Медицина • 26 Қыркүйек, 2018

Төрт емдеу нысаны күрделі жөндеуден өтті

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы­ның Шыңғырлау ауданына қарасты төрт ауылдық округте фельдшерлік-акушерлік пункттер күр­де­лі жөндеуден өтіп, бір күнде пайдалануға берілді. 

Төрт емдеу нысаны күрделі жөндеуден өтті

Шыңғырлау ауданының 90 жылдығына орайлас келген бұл жаңалықты жергілікті тұрғындар қуаныш­пен қабылдап жатыр. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жүзеге асқан осы істердің арқасында Ақтау, Шоқтыбай, Амангелді, Қарағаш ауылдарында дәрігер­лік қызмет көрсету сапасы артатын болды. Осы төрт нысанның күрделі жөнделуіне 61 млн теңгеге жуық бюджет қаржысы бөлінген.

– Батыс Қазақстан об­лыстық денсаулық сақтау бас­қармасына 388 медициналық нысан қарайды. Солардың 270-і бейімделген жаңа ғи­мараттарда орналасқан. Енді қалған ғимараттарды да тиісті стандартқа сәйкестендіру міндеті тұр. Халықтың сапалы медициналық ем алуы үшін атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Мәселен, былтыр өңірде 81 нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасауға 103 млн теңге бөлінді. Оның ішінде осы аудандағы нысандар да бар еді. Биыл 593 млн теңге қар­­жыға 21 нысанды күрделі жөндеуді жоспарлап едік. Қазір 10 ғимаратта жөндеу аяқталды. Қалғаны да таяуда тапсырылады, – дейді осы оқиғаға арнайы келген Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айзада Шүкірғалиева.

Шыңғырлау ауданының әкі­­мі Альберт Есалиевтің сө­зі­не қарағанда, соңғы екі жыл ішінде аудандағы медпункт, фельд­шерлік-акушерлік пункт (ФАП) сынды алты нысан заман талабына сай жөнделген. Дәл қазір Ақшат ауы­лында мемлекет-жекеменшік әріптестігінің негізінде су жаңа ФАП ғимараты салынып жатыр. Ол жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілмек. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы