Таңғы мөлдір ауа тұп-тұнық екен. Көкірегіңді толтырып қанша жұтсаң да құмарың бір қанбастай. Мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген, қолдың саласындай аққайыңдар тұмшалаған төңірек кілкіген көгілдір нұрға бөленіп тұр. Сарыарқаның төсінде үзіліп түскен бір шөкім жақұттай жарқыраған Бурабайдың баурайы демалыс маусымы аяқталып келе жатса да қыж-қыж қайнап жатыр. Сол қарақұрым адамдардың бір парасы спортшылар. Бурабайдың спортшыларды өзіне тартатын жөні де бар. Оның ең бастысы, үстіміздегі жылы пайдалануға берілген, өз еліміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдің тау шаңғысы спортының жілігін шағып, майын ішкен мамандарын елең еткізген – «Бурабай» халықаралық спорт базасы. Баспасөз турына қатысушылар алдымен осы жермен танысты. Аумағы 125,54 гектарды алып жатқан кешен қалам ұстаған қауымды таң-тамаша еткені де рас.
Елімізде теңдесі жоқ спорт кешенін салуға 38 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты. Есесіне әлем таң қалатын тамаша дүние пайда болған. Таратып айтатын болсақ, шаңғы жолы, 90 және 152 метрлік биіктіктен секіру тұғыры, 200 орындық қонақ үй, 250 орындық асхана, жүзу бассейні, дәрігерлік-сауықтыру орталығы бар. Қай нысанның ішіне кірсең де көркі көз арбап, жайнап тұр. Төңіректің бәрі абаттандырылып, өзгеше кейіпке енген. Шағын мүйістегі салтанат сәл ұзап барып Бурабайдың табиғи көркімен астасқан сәтте әдемі ансамбль құрайды. Қалың қарағайды қақ жарып өтетін күре жол тау иығынан асып барып көгілдір әлемге, қырандар ғана самғайтын биіктікке сіңіп кетеді.
Шаңғы базасында оқу-жаттығуларын өткізіп жатқан спортшылар көп. Солардың бірімен тілдестік.
– Ғажап қой!–дейді Павлодар облысынан келген шаңғы спортының аға жаттықтырушысы Александр Курсаков,– оқу-жаттығу сабақтарын өткізіп жатырмыз. Бұл жерде жалғыз тау шаңғысы ғана емес, қос сайысқа, триатлонға да мол мүмкіндік тудырылған. Біздің жас спортшыларымыз аз уақыттың ішінде бауыр басып қалды. Дәл мынадай мүмкіндік тудырылған жерде қалайша жақсы нәтиже көрсетпеуге болады. Мен сіздерге айтайын, дәл осындай кешен алыс-жақын шетелдерде де кездесе бермейді.
Бурабай курортын дамытуға игі әсерін тигізетін қомақты шаруаның бірі осы. Негізінде төл табиғаттың да қауқары аз емес, өйткені, осы өлкенің әр төбесі, әр белесі тұнып тұрған тарих. Бөлектаудың басына көтерілдік. Бір шоғыр болып тұрған Бурабай тауларынан заңғар басын ала қашып шығысқа маңдай тіреген Бөлектаудың жаратылыс жайы туралы сан түрлі аңыз бар. Жастық шіркін биікке құмар емес пе? Әріптестеріміздің бәрі дерлік қарағайлы орман ішіндегі жалғыз аяқ соқпақпен бітімі бөлек жаратылған тау басына көтерілді. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өткен тарихтың өнегелі тұстарын қамырдан қыл суырғандай етіп сәтімен сабақтап айтып келеді. Мүлгіген тыныштық құшағында, қалың қарағайдың ортасында көне дәуірдің күмбірі әдемі әсер етеді екен. Діңіне құшақ жетпес, жартасты қақ жарып өскен қарағайдың арғы жағынан әлдекімдер сығалап тұрғандай. Ентіге басып таудың ұшар басына да жеттік. Биіктен төмендегілер айқын көрінеді екен. Кеңістік ашылып сала берді. Әне иек астында майда толқындары жағалауға асыққан Айнакөл жатыр тебіреніп, өр тұлғалы Оқжетпес ше? Жетім тоқтының жабағы жүніндей үрпиген бұлттар үдере көшіп биігіне байланған екен. Суға қарап сылаңдайды жарықтық. Менің өр тұлғамды, оқ жетпейтін биігімді көрдіңдер ме дегендей. Оқжетпестің сұлулығын сипаттауға сөз жетпес.
Мұнан соң «Визит центр» деп аталатын Бурабайдың бағалы жерлері туралы бір демде көз алдыңа көп суретті, көрікті суретті, көне тарих пен қасиетті топырағы туралы ақпаратты беретін орталықта болдық. Әсері сұмдық. Бұрын Бурабайда болып көрмеген кейбір әріптестеріміз әрненің жайын сұрап, қызығушылық танытып жатты. Бурабайдың бауырында зерек көңілде сабақталар сыр көп қой. Бұрынғының үстіне жаңа мазмұн үстейтін жаңалық та аз емес. Соның бірі аспан астындағы «Ботай» музейі.
Археолог ғалымдардың айтуына қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының Никольское ауылынан бір жарым шақырым жердегі сонау энеолит дәуірінде Қазақстанның солтүстігін мекендеген тайпалар мәдениетінен тылсым сыр шертетін көне қоныс – талай құпияны қойнына тығып жатқан ежелгі мекен. Қазіргі күні аумағы 15 гектар жерді алып жатқан ежелгі адамдар қонысынан 150-ден астам үйдің орны табылған. Сол жерлерде көне тарихтың көмбесінен көсіп сыр ұғуға тырысқан ғалымдар осы бір ежелгі тұрғынжайларды қазып, қайтадан тұрғызуға мүмкіндік алған. Ежелгі көріністі, салт-дәстүрді, энеолит дәуіріндегі адамдардың тұрмыс-тіршілігін анықтау үшін. Ботайдағы бағалы қазынаның сұлбасы, яки көшірмесі биыл Бурабайдың етегіне салынды. Өйткені, мұнда келімді-кетімді кісі көп. Әрі көне дәуірдің көрінісін көргісі келгендердің атбасын бұруына септігін тигізбек. Тұрғынжайлардың қабырғасының ені бір метр шамасында, ал, биіктігі 70-90 сантиметр мөлшерінде. Қабырға периметрлері бойынша бөренеден өрілген, түтін шығатын шаңырақ пішіндес тесік жасалған. Кәдімгі қазақтың киіз үйлері кейпінде.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Бурабай баурайындағы туризм индустриясының даму қорытындылары туралы және болашақты бажайлаған жоспарымен жұптап баспасөз мәслихатын өткізді. Шешен өз сөзінде туризмнің экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде бүгінгі таңда серпінді дамып келе жатқанын екпін түсіріп атап өтті. Дәл қазір облыстың туристік кластерінде 700-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Тартымдылығына орай негізгі аймақтар анықталып отыр. Ал жалпы туризм индустриясын дамытудың Жол картасы шеңберінде жеті негізгі бағыт бойынша 119 іс-шара жоспарланған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, қызмет көрсету сапасы сертификатталған қонақ үйлердің саны бес есеге көбейді. Бұл арада мына бір жайды айта кетуіміз керек, жазғы маусымда Бурабай баурайында қанша туристің дем алғанын дөп басып айту қиын. Өйткені, Бурабай кентінде жалға берілетін жекеменшік орындар өте көп және іргедегі Ресей тәрізді жақын шетелдерден келген демалушылардың шатыр тігіп те жата беретіндігін ескеру керек.
Соңғы жылдары Бурабайдың беделі асып тұр. Оған ең алдымен туристерге қызмет көрсетудің сапасы жақсарғандығы әсер етіп отыр. Бизнес құрылымдар инвестиция құя бастады. Мәселен, «Щучинск» шипажайын қайта құруға бір миллиард теңге қаржы жұмсалған. Сондай-ақ тамыз айында «Архей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 400 миллион теңге тұратын денсаулық сақтау кешені де пайдалануға беріледі. Бурабай кентінде жабық су паркін салу басталмақ.
Туризм саласындағы индустрия жүзден астам нысанды қамтиды екен. Жалғыз Бурабай ғана емес, облыстың өзге аудандарында да ауыз толтырып айтарлық істер қолға алынуда. Мәселен, үстіміздегі жылы Аршалы ауданында «Бейбарыс» демалыс орталығы ашылды. Мұндай жақсы мысалдар аз емес. Облыстың тур операторлары тарихи және көрікті орындарға бірқатар туристік бағыттарды әзірледі. Биыл соның игілігін де көрді.
Баспасөз мәслихатында облыс әкімі Мәлік Мырзалин биылғы жылдың табысты болғандығын, алдағы уақытта қандай игі шаруалардың қолға алынатындығын тегіс айтып берді. Ендігі арада туризмді дамыту мықтап қолға алынбақ. Ол үшін барлық жағдай бар. Бурабайдың баурайы ел экономикасына серпін беретін салаға айналмақ. Бағзы заманда Біржан сал атамыз «Жер шоқтығы – Көкшетау, бауыры толған көкше бау. Төңірегің сексен көл, иісің жұпар аңқиды-ау» деп жырлаған болатын. Жер шоқтығы ел шоқтығын биіктетуге септігін тигізіп жатса, тіпті тамаша емес пе?!
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы