Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2018

Ақтөбе облысында тұрақтандыру қорын құруға 309 млн теңге бөлінді

386 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайн Сарсембай мәлімдеді.

Ақтөбе облысында тұрақтандыру қорын құруға 309 млн теңге бөлінді

Оның айтуы бойынша өңірлік тұрақтандыру қоры - бұл облыс аумағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, аграрлық азық-түлік нарығының реттелуіне ықпал ету үшін құрылған азық-түлік тауарларының жедел қоры.

Жалпы алғанда, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыруға ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 309 млн.теңге бөлінді. Қордың операторы "Базарларды басқару" ЖШС мемлекеттік-жеке меншік кәсіпорын негізіндегі  «ҰК ӘКК «Ақтөбе» АҚ болып табылады.

«Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 247 тонна қант, 100,5 тонна өсімдік майы, 27 тонна күріш, 111 тонна ұн сақталуда. Сонымен қатар, 2018-2019 жылғы маусымаралық кезеңде 1 880 тонна картоп пен көкөніс сатып алу үшін фьючерстік келісімшарттар жасалды. «Пригородное» АШФ» ЖШС 500 тонна картоп, 100 тонна сәбіз, 200 тонна пияз, 80 тонна қырыққабат, ал «Актеп» ЖШС - 1000 тонна картоп жеткізеді», - деп толықтырды басқарма басшысы.  

Айта кетейік, тұрақтандыру қорының өнімдері Ақтөбедегі 10 әлеуметтік павильонда, 2 әлеуметтік дүкен мен 10 шағын-базарда, сондай-ақ  «Табыс» базарында сатылады.