25 Қыркүйек, 2018

Елордадағы Еуразия өрнегі

984 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елорда төріндегі Ұлттық музейде «Еуразияның өрнек ырғақтары. Көнеден осы заманға» атты халықаралық көрменің ашылу салтанаты өтті. Оны ұйымдастырушылар – іргесі 1885 жылы Мәскеуде қаланған бүкілресейлік ежелгі өнер ордасы Сәндік-қолданбалы және халықтық өнер музейі мен өзіміздің Ұлттық музей. 

Елордадағы Еуразия өрнегі

Мәдени шараның ашылуында сөз сөйлеген жоға­рыдағы бүкілресейлік мекеме-музей директоры Ела­на Титова ханым, аталмыш оқиға «Достастық мұрасы, келе­шек үшін дәстүрлер» атты халықаралық бағдар­лама аясында өтіп отыр­ға­нын жеткізді. Яғни, бағдар­ламаның алғашқы кезеңі 2016 жылы Әзербайжан мем­лекеттік музейі базасында Баку қаласында өтсе, екінші кезе­ңі өткен жылы Бішкекте, үшіншісі міне бүгін елорда тө­рінде қанат жаюда. 

Көрме сөресіне қойылған экспонаттардың басым көп­шілігі, нақтырақ айтқанда 300-ге жуығы Мәскеуден жет­кізіліпті. Бұл жәдігерлер ұйым­дастырушы тараптың бірі Сәндік-қолданбалы және халықтық өнердің бүкіл­ре­сейлік музейі қорынан және Строганов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік көркем-өн­дірістік академиясы мен Ресей Суретшілер одағы қатар­лы меке­мелерден арнайы ірік­теліп алынған екен. 

Коллекциялар қатарына кілем және кілемшелер, көр­кем гобелендер, тері бұйым­дары, авторлық киім, ке­рамика, зергерлік заттар, көркем металл, тастан жа­салған мұралар, оюлы ағаш, әшекейлі поднос сынды қол­данбалы өнер жәдігерлері топтастырылған. Осылардың арасынан кейбіреулерін атап өтер болсақ, ХІ-ХІІ ғасыр мұрасы «Ат» салпыншағы («Конек»), Ресейдің Солтүстік Двина ауданынан әкелінген ХХ ғасыр туындысы қақпақты қобдиша, Вологод губерния­сына тән жәдігер ХІХ ғасыр мұрасы мыс ожау, ХІХ ғасырда Архангельск губерниясында жасалған жұмсақ сүлгі, сондай-ақ Тверь губерниясы мұрағатынан әкелін­ген әйелдердің әртүрлі бас киімдері т.б. бар. 

Сонымен қатар Ресей құра­мындағы ұлттар мұрасы: дағыстандық шебердің қолы­нан шыққан мыс шекімелер, тывалардың ақ тастан қашап жасаған агальматолиттері, саха ағайындарымыздың қол­данбалы өнері – ағаштан нақыштап ойып жасаған қымыз құятын ыдыс, VI-V ға­сырларға тән сүйектен жа­салған қасық, V ғасырдың қола айнасы және басқа бұйымдар сөре сәніне көрік беріп тұрды. 

Көрменің екінші бө­лімін ресейлік заманауи сурет­шілердің авторлық өнер туындылары құраған екен. «Бұл туындылар осы жоба үшін арн­ай­ы ірік­теліп алынған» дей­ді ұйымдастырушылар. Мә­селен, мәскеулік автор Алла Шмакованың «Періш­телер шеруі» атты гобелені, Геннадий Ленцовтің «Ою сиқыры» панно-триптихы, сондай-ақ 1939 жылы қа­зақ дәстүріне қатысты са- л­ын­ған өте көлемді суретті Н.Нивчинскийдің «Бәйге» гобелені көрермендер көзайы­мына айналуда.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»