Қазақстан • 26 Қыркүйек, 2018

Қостанайда төртінші Цифрлы ХҚО ашылды

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қостанай қаласында цифрлы халыққа қызмет көрсету орталығын ашты.

Қостанайда төртінші Цифрлы ХҚО ашылды

Бұл республикадағы төртінші цифрлы ХҚО екенін айта кетсек дейміз. Осындай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қызмет көрсетуде. Бұнда азаматтар мемлекеттік қызметтерді өздігінше, операторлардың көмегінсіз ала алады. Сондай-ақ орталықта цифрлы сауаттылықты арттыруға арналған оқу бөлмесі жабдықталған.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтарды мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға үйретуіміз қажет. Бұл үшін осындай орталықтарды барлық облыс орталықтарында ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта цифрлы халыққа қызмет көрсету орталықтары Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бар. Ал Қостанай қаласы үш мегаполистен кейін цифрлы ХҚО ашылған алғашқы облыс орталығы болды», дейді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қостанай облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Азамат Имамбеков.

Сонымен қатар ол Цифрлы ХҚО Тәуелсіздік көшесі 46 мекенжайында орын тепкен ғимараттың  бірінші қабатында орналасқанын, ал аталған ғимараттың екінші қабатына Қостанай қаласының №1 ХҚО-сы көшкенін тілге тиек етті.

 «Осыған дейін бөлім Тәуелсіздік, 114 мекенжайы бойынша орналасқан болатын. Тұрғындар тарапы осы бөлімдегі жағдайды жақсартуды талап етіп, жиі шағымданатын еді. Ескертулер есепке алынып, заманға сай ғимаратқа көшірілген №1 бөлім операторлар қызмет көрсететін 21 жұмыс үстелімен жабдықталды. Сондай-ақ Қостанай қаласының әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша бөлімдері де осы ғимаратта қызмет ұсынып, жұмыс істейді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары дүйсенбі - сенбі аралығында таңнан кешке дейін үзіліссіз жұмыс істейді», дейді А.Имамбеков.