Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

Елордада БАҚ өкілдерінің басын қосқан айтулы шара басталды

409 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы «Қаз­медиа» орталығында дәс­түрлі «Astana Media Week» медиа-апталығы басталды. Басты тақырып – «DIGITAL MEDIA». Үш күн­ге созылатын шараға Қазақ­стан ғана емес, алыс-жа­қыннан шетелдік медиа­индустрияның топ-менеджерлері, елуден ас­там продакшн-компания өкілдері, аймақтық-шетелдік бұқаралық ақпа­рат өкілдері қатысуда.

Елордада БАҚ өкілдерінің басын қосқан айтулы шара басталды

«Astana Media Week» – дәс­түр­лі түрде жыл сайын еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұйымдастыратын Орталық Азия аймағындағы кең ауқымды салалық іс-шаралар сериясы. Шараның негізгі мақсаты – отандық медиасфераны дамытып, медиаиндустриямыздағы іскерлік қарым-қатынастарды жандандыру. Медиа апталыққа қатысушылар қатары арта түс­кені биыл анық байқалды. Себебі мұнда бірнеше елдің журналистика майталмандары тәжірибесімен бөлісіп, медианарықты дамытуға қатысты ортақ мәселелерді кеңі­нен талқылайды. Бір-бірімен байланыстарын нығайтып, сапалы өнімдерімен алмасады. Үш күн ішінде еліміздің айтулы медиа шарасы аясында қатысушылар коммуникация, медиа-менеджмент және әлеу­меттік желілер бойынша өтетін шеберлік сыныптарына қатысып, өздеріне қажетті мол ақпаратпен сусындайтын болады. 

Былтырғы «Astana Media Week» шеңберінде елімізде ал­ғаш рет контент-маркет өткі­зіл­ген болатын. Биыл да сол дәстүр­ден жаңылмай, ашылған кон­тент-маркет көрмесінде отандық және аймақтық 15 телеарнаның таныстырылым стенді орнатылып, көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен бірге контент-маркет көрмесіне еліміздің барлық өңірлерінен продакшн-компаниялар мен жетекші вендингтік компаниялар қатысып, олар жаңа телебағдарламалардың, реалити-шоулардың, мультфильмдердің, көркем фильмдер мен деректі фильмдердің тұсаукесері ретінде, инвесторлар табу мақсатында өз жобасын таныстыру үшін питчинг өткізді. Яғни көрме аясында қазақстандық продакшн-студиялар өз өнімдеріне инвестор табу мақсатында белсенді жұмыс атқаруға, өз медиа өнімдерін шетелге шығаруға мүмкіндік алды. 

Себебі медиа-апталық қыз­метіне Беларусь, Ресей, Түр­кия және Өзбек­стан өкіл­дері қатысуда. Продакшн-компаниялар мен PR қауым­д­ас­тықтардан арнайы қа­тысып жат­қандар отандық медиа­­нарық өкіл­дерінің шығар­ма­­шы­лығына қызығу­шылық танытса, өз кезегінде біздің аза­маттар шетелдік медиа сферамен байланысты жаңа деңгейге көте­руге ынталанары анық. Мәселен, форум аясында «Қа­зақстан» РТРК» АҚ мен құра­мына Өзбекстанның 20-дан ас­там үздік арналары кіретін Өзбек Ұлттық телерадиоком­паниясы арасында серіктестік жайлы меморандум бекітілді. Меморандум «Қазақстан» кор­порациясының медиаактивтері мен Өзбекстанның 20-дан аса телеарналары және радиолары арасында еркін форматта бірлесе отырып, жұмыс жасауға мүмкіндік береді.

«Astana Media Week» шарасы бұқаралық ақпарат құралдарын, яғни тек қалам ұстаған қауымды жинап жатқан жоқ. Аталған шара медиа саласындағы, ақ­па­рат нарығын­дағы өнім шығаруға атсалысатын түр­лі мамандар мен билік өкілдерін тоғыс­тыруда.

Қазақ­станның цифрлы са­уат­ты­лық пен байланыс сапа­сын көтеру бағы­тында жүр­гізіп жатқан жұмыс­тары соң­ғы уақытта жаңаша өріс алға­ны бел­гілі. Бұл ақпарат тұты­ну­­шы­­­лары­ның талғамына ұсыны­ла­тын медиа өнімнің сапасын арт­тыруға міндеттейді. Түптеп кел­генде, таң­даудың молдығы халық­тың осылайша өзі қалайтын ақпа­рат­тарды таңдап, ой-өрісін кеңей­тетіні ақиқат. Заманауи контент­тердің көптігі тұтынушы сана­сы­ның жаңғыруына көмектес­се, отандық продакшн-ком­пания­ларға медиаиндустрия алып­тарымен тікелей қарым-қаты­нас жасап, инвесторлар тартуына зор мүмкіндік береді. Міне, «Astana Media Week»-тің көздеп отырған негізгі мақсаттарының бірі осы. 

«Қазмедиада» басталған ірі медиа шараның ашылу салтанатына Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев шетелдік әріптестері Өзбек Ұлттық теле­радио­кешенінің төрағасы Әлі­шер Хаджаев пен Түркия радио және телевизия корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Мехмет Йылдырым, Беларусь Ақпарат министрінің бірінші орынбасары Павел Легкиймен бірге қатысты. 

Алдымен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз алып, аймақтық ірі медиа-апталықты салтанатты түрде ашты. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық медиа саланы дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөліп отырады. Осымен екінші рет өтіп жатқан ауқымы кең шара еліміздің ғана емес, аймақтағы медианарықты қалыптастыруға, одан әрі дамыту­ға серпін береді деп сенемін. Өйт­кені елорда төрінде қазақстан­дық бұқаралық ақпарат құралдары­­нан бөлек, шетелдік әріптестеріміз де өз ойларын ортаға салады. Бұл шараның басты мақсаты – отандық медианарықты жан-жақты дамыту, мәдени-ақпараттық байланыс­тарды тереңдету. Байланысы мық­ты мемлекеттің қорғанысы да қуат­ты», деген Дәурен Абаев медиа-апта­лыққа қатысуға ниет білдіруші әріп­тес­тердің қатары көбейіп келе жат­қанын жеткізді. 

Озық тәжірибелермен танысу, пікір алмасу, шығармашылық шебер­ліктерін шыңдауға, жаңа технологияларды ел игілігіне жарату туралы ұсыныстар медиа-апта­лық­қа қатысушылар үшін үлкен мүм­кіндік екеніне басымдық бере сөй­леген министр, шараның медиа сала­сы­ның кәсіби майталмандарын жинап, қоғамдағы мәсе­лелердің кең ауқы­мын талқы­лай­тын конструк­тивті сұқбат алаңы екеніне тоқталды. 

«Бүгінде бұқаралық коммуникация саласы – қоғамдық даму­дың ма­ңыз­ды құрамдас бөлігі­­нің бірі. Осы орайда, сіздердің тың, жаңа ойларыңыз, идеяларыңыз ақпараттық ландшафтты өзгертіп қана қоймай, саясат пен қаржы, ауыл шаруашылығы мен спортқа дейін­гі аралықтағы түрлі салалар­дағы про­цес­терге жаңа серпін береді. Осы тұр­ғыдан алғанда, өзек­ті мә­селе­лерді кең талқыға салу ма­ңыз­ды­лығы арта түседі. Себебі сол арқылы нақты қалай, қандай бағытта жұмыс істеу керектігінің алгоритмі түзіледі. Осы мақсатта медиа-апталық журналистер мен билік өкілдерін ғана жинамай, PR қауымдастықтар мен шетелдік сарапшы мамандардың басын біріктіріп отыр. Форум жер­гілікті БАҚ өкілдеріне де тәжірибе алмасу және шеберлігін шыңдау үшін таптырмас тиімді алаңға айналып отыр», деді министр.

Бұдан соң Ақпарат және коммуникациялар министрі шетелдік әріптестерімен бірге отандық продакшн-компаниялар мен телеарналар ұсынған контент-маркетті аралап, отандық таныстырылым стендтерін тамашалады. 

Үш күндік шараның жұмысына 2 мыңнан аса қонақ қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында жер­гілікті және шетелдік медиаин­дус­трияның алпыстан астам топ-менеджері, яғни басшылары мен елуге жуық продакшн-компания өкілдері бар. Медиа-апталықтың үш күндік бағдарламасы тізімінде контент-маркет көрмесінен басқа, аймақтық БАҚ-тар форумын, Astana Digital Forum шарасын өткізу жос­пары бар. Онда медиа саласындағы өзекті тақырыптар талқыланады. Мәселен, отандық медианарықты дамыту, келешектің мамандығы, медиа сауаттылық және білім мәселелері көтеріледі.

Ал ертең еліміздің түкпір-түк­пі­рінен келген журналистер елор­даға жиналмақ. Олар «Astana Media Week» шеңберінде Өңірлік БАҚ альянсы ұйымдастыратын аймақтық БАҚ өкілдерінің форумына қатысатын болады. Форум бағдарламасына сәйкес масс-медиа жұмысына қатысты заңнамаларды өзгерту, медиа сауаттылықты дамыту, медианы сандық трансформациялау тақырыптарына арналған бірнеше сессиялар бар. 

Медиа-апталықтың соңғы күні де пайдалы шараларға толы болмақ. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Өңірлік БАҚ альянсымен бірге орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі қызметкерлері мен түрлі саладағы журналистер үшін семинарлар өткізбек. Онда баспасөз қызметтерінің өкілдеріне БАҚ-пен тиімді жұмыс жүргізудің, медиа жұмысының ажырамас бөлігі SMM-ді (Social media Marketing) жүргізудің қыр-сыры үйретілетін болады. Сонымен бірге, сарапшылар іскерлік байланыс орнатудың ма­ңыз­­дылығы мен медиа жоспарлау тиім­ділігін, заманауи медиа трендтер жа­йын талқылап, стратегиялық ой­лау­ды дамыту құпияларымен бөліспек.

«Astana Media Week»-тің алғаш­қы күні медиа-контентке тапсырыс беруші ірі телевизиялық және радио-компаниялар мен медиаөн­діріс нарығындағы жеке компаниялар, продакшн-студиялар мен шығар­машылық ұжымдар, продюсерлік орталықтар және медиаөнімдер ұсынатын түрлі ұйымдар арасында іскерлік байланыстар орнатуға арналды. Яғни шара отандық медиа­өнімді өндіру, сату-сатып алу, шы­ғар­машылық идеялармен алмасу­дың қайнаған ортасына айналды. Медиа-апталықтың алғашқы күні қо­нақ­тар қатарында болған, ұлт­тық брендке айналып үлгерген бүр­кіт­ші қыз Айшолпан, «Томирис» кино­фильміне түскен Альмира Тұр­сын және басқалар шетелдік қонақ­тарға мақтанышпен көрсететін отан­дық медианың жаңа келбетін көрсетті. 

Ауқымды шара еліміздің аймақ­­т­арындағы байланыстың жаңа ба­ғытта дамуына, бизнес әлемін­дегі әріптестерімен тиімді іскер­лік бай­ланыстар орнатуға және отан­дық медиа саласының шетелдік серіктес­термен халықаралық ынты­мақ­­тас­тығын нығайтуға септігін тигізері анық. 

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»