Медицина • 26 Қыркүйек, 2018

Студенттің мұңы – жатақхананың жыры

668 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын. Осы бастамаға орай Ақмола облысында барлығы 2870 орынды қамтитын 11 жатақхана салу жоспарлануда. Әйтсе де оған дейін жатақхананың жыры студенттердің айықпас мұңына айналып тұрған жайы бар. 

Студенттің мұңы – жатақхананың жыры

Сарыала күз туа бауыр басып қалған, білім алып жатқан облыс орталығын сағынған студенттер қайтқан құстай жөңкіледі. Бірақ алдарында шешілер-ше­шіл­месі белгісіз сойылдай мәсе­ле тұр. Бұл сан жылдан бері қор­даланып қалған жатақхана мәсе­лесі. Шынын айту керек, қазір ақылы бөлімде білім алып жат­қан студенттер былай тұрсын, мем­лекеттік оқу грантын жеңіп ал­ған, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастарға да жа­тақ­хана жетісе бермейді. Біз осы тақырыпты әліміз­ше қаузап көріп едік. Жетіс­пеу­ші­ліктің сыры оқу орындары бас­шы­ларының уәжіне қарағанда, студенттер санының бұрынғыдан әлдеқайда көбеюінде екен. 

Себеп осы болғанымен, салдары жан жүдетерлік. Дәл қазір Көкшетау қаласында жататын жер таба алмай жосып жүрген студенттерден көз сүрінеді. 

– Пәтер жалдап тұратын бол­дық, – дейді Абай Мырзахметов атын­дағы университеттің сту­денті Қанат Қапаров, – ауыл­дағы әке-шешеміздің ахуалы бел­гілі. Тіпті жатақханасыз қал­ғаны­мызды оларға ай­ту­дың, жан­дарын жүдетудің реті де жоқ. Сон­дықтан дема­лыста елге қатына­ғанда хал-жайымызды сұра­ған ата-ана­мызға бәрі жақсы дей са­ламыз. Қа­зір Көкшетау қаласын­да бір бөлмелі үйді бір айға жал­­даудың құны 50-60 мың теңге ша­масында. Екі адам қосыл­ған­ күннің өзінде ауыр. Со­сын төрт-бесеуіміз бірі­гіп жал­даймыз. 

Оқу жылы басталысымен қалта телефонымыз безілдеп қай­та-қайта шырылдайды. Ел жақтан келген жастар ғой, әң­гі­менің ау-жайы баяғы жатақхана жайында.

– Таныстарыңыз көп қой, жатақханадан бір орын алып беруге көмектесіңізші. 

Жалынып сұрап тұрған соң жанымыз ашып, осы мәселені шеше алады-ау дейтіндермен сөй­лесіп көргенбіз. Олар да жа­лына қол тигізбейді. Жоққа жүйрік жетер ме?

Күрмеуі қиын мәселені шешудің жалғыз жолы – жеткілікті жатақхана салу. Осы мақсатта облыста 11 жа­тақ­­хананың құрылысы салынады деп жоспарланып отыр. Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқушыларына арналған 320 орын­дық жа­тақхана құрылысы қол­ға алынбақшы. Жоғары тех­никалық колледж 600 орындық тоғыз қабатты екі корпус­ты жатақхана салуды межелеп отыр. Ал Біржан сал атындағы музыкалық және Ақан сері атындағы мәдениет колледждері 230 және 300 орындық 9 және 5 қабатты жатақхана тұрғызуды межелеген. Оған қоса, жоғары екі оқу орнында 2870 орын­дық жатақхана салу қа­жеттілігі туын­дап отыр. Көк­­шетау қалалық әкімдігі жа­тақханалардың құрылысына қажетті 4,6 гектар жер телімін белгілеп, бөліп те қойған.

Өңірде жоғары және ор­та арнаулы білім алып жат­қан студенттер мен білім алушылардың саны 25 мыңнан астам. Олардың 7500-і жоғары оқу орындарында оқиды. Ал олардың ішінде күндізгі бөлімде білім алатын студенттердің саны – 5446. Оған сырттай оқитын 2065 жасты қосыңыз. Облыстағы әр алуан мамандар даярлайтын колледждерде үстіміздегі жылы 17555 білім алушы оқып жатыр. Осы арада қажеттіліктің қаншалықты екендігін оқырман көз алдына елестете алуы үшін мынадай деректер келтіре кетуге болады. Дәл қазір жоғары оқу орындары студенттерінің 1500-і жатақханаға зәру болып отыр. Колледждердегі жағдай да осындай. Айталық, 38 колледждің 24 жатақханасы ғана бар. 

Көкшетаудағы студент­терінің саны көп жоғары оқу орындарының бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті. Бұл оқу орнының күндізгі бөлімінде төрт мыңға жуық студент білім алуда. Олардың екі мыңға жуығы өзге өңірден келген жастар. 

– Жатақханаға қолымыз жетпеген соң туыстардың үйін сағалағанбыз. Бірақ мына заманда кімді-кім асырағандай, – дейді аты-жөнін айтпау­ды өтінген бір студент, – ұялғанымыздан кетіп қалдық. Қазір бір мекеменің түнгі күзетіне орналастым. Әрі күзетшімін, әрі жататын жерім бар. Бірақ жұрттың бәріне мұндай «майшелпек» табыла бере ме?

Университет жаңа оқу жы­лында 1331 студентті жатақханамен қамта­масыз еткен екен. Әйтсе де, 750 студент қыркүйектің суығына тоңып, дірдектеп далада жүр. Университетте бес бірдей күрделі жөндеуден өткізілген жатақхана бар. Оған қолы жеткендердің айы оңынан туғанмен бірдей. Өйткені жылына бар болғаны 31500 теңге төлейді. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы жас кеудедегі үміт отын лаулата жағып тұр. Университет жанындағы Смағұл Сәдуақасов атын­дағы ауыл шаруашылығы инсти­тутының 2,24 гектар жер теліміне 500 орындық жатақхана салынбақшы. Әзірге тығырықтан шығу үшін орта­лықтағы «Көкшетау» қонақ үйінен 100 орынды жалға алу мәселесі бойын­ша келіссөз жүргізілуде. Бұл оқу орнында «Серпін» бағдарламасымен 1250 студент оқиды. Үлкен мән беріліп отырған жобаны жүзеге асыру қажет. 

– Жатақханамен алғашқы кезекте шалғайдан келгендер, жетім балалар, көп балалы отбасылардың түлектері және мүгедектер қамтамасыз етіледі, – дейді аталған университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманай Сейітқасымов. 

Ер балалар тырбанып тіршілік етер-ақ, жатақханаға қолы жетпей мұң­ға батып жүргендердің ішінде қар­шадай қыздар да аз емес. Жеті қараңғы түнде түнеп шығатын жер із­деп жүрген бойжеткендердің жайын­ ой­лағанда иманың қасым болады. Тезірек жатақхана салынса екен деп тіледік. Бей уақытта қыз баласын далада қараусыз қалдырмайтын ел емес пе едік?! 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар