Медицина • 26 Қыркүйек, 2018

Қоғам жұмыла қарсы тұруы қажет

1294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің ұйымдастыруымен «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріндегі қоғамдық институттардың рөлі» тақырыбында республикалық конференция өтті. 

Қоғам жұмыла қарсы тұруы қажет

Алқалы жиынның басты мақсаты – министрліктің діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алу мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйымдармен, оның ішінде қоғаммен өзара іс-қимылды жетілдіру. Оған Қо­ғамдық даму вице-министрі Берік Арын, діни бірлестіктер, мүдделі мем­лекеттік органдар, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен тұлға­лармен алдын алу және оңалту сала­сында қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет жә­не спорт сала­сындағы қоғамдық, жас­тар ұйым­дарының және жоғары оқу орын­дарының өкілдері қатысты. 

Конференция барысында азамат­тардың, оның ішінде жастардың деструк­тивті діни ағымға тартылу себептері мен механизмдері қарастырылып, теріс ағымдардың сипаты және басқа да мәселелер көтерілді. 

Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелерінде қоғамдық институттардың рөлі өте маңызды. Сол себепті Қоғамдық даму министрлігі қоғамдық институттармен бірлесе отырып, жиі пікір алмасып, сауатты сұхбат құрып тұрады. Бұл жолы да сол дәстүрден жаңылмай, қоғам пікір тыңдалып, ортақ үндес шаралар, ұсыныстар талқыланды. «Кез келген жат діни ағым, лаңкестік және басқа да діни мәселелер өздігінен пайда болмайды, олардың астарында үлкен әлеуметтік-қоғамдық мәселелер, отбасындағы тәрбие мәселелері бар. Осы ретте мемлекет бұл мәселені өздігімен шеше алмайды. Сондықтан осы проблемалардың алдын алу, шешу үшін қоғам болып жұмылып, белсенді жұмыс атқаруымыз қажет. Қазірдің өзінде діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу мақсатында Қоғамдық даму министрлігі 29 үкіметтік емес ұйыммен бірлесе жұмыс атқарады. Олар түрлі сала бойынша нәтижелі жұмыс істеуде. Үкіметтік емес ұйымдар министрліктің тұрғындар арасында иррадикализация, профилактика, семинарлар ұйымдастыру, құқықтық және діни сауаттылықты арттыру жұмыстарына көмектеседі. «Ақниет» ұйымы діни экстремизм, терроризм баптарымен сотталған азаматтарды қоғамдық ортаға бейімдеу, оңалту жұмыстарын жүргізеді. «Террорға қарсы комитет» ұйымы болса, мешіттегі жамағатқа арналған тактикалық жұмыстармен айналысады. «Уақып» қоры мешіт қызметкерлерін қайта дайындықтан өткізу бойынша жұмыс атқарады. Яғни министрлік әлеуметті толғандыратын мәселелерді анықтап, үкіметтік емес ұйымдар арасында мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жүргізеді. Ал олардың біліктілігі арнайы комиссиямен анықталады. Бүгін де біз осы жұмыстарды одан әрі қалай кеңейтіп, жолға қоя аламыз деген мақсатта ұйымдар мен қор өкілдерімен пікір алмасып, талқылауға жиналдық», деді шараның ашылу барысында сөз алған Қоғамдық даму вице-министрі. 

Экстремизм мен терроризмге қарсы тұру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, тұтас қоғамның бірлесіп атсалысуын талап ететін өзекті мәселе. Министрлік азаматтық қоғаммен ашық сұхбатты одан әрі тереңдетіп, ынты­мақтастықты дамыта түспек. Оған қоса мәселелерді сауатты ақпараттық сүйе­мелдеуді жолға қою кезек күттірмес мәселе. Дегенмен, қазіргі таңда елімізде діни ахуал тұрақты. Конфессияаралық қарым-қатынастар оң жағдайда дамып келе жатыр. 

Діндар азаматтардың санаты ара­сында діни экстремизм мен терро­ризмнің алдын алу ерекшелігі туралы сессия барысында Қоғамдық келісім комитеті төрағасының міндетін атқа­рушы Балғабек Мырзаев қоғамдық институттардың конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтаудағы маңы­зына тоқталды. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб-мүфти Бауыржан Есмахан жат ағымдардың алдын алуда әлеуметтік желілердің маңыздылығына мән берді. 

Конференцияның көтерген жүгінің салмақтылығы қоғамның назарын аудартады. Азаматтарымыздың жат ағымның жетегіне еріп кетпесі үшін, мемлекет қауіпсіздігін нығайту мақсатында Қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекет ету жүйесін жасақтауды одан әрі жалғастыра бермек.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

АСТАНА