көрмелерге қаты­сып, 190 млн адамды қамтыған нарықта PR-интервенциялар жасағанын жеткізді. Қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің қытайлық фанаттары көп екендігі пайдаланылып, «Димаш тур» жобасы іске асырылып, ол Қытайдан қосымша 3 мыңдай турист әкеледі деп күтілуде екен. 
Сөзінің соңында министр туризмді дамытуды көздейтін мемлекеттік бағдарламаның маңызына тоқталып, оның осы саланы дамытуға көп ықпал ететініне сенімді екенін жеткізді. «Саланы дамыту үшін бес жыл­дың ішінде оған құйылатын ин­вестиция көлемін 9-10 процент­ке арттыру керек. Олар бағдар­ламада қарастырылған бес басым бағыт бойынша жұмсалатын болады», деді ол.

Сындарлы сын – дамудың алғышарты

Үкімет сағатында Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлнәр Иксанова қосымша баяндама жасап, саланың дамуына кедергі болып отырған біршама мәселелерді алға тартты. Соның ішінде салада жалпы мемлекеттік және аймақтық біртұтас саясат жүр­гізілмей, жүйесіз дамуға жол берілгені айтылды. Туристік нысандар әртүрлі министрліктер мен жергілікті атқарушы ор­ган­дарға бағындырылған. Олар өз деңгейлерінде жұмыс істеп, кейде тіпті басқа ведомстволар қабылдаған шешімдерге қарсы шығып жатады. Мәселен, автомобиль жолдарын тарту жоспары кейде туристік мақсаттармен қабыспай, бұл жұмыстардың соңы аяқсыз қалып жатады. 

Сонымен бірге мынадай жайлар да бар. Бізде қонақүйлер саны жыл сайын орта есеппен 8,5 про­центке көбейеді екен, ал олар­дың толықтырылуы 22-25 про­цент деңгейінде. Халық­аралық тәжірибеге қарағанда, қонақ­­үйлердің жылдық толық­тырылуы 40-60 процент болғанда ғана таза табыс алынады. Демек, біздің қонақүйлер өздерінің қаншаға толықтырылатынын ашық көр­сетпейді, өйткені шы­ғыны өтелмесе ешкім де жұмыс істе­меген болар еді. Депутат осы және басқа да кемшіліктерді айта келіп, оларды жою үшін не істелу керектігін де атап өтті. Соның ішінде туристік саланың үлесін ІЖӨ-нің 8 процентіне жеткізу үшін ұйымдастырушылық, экономикалық және әкімшілік шаралар жүйесін үйлестіріп жасау керек. Саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді тәсілдерін анықтап, оған қажетті қаржылық-экономикалық параметрлерді әзірлеген жөн. 

Осыдан кейін депутаттар М.Айсина, Ш.Өтемісов, С.Има­шева, Қ.Қарекен және т.б. баян­дамашыға өздерін толғандыратын мәселелер туралы сұрақтар берді. Отырысты Мәжіліс Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева қоры­тып, туризмді жетілдіру мен дамыту осы саланың, онда­ғы туроператорлар мен тура­гент­тердің қызметін ғана емес, сау­да, тамақтандыру саласын, кө­лік, туристерді орналастыру жүйе­лерін, байланыс және комму­никация қызметтерін, басқа да ілеспе қызмет түрлерін қамти­тын сан салалы ерекшелігін не­гізгі ала отырып, кешенді және жүйелі түрде жүзеге асыры­луға тиіс екенін атады. «Осы ба­ғытта айтылған пікірлер мен ұсыныстар Үкімет дайындап жатқан 2019-2023 жылдарға ар­­нал­ған туризмді дамытудың мем­­лекеттік бағдарламасына енгі­­зіледі, сондай-ақ жақында Пар­­ламентке келіп түсетін туризм туралы заң жобасында ес­ке­рі­леді деп сенеміз», деді ол.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»