Аударма • 26 Қыркүйек, 2018

Ендігі меже – өздігінен ұшу

312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сан-Францисконың (АҚШ) шығысындағы шағын әуежайда қызыл ала тікұшақ аспанға көтеріліп, перронның үстінен санаулы метр биікте қалықтап тұрды. Оның басқа тікұшақтардан айырмашылығы аз, алайда тұмсық тұсынан пішіні төртбұрышты зат қарауытады. 

Ендігі меже – өздігінен ұшу

Джейсон ХЕНРИ, «Нью-Йорк Таймс»

Кэйд МЕТЦ, «Нью-Йорк Таймс»

Ресми билік өкілдері бұл әуе кемесін сынақтан өткізіп жатыр. Қаңтардан бастап тікұшақ жедел жәрдем қызметіне пайдаланылады. Жоғарыда айтылған қара шаршы жолаушы тасымалдайтын шағын әуе кемесінің өздігінен ұшуы үшін қажет. 

Бұл жолы тікұшақты тәжі­ри­белі ұшқыштар басқарып отыр. Алай­да жаңа жедел жәрдем қыз­меті SkyRyse тарапынан жүзеге асы­рылады. «Кремний алқабынан» басталған бұл стартаптың жос­пары – шағын тік­ұшақтар мен басқа да жолаушы тасы­мал­дайтын әуе кемелерін өзді­гінен ұшыруға қажетті ком­пью­терлік бағдарламалар мен құ­рыл­ғылар орнату. Өздігінен жүретін көлік­терде пайдаланылатын тех­но­логияға негізделген құрылғы­лар­­дың қатарында әуе кемесінің тұм­сығында орналастырылатын 360 градустық камералар мен ра­дарлық сенсорлар бар. 

«Ұшқышсыз әуе кемелері ар­қылы адам тасу үшін әлі де атқа­ратын шаруалар шаш-етектен. Бірақ біз технологияны дамыта оты­рып, сол күнге де жетеміз», дейді SkyRyse компаниясының негізін қалаушының бірі әрі компания төрағасы Марк Гроден. 

Lockheed Martin-нің қорғаныс жөніндегі қосалқы мердігері Sikorsky және Xwing компания­лары осыған ұқсас технология жасауға талпынып жатыр. Боингке тиесілі Aurora секілді басқа компаниялар «ұшатын такси қызметін» жүзеге асыруды көздеп, электр­ден қуат алатын әуе кемесінің жаңа түрін құрастырып, өздігінен ұшуды зерттеп жүр. Uber-дің әуе такси қызметі әуелден ұшқышсыз болмақ. Компания оны алдағы 5-10 жылдың көлемінде жүзеге асырудан үмітті. 

Мұндай қадамға не себеп? Ұш­қыштар әзірлеу және олардың жалақысы – өте қымбат. Сондай-ақ олар рейстен келгеннен кейін де­малуы қажет. Ұшқышсыз аппа­раттар жолаушылар қызметіне серпін беріп, тіпті, қазіргі әуе тасы­малын біржола өзгертуі мүмкін. Кә­сіп­керлер қазір қолданыстағы әуе ке­мелерін қайта жарақтап шығу­ға болатынына сенімді. Бірақ кез кел­ген жобаға біраз уақыт кете­тіні белгілі. 

«Мәселе өздігінен ұшатын кө­лік жасау туралы ғана емес, оның ең қауіпсіз тасымал екеніне көз жет­кізу», дейді Vecna роботтық ком­паниясының төрағасы Дэн Патт. Ол бұған дейін АҚШ қор­ға­ныс министрлігінің зерттеу бөлігі Darpa-да дербес ұшу бойынша жұмыс істеген. 

Кішкентай дрондар әлде­қашан дербес ұшудың мүмкі­н­ші­лік­терін көрсетіп берген. Гугл ком­па­ниясының бұрынғы инженері негізін салған, Кремний алқабында басталған стартап Skydio орманда жүргенде де ізден қалмайтын 2500 долларлық дрон сатады. 

Компьютерлер ұшақты және тікұшақты басқару мәселесін толық шеше алады, алайда аспанға көтерілу және қону кезінде кез­де­сетін кедергілер, күтпеген жерден тап болатын оқиғалар сәтінде басқару қиынға соғуы ықтимал. 

Сондай-ақ жолаушылар тасымалы да әбден бір ізге түскен. Сондықтан қауіпсіз әрі сенімді өздігінен ұшатын жүйе жасалған күннің өзінде, ондай технологияны қоғамдық әуе қызметіне енгізу барысында түрлі кедергілер кездесуі мүмкін. 

Сондықтан 25 миллион дол­ларға қаржыландырылған SkyRyse Трейси қаласында тәжірибе жасап жүр. Трейси жедел жәрдем қызметі қазіргі федеральдық ережелерге сай қызмет көрсетеді. 

Тікұшақта дербес бағдарлауға қажетті сенсор орнатылған. Радар – жүргізушісіз көліктердегі лазерлік сенсорларға ұқсас. Ол тіпті ауа райының құбылмалы шағында да айналадағы кескінді анық көрсетеді. Бірақ қазір бұл сенсорларды ұшқыштар бақылап отыр. Патт мырза мұндай әрекет билік өкілдеріне пилотсыз ұшудың сенімді екеніне көз жеткізуге көмектеседі деп есептейді. 

Сенсорлар тікұшақ тап бол­ған жағдайлар мен басқарып отыр­ған ұшқыштың әрекеті туралы ақ­па­ратты жинап отырады. Осы дерек­тер арқылы Sky­Ryse инженер­лері виртуалды әлем­де ұшу жағ­дайын қайта жасап, бағ­дарлауға мүмкіндік беретін жүйені жетілдіру үстінде. 

«Біз желдің соғуын, қозғалт­қыш­тың істен шығуын, тіпті ро­тор­­дың ішіне кіріп кеткен құстың симуляциясын жасай аламыз», дейді Гроден. 

Бірақ мұндай тәсілді жедел жәр­дем қызметіне енгізу жылдар­ды қажет етеді. Ал ұшатын так­си қызметіне көшу одан да ұзақ­қа созылуы мүмкін. SkyRyse қолданған төрт орынды Robinson R44 тікұшақтары халқы көп қалаларда тиімсіз болуы ықтимал. Сондықтан Aurora секілді компаниялар мен Kitty Hawk секілді стартаптар әуе кемесінің жаңа түрін құрастырып жатыр. 

Әйтсе де, жауапты мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен ха­лық­ты өздігінен ұшудың қауіпсіз екеніне сендіру ең қиын мәселеге айналатын сыңайлы.

«Мұндай стартаппен айналысып жатқандар көп. Кейбірі қандай қауіптің кездесетініне жете мән бере бермейді», дейді Sikorsky компаниясындағы өздігінен ұшу бағдарламасының директоры Игорь Черепинский.

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»