Қазақстан • 26 Қыркүйек, 2018

Қостанайда Қазақ ұлттық мәдени күні өтті

1084 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты жалпыреспубликалықжоба шеңберінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған Қазақ ұлттық мәдени күні мееркеге айналды.  Онда  бірінші рет Тақия күні аталып өтті.

Қостанайда Қазақ ұлттық мәдени күні өтті

Халқымыздың бас киімі өзге де түркі халықтарына да ортақ. Олар сол ұлттың тілінде түрліше аталады. Мысалы, келушілер көрмеден қазақтың тақиясынан өзге азербайжанның арахчынын, татардың түбәтәйін, өзбектің дуппысын тамашалады. Ұлттық қазақ дастарханында халқымыздың жент, құрт, бауырсақ секілді ұлттық тағамдары көрсетіліп ғана қоймай, келушілер ауыз тиді. Сонымен қатар, бауырсақ та түркі халықтарында түрліше пісіріліп, түрліше аталатынын қостанайлықтар мен қала қонақтары осы мерекеден көрді.

Шара Қазақ ұлттық мәдени күні аталғанымен, онда Қостанай өңірін жерұйық мекен санаған түрлі ұлыстардың да мәдениеті, өнері, дәстүрі қоса ұсынылды. Олар бірін-бірі толықтыра түсті. Халқымыздың қолөнері жан-жақтылығымен, байлығымен таңқалдырады. Ағаш шебері Таңатқан Божақов түрлі ағаштан жасалған ыдыстарын ұсынды. Таңатқан ағаның әңгімесі де жұртты ұйытты. Ол ыдыстарды ағаштың түр-түрінен жасайды, әр ағаштан қандай ыдыс жасауға болатынын, олардың тағамның бұзылмай сақтайтын қасиеттеріне дейін айтып берді.

«Ертеде ұста аталарымыз нан салатын, ыдысты көк теректен жасаған. Көк теректің нанды көгеріп кетуден сақтайтын қасиеті бар. Осы сияқты ұмытытылған тұрмыстық салттарымыз толып жатыр. Аталарымыз тек далада ғана емес, ағашты, орманды жерлерді де жайлаған ғой, сонда айтулы ағаш ұсталары болған» дейді ағаш шебері Таңатқан ағай.

Шараға жиналғандар қазақ және түрлі ұлыстар әндері мен күйлерінен тұратын концертті тамашалады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай